Инфляцияны тежеу мәселесіне арналған апталық кеңесте жыл соңына дейін инфляцияны тұрақтандыруға қатысты қабылданатын шаралар сөз болды. Бүгінде жылдық инфляцияның негізгі қозғаушысы ақылы қызметтер болып отыр. Қыркүйекте ақылы қызметтердің өсу қарқыны бәсеңдеп, тамыздағы 1,4%-бен салыстырғанда 1%-ға дейін төмендеген.
Өйткені биылға жоспарланған коммуналдық қызмет тарифтерін түзету шаралары аяқталды. Бұған дейін айтылғандай, қазан айынан бастап коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру жоспарда жоқ.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да тұрақталып келеді. Қыркүйектің соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік индексі өспеді. Қант, тұз, макарон, күріш, сүт және әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы арзандады. Жалпы, қыркүйек айында нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасы – 0,1%-ға, ет және ет өнімдері – 0,2%-ға, май мен тоң май – 0,2%-ға, жұмыртқа – 3,1%-ға, жемістер мен көкөністер 1,9%-ға төмендеді. Қырыққабат бағасының айтарлықтай төмендеуін ерекше атап өтуге болады. Оның бағасы жылдың бірінші жартысында жоғары қарқынмен өскен еді, ал мамыр айымен салыстырғанда 52%-ға арзандады. Сондай-ақ басқа маусымдық көкөністер мен жемістердің бағасы да айтарлықтай түсті.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, барлық өңірде отандық өндірушілермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын жыл соңына дейін тұрақтандыру туралы келіссөз жүргізілді. Қазан мен желтоқсан аралығында демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, ел бойынша аптасына бір рет жалпы саны 1 619 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді деп жоспарланып отыр.
Астанадағы ірі сауда желілері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, сиыр етін өндірушілерден тікелей сатып алуға арналған акцияны сәтті өткізіп жатыр. Бұл тәжірибе тиімділігін дәлелдеп, енді өңірлерге кеңінен таратылмақ.
«Береке Fest» акциясы аясында еліміздің 80 сауда желісі агрофирмаларға ет пен басқа да әлеуметтік маңызды өнімдерді тікелей супермаркет сөрелеріне жеткізуге мүмкіндік берді. Сауда желілері әлеуметтік жауапкершілік танытып, осындай өнімдер үшін арнайы бұрыштар ұйымдастырды. Қазір әкімдіктер және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Республика күніне арналған мерекелік жәрмеңкелер мен акцияларды ұйымдастырып жатырмыз», деді А.Бижанова.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірлердің басым бөлігі тұрақтандыру қорларына жаңа өнімдерді қабылдау келісімдерін аяқтаған. Жалпы өнім көлемі – 245 мың тонна, оның ішінде 146,7 мың тонна картоп, 35,3 мың тонна сәбіз, 27,4 мың тонна пияз және 36 мың тонна қырыққабат бар. Ақтөбе және Ұлытау облыстарында қырыққабат сатып алу 50%-дан сәл ғана асқан, бұл жерде кешеуілдеу байқалады. Вице-премьер министрліктен осы өңірлерге жеткізушілерді іздеуге қолдау көрсетуді тапсырды.