• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:25

Көкшедегі «Көк шалғын»

20 рет
көрсетілді

Биыл Көкшетау қаласы іргесіндегі Қопа көлінің жағасы абаттандырылып, әдемі демалыс орталығына айналды. Көз жауын алатын әдемі көрініске күні кеше ашылған «Көк шалғын» гүлзары әсемдік үстеді.

«Көк шалғын» гүлзары Мәң­гілік алау мемориалдық кешені, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы мен Мақтай Сағдиев көшесін өзара тұтастырып, байланыстырады. Мейлінше қысқа мерзімде атқарылған жұмыс өз нәтижесін беріп, отырғызылған ағаштар мен көп жылдық жапырақты екпелер, гүлдер өсіп-өніп, берік үйлесім тауып кетсе, бұл ара нағыз көңіл тоғайтып, көз қызықтырар демалыс аумағы болғалы тұр. Осы заманғы 11, 14 метрлік шабдал шамдардың, жаңа бедертастағы жайлы орындықтар мен көзге жылы декоративтік сәулелердің арасында әсіресе, кешкі мезгілде қыдырып жүретін адамдар көбейді.

– Біз бұл қоғамдық кеңіс­тікті қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, қала халқы мен қонақтарының демалысына жаңаша сипат беру мақсатында жасадық. Өркениеттің сыннан өткен технологияларын қолдандық. Мұның бәрі тұр­ғындарға қолайлы өмір сүру, дұрыс демалу жағдайларын туғызу тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстар, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахмет­жанов гүлзардың ашылу салтанатында.

Бұл пікірді одан әрі дамыта түскен осы жобаның авторы, алматылық ландшафты сәулетші-урбанист Роман Шнайдерман:

– «Көк шалғын» – қоғамдық кеңістіктер желісі. Ол 2,5 шақы­рым аралықты қала орта­лығы­мен қосып, жаңа жағалауға дейін баратын болады. Сөйтіп, тұр­ғындар «Көк шалғын» бо­йымен толық­қанды демалу­дың пайдасы мен тиімділігін өз көңіл-күйлері арқылы барынша кеңінен сезіне түседі, – деді.

Келер жылы жағалаудың өн бойы тың нысандармен толыға түсуге тиіс. Сарыарқа шағын ауда­нында УЕФА стандарттарына сай, заманауи 10 мың орындық стадионның құрылы­сы жоспарланып отыр. Таяу бола­шақта 20 қабатты тұрғын үйлер де салына бастайды.

Өңір басшысы қала тұрғын­дарының назарын жаңа құрылыс нысандарына ұқыптылықпен қарау қажеттілігіне аударды. Аллеяларда бейнекамера­лар орнатылады. Қоғамдық тәр­тіпті бұзушылар мен жасалып жатқан игілікке нұсқан кел­тіру­шілер заң жүзінде қатаң жауап­кершілікке тартылатын болады.

Жаңа қоғамдық кеңістікті ашу салтанаты нағыз мерекеге ай­налды. Даңқ аллеясында Ана­лар кеңесі сәндік-қол­данбалы өнер көрмесін ұйым­дас­тырды. Батыр, академик Мәлік Ғабдуллин ескерт­кіші тұрған алаңға батыр музейінің көш­пелі экспонаттары қойыл­ды. «Қоғамдық келісім» қауым­дастығы мен этно-мәдени бір­лестік­тердің өкілдері де халықты өзде­рінің көзтартар бұйым­дарымен қуантты.

 

КӨКШЕТАУ