Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан жас шағынан бір-бірімен сыйласқан. Жақын араласқан кезі – Семей мұғалімдер семинариясында қатар оқыған шағы. Бұл ортада Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов те бар.
Саяси қуғын-сүргінге толы 30-жылдар да, қиын-қыстау 40-жылдар да өтті. Алаштан, елшіл талай азаматтан айырылды...
Қанекең, Мұқаң, Әлекең басы соғыстан соң Қазақстан ғылым академиясында тоғысты.
Қ.Сәтбаев – академия президенті. М.Әуезов – жазушылық пен әдебиеттану ғылымында көшбасшы.
Ә.Марғұлан – жаңа ғана енші алған қазақ ғылым ордасы археология бөлiмiнің басшысы. Кейін этнография бөлiмiне жетекшілік етті.
Академия құрыла сала корреспондент-мүше болып сайланған Әлекең 1958 жылы толық мүшелікке (академик) өтіп, ғылым төріндегі Қанекең мен Мұқаңның жанына сәтімен жайғасты.
Академик Әлкей Марғұлан біртуар Қаныш Сәтбаев жөнінде былай депті: «Егер Қаныш геологияның соңына түспей, бірыңғай әдебиет саласымен кетсе, аса талантты жазушының бірі болар еді. Мұны жас кезінде жазған новеллалары, әдебиет, музыка, би өнері туралы мақалалары, Абай, Жамбыл, Мұхтар хақындағы жазбалары айқын көрсетеді».
Мұқаң мен Әлекеңнен «Осы Қаныш геологияда артына қандай мұра қалдырды?» деп сұрағанда, олар бүй деп жауап қатқан: «Академик Қаныш Сәтбаевтың зерттеуі өте көп. Әйткенмен бір уақытта ол Қазақстанның жерасты қазба байлығы құпиясын түгел ашуды мақсатты түрде кідірткен. Сірә, ел болашағын ойласа керек. Дана ғой. Жарықтық сөзін «Қазақстан қазынасы ұрпағымыз үшін қажет!..» деп түйіндеуші еді».
Қанекең көзі тірісінде М.Әуезов пен Ә.Марғұланды лайықты бағалаған.
Ұлттың тұңғыш академигі ғылым маңдай термен келетінін жиі қаперге салған. Әлекең амандаса барған жастарға: «Қаныш ағаларың «Еңбек ширатады, өмір үйретеді» деп отыратын. Бұрынғыдан қалған «Көп іздеген көмбенің үстінен шығады» дегенді зерттеумен, жазумен байланыстырып айтатын» деген екен.
Сабыр ШӘРІП,
PhD