Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда экономиканы ырықтандыру (либерализациялау) туралы былтыр қол қойылған Жарлықтың орындалмай жатқанын айтты. Үдерісті жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бизнесті дамыту үшін қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, нақты талдау жүргізу қажет. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі базасында реттеуші интеллект орталығы құрылмақ. Бұл орталық заңнаманы ыңғайлы етіп, артық кедергілерді жойып, кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптастырады.
Бизнестің бәсі биік болу керек
«Заңнаманы күрделендірудің керегі жоқ. Оны кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеу қажет. Министрлер мен әкімдер түпкілікті нәтижеге жету үшін жауапкершілікті арттырсын», деген еді Президент.
Дүниежүзілік банктің «Economic Liberalization and Growth in Developing Countries» зерттеуінде айтылғандай, экономиканы ырықтандыру – мемлекеттің нарыққа араласуын азайтып, бизнестің еркін жұмыс істеуіне жол ашу. Яғни бағаны, тарифті, субсидияны үкімет емес, нарықтың өзі анықтайды.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет ережелерді ғана белгілейді, ал қалғанын кәсіпкерлер әрі сұраныс пен ұсыныс заңы шешеді. Мұндай тәсіл бастапқыда бағаны өсіріп, әлекке салуы мүмкін. Бірақ алысқа көз тастар болсақ, экономика тұрақты әрі бәсекеге қабілетті бола түседі.
Экономист Алмас Чукиннің сөзіне сүйенсек, мәселе тек заңда емес, ойлау жүйесінде.
«Үкіметтің экономикадағы рөлі тым үлкен. Бізде мемлекет әлі күнге дейін «негізгі құрылысшы» рөлінде. Не салу керек, кімге тапсырыс беру керек – бәрін өзі шешеді. Ырықтандыру дегеніміз – керісінше, мемлекеттің емес, бизнестің бастамасын күшейту. Үкімет тек ережені анықтап, әділ бақылайтын арбитр болуға тиіс.Тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономикалық өсім мен инновация еркіндік бар жерде ғана пайда болады. Америка мысалы осының дәлелі. Онда президент мектеп те, зауыт та салмайды, бірақ нарық жұмыс істейді. Себебі бизнес өз бетімен дамуға мүмкіндік алады, мемлекет тек әділ бәсекенің кепілі. Бізге де дәл осындай жаңа парадигма қажет», дейді экономист.
Үдеріс бар, нәтиже де болады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Ұлттық жекешелендіру кеңсесінің қатысуымен мемлекеттік үлесі бар 450-ден астам кәсіпорын жеке секторға беруге ұсынылған.
«Біздің жасап жатқанымыздың бәрі экономикаға мемлекеттің араласу үлесін қысқарту мен экономиканы нарықтық негізде дамыту саясатына саяды. Сонымен қатар агенттік тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Биржалық қызмет заңнамаға және қазіргі нарық талаптарына сәйкестендірілген. Егер бұған дейін елде 22 тауар биржасы болса, қазір олардың нақты жұмыс істеп тұрғаны 3-еу ғана. Бұл саладағы бақылау тетіктері реттеліп, артық құрылымдар қысқартылған. Мемлекет басшысы бізге бірқатар тапсырма берген еді. Негізгі экономикалық секторларда әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау бағытында нақты шаралар қабылдауды жүктеген-тұғын. Жұмыс жүріп жатыр», деді ол.
Қазақстан инвесторлар қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақовтың айтуынша, еліміздің экономикасы кем дегенде жартылай өңдеу өнеркәсібіне сүйенуі керек. Оның пікірінше, тұрақты әрі тәуелсіз экономика құру үшін басты назар шикізатты емес, дайын өнім өндіруге бағытталуы қажет. Қазір біршама нәтиже бар. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн 2 есе өсіп, шамамен 17 трлн теңгеге жетті.
«Егер мақсат ІЖӨ-ні екі еселеу болса, онда өңдеу өнеркәсібінің үлесі кем дегенде 50% болуға тиіс. Бұл үлкен әрі батыл мақсат, десе де жетуге болады. Кейінгі жылдары инвестиция тек шикізат саласына емес, өңдеу секторына да келе бастады. Мысалы, автокөлік өндірісі мен фармацевтикада жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Бұдан да биік белеске шығамыз десек, бізге тек «бір терезе» қағидаты емес, толыққанды онлайн платформа қажет. Инвестор мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, бизнес тіркеу, жер алу, инфрақұрылым мен салық мәселесін бір жерден шешуі керек», дейді Б.Ақшолақов.
Оның пікірінше, қазір инвестиция тартуға кедергі келтіріп отырған үш негізгі фактор бар. Олар – мемлекеттік органдардың өзара үйлесімсіз жұмысы, артық бюрократия және экономиканы ырықтандырудың баяу жүруі.
«Мемлекет әлі де жеке сектордың өз бетімен дами алатын салаларына араласып отыр. Ал шын мәнінде, бизнеске көбірек еркіндік беретін уақыт келді. Қазіргі экономикалық жүйе мемлекеттік құрылымдардың бақылау функцияларына тым тәуелді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің бастамасын тежеп, жаңа инвестициялардың келуін баяулатады. Мемлекеттік саясаттың басты қағидасы «мемлекет – қызмет» деген ұстанымға негізделуге тиіс. Яғни шенеуніктер бизнеске кедергі келтірмей, керісінше, оны дамытуға жағдай жасауы қажет. Егер бизнеске сенім артылса, ол өздігінен экономикалық өсім мен жұмыс орындарын өрге сүйрейді. Қазір бізде осыған қатысты 21 кодекс, 300 заң және 400 мыңға жуық нормативтік акт бар. Алдымен осының бәрін реттеу керек», дейді қауымдастық төрағасы.
Шикізатқа тәуелділік басым
Экономист, қаржы сарапшысы Мұрат Темірхановтың айтуынша, еліміздегі реформалар мұнай бағасына тәуелді. Сосын да былтыр қол қойылған Жарлық әлі орындалған жоқ.
«Біз әлі де шикізатқа тәуелдіміз. Экспорттың 85%-ы – мұнай, металл және астық. Индустриялық-инновациялық даму туралы көп айтылады, бірақ нақты нәтиже жоқ. Қазір экономика субсидияға сүйеніп тұр. Экспорттың тек 5%-ы ғана бәсекеге қабілетті. Бір қолымен субсидия береді, екінші қолымен қарыз алады. Ал бюджет бос», дейді сарапшы.
Оның сөзінше, тіпті мемлекет қолдауынсыз өмір сүре алмайтын кәсіпорындар көбейіп кеткен.
«Өткен жылы шағын және орта бизнеске 2 трлн теңге бөлінді. Бірақ бұл ақша кәсіпорындардың тек 1,5%-ына жетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығы қоғамда үлкен үміт тудырған еді. Бірақ ол орындалмады. Керісінше, мемлекеттік меншіктің үлесі артып барады. Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» небәрі 3%-ы ғана жекешелендірілді. Мемлекет рөлін қысқартпай, нарық еркіндігін дамыту мүмкін емесін ұғынар уақыт жетті», дейді М.Темірханов.
Қаржы сарапшысы мұнай бағасы төмендесе, жағдай одан әрі қиындайтынын да ескертті.
«Келесі жылы мұнай өндірісі баяулайды. Егер баға 70–80 доллардан төмен түссе, бюджетке қысым күшейеді. Салық өседі, белсенділік азаяды. Өсу қарқыны 3,5–4% деңгейінде қалады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк те осындай болжам жасап отыр», деді ол.