Жайық өзеніне қойылған қалқыма сорғы Көшім суармалы-суландыру жүйесіне су жібере бастады. Қыркүйек айында іске қосылған станса Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарын сумен қамтуға шамамен 50 млн текше метр су айдайды.
Көшім суармалы-суландыру жүйесі – Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Қазталов, Тасқала аудандарын сумен қамтамасыз етіп тұрған күретамыр саналады. Жүйе бойындағы 4 ірі су қоймасын, жүздеген шақырымға созылып жатқан су арнасының қалыпты қызметін қамтамасыз етуге Жайықтан жылына 600 млн текше метр су түсіп тұруға тиіс. Бірақ кейінгі жылдары өзен деңгейі тым төмендеп кеткендіктен, Көшім жүйесі де судан тапшылық көріп отыр. Тек былтыр, алапат су тасқыны кезінде ғана Жайық көтеріліп, Көшім жүйесіне 770 млн текше метрдей су өздігінен құйылды. Бірақ жылда бұлай бола бермейді. 2019 жылы жүйеге бар болғаны 159 млн текше метр су түскен. Биыл да Жайық қайта түсіп кетті.
«Біз бұл жұмысты екі жыл бұрын жоспарлап, сорғыларды дайындап қойғанбыз. Бірақ былтырғы су тасқыны кезінде стансаны қосуға қажеттілік болмай қалды. Қазірде судың деңгейі түсуіне байланысты сорғыны қосып, механикалық әдіспен Жайық суын Көшім арнасына жіберіп жатырмыз. Өйткені оңтүстіктегі 5 ауданның мал суаттары, суармалы жерлері осы Жайық-Көшім жүйесіне жүктелген. Жайық-Көшім бойында орналасқан шаруа қожалықтары мен елді мекендер осы суды пайдаланып отыр», дейді «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайынов.
Сорғы стансасының инженер маманы Асылбек Хайруллиннің айтуынша, қазір бұл жерде әрқайсысының қуаты 400 киловаттық 4 насос жұмыс істеп тұр. Бір насос секундына 1,66 текше метр су жібереді. Сонда тәулігіне шамамен 600 мың текше метр су алынып жатыр.
Стратегиялық маңызы бар су ресурстарын тиімді басқару жайына Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында баса мән берді. Өңір халқын су ресурстарымен сенімді қамтамасыз ету, су шығындарын азайту мақсатында «Қазсушар» филиалы Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесе отырып, бірқатар іс-шараны жүзеге асыруға кірісті. Соның маңыздылары – жоғарыда айтылған Жайық-Көшім жүйесі бойындағы Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймалары мен 7 магистралдық каналды қайта жаңғырту. Қазір мұның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бір жаңалық – болашақта суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі.
«Биылғы жылдың соңына дейін Киров су қоймасын қайта жаңғырту жұмысы толық бітіп, пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, қазір Жайық-Көшім жүйесінің Жайықтан шығатын табиғи арнасын тазартып жатырмыз. Сондай-ақ Жәнібек жүйесі де толық жаңғыртылады. Ол жұмыс басталып та кетті, қазір қажетті заттар сатып алынып жатыр», дейді Р.Құсайынов.
Сонымен қатар өңірде көптен күткен Жалпақтал су қоймасының да құрылысы таяу уақытта басталады. Бұдан бөлек, қазірде жүзеге асырылып жатқан Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Көшім магистралдық каналы мен Шаған өзені тармағын механикамен тазарту, жаңадан басталатын Жәнібек суландыру жүйесіне жүктелген 192 шақырым арналарды қайта жаңғырту жобаларында да автоматтандыруды енгізу жұмыстары қарастырылған.
Жыл сайын су шаруашылығы жүйелері мен олардың негізгі жабдықтарының нақты техникалық жағдайын бағалау мақсатында, гидротехникалық имараттарға көпфакторлы зерттеу жүргізіледі. Бұл зерттеулер имараттарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік беріп, болашақ жобалау жұмыстарына негіз болады. 2024 жылы 3 нысанда осындай зерттеу жасалса, биыл тағы 4 нысанда зерттеу жүргізіліп жатыр.
«2024 жылы 13 нысанға жай жөндеу жасалды. 74 шақырым канал ішінара механикалық тазартылды. 2025 жылы 26 нысанды жөндеп, 144 шақырым арнаны тазалап жатырмыз. Бүгінде 11 нысан жөнделіп, 100 шақырымнан аса арна тазартылды, жұмыс жалғасып жатыр», дейді «Қазсушар» филиалының басшысы.
Жалпы көлемі 28,0 млн текшеметр су жинайтын Жалпақтал су қоймасын салу, Тасқала ауданының Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту ісін Ислам даму банкі қаржыландырады деп жоспарланып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігі қолдап, кейінгі екі жылда филиалдың автокөлік, арнайы жер қазу-құрылыс техникасы паркі едәуір жаңартылды. 2024–2025 жылдары мұнда 67 техника сатып алу жоспарланған болса, қазірде оның 51-і жеткізілді. Бұл техника филиалдың қызметін күшейтіп, су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру ісін сапалы, уақтылы орындауға септігін тигізеді.
«2024–2028 жылдарға арналған Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес облыста 127 іс-шара атқару жоспарланған. Өңір басшысының тапсырмасымен, облыстағы суармалы-суландыру жүйесін бірыңғай басқару тәсіліне келтіру мақсатында министрлікпен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Жайық-Көшім, Жәнібек суармалы жүйелеріне тиесілі ұзындығы 826 шақырым болатын канал мен жалпы ауданы 57,0 мың гектарды құрайтын көлдете суармалау жүйесін коммуналдық меншіктен республикалық меншікке алмастырамыз. Бұл жұмыс жыл соңына дейін толық аяқталады. Содан кейін бірден қалпына келтіруге кірісеміз», дейді Р.Құсайынов.
Мемлекет басшысы «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі» екенін баса айтып отыр. Ендеше, аймақты сумен кепілді әрі ұтымды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс күн тәртібінен түспейді.
Батыс Қазақстан облысы