• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:53

Ұстаздар қызметіне оң баға берілді

20 рет
көрсетілді

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген «TALIS-2024» сабақ беру және оқытудың халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, еліміздің білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған білім беру саласын дамыту және педагог мәртебесін арттыру шараларының тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

«TALIS» зерттеуі білім беру ортасын, педагогтердің еңбек жағ­дайларын, кәсіби даму мүмкін­діктерін, оқыту тәжірибесін және кәсіби ұстанымдарын бағалайды. Зерттеуге елімізден 7 мыңнан астам педагог және 369 мектеп директоры қатысты. Оқу-ағарту министрлігі бұл мұғалімдердің оқу ортасын және еңбек жағдайларын жақсарту­ға бағытталған кең ауқымдағы жалғыз халықаралық зерттеу екенін атап өтті. 2018 жылмен салы­стырғанда педагогтерді әкім­шілік жұмыстарға тарту аза­йып, олар сабақ беруге және ата-аналармен, қамқор­шы­лар­­мен байланысқа көбірек уақыт бөле бастаған. Сондай-ақ маман­ды­ғына және еңбек жағдайына қана­ғаттану деңгейі едәуір артқан.

Одан бөлек, зерттеу нәтиже­лері педагогтердің еңбек жағда­йын­да айтарлықтай оң өзге­ріс­тер болғанын көрсетеді. Өткен оқу жылында педагогтердің ор­­та­ша апталық жүктемесі 36 сағат­­ты құрады. Ал 2018 жылы бұл көр­сеткіш 50 сағат болған. Мұн­­­­дай қысқарту – ЭЫДҰ ел­дері­­­нің ішінде ерекше жағдай. Со­ны­­мен қатар еліміздегі педа­­гогтердің орташа жасы 41 жас­ты құрады, бұл ЭЫДҰ-дегі орта­ша көрсеткіштен 4 жасқа төмен.

Маңызды нәтижелердің тағы бірі – педагогтердің еңбек жағдайларына және жалақысына қанағаттанушылық деңгейінің көтерілуі. Сауалнама деректері бойынша, педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80%-ы мамандықты қайта таңдаса, қайтадан мұғалім болуды қалайтынын айтқан.

Елімізде «TALIS» зерт­теуін үйлестірумен Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы айналысады.