• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 10:51

Халық ақшасын қайда аударып жатыр

20 рет
көрсетілді

Ұлттық банк 2025 жылдың алғашқы жарты жылындағы төлем жүйесіне қатысты есеп жариялады. Есепте отандастарымыздың қалай және қайда ақша аударатыны, банк қызметтерін қаншалықты пайдаланатыны туралы мәлімет берілген, деп жазады Egemen.kz.

1 мың адамға 97 POS-терминал

Биыл елде 910 мыңнан астам кәсіпкерге тиесілі 1,146 млн сауда орнында 1,357 млн POS-терминал жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға көп. Қазір 1 мың адамға 97 терминалдан келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 84 болған. Ең көп терминал Алматыда, Астанада және Қарағанды облысында орналасқан. Үш өңір елдегі барлық терминалдың 40%-ын қамтиды.

Әр отандасымыздың төрт банк картасы бар

Онлайн-банкинг қолданушылар саны 12%-ға өсіп, 27,1 млн адамға жетті. Елде барлығы 81,7 млн төлем картасы бар. Соның 41,3 миллионы – белсенді, яғни айына кем дегенде бір рет пайдаланылады. Демек әрбір отандасымыздың орта есеппен төрт картасы бар, оның екеуі үнемі қолданыста.

Қолма-қол ақша шешу азайып жатыр

2025 жылдың бірінші жарты жылдығында халық 6,8 млрд төлем мен аударым жасады. Барлығының сомасы – 100,7 трлн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда саны бойынша 12%, ал көлемі бойынша 19%-ға көп. Барлық операцияның 98%-ы қолма-қол емес. Ал ақша шешу саны 4%-ға азайған, бірақ көлемі 9%-ға артқан. Орташа чек 112 мың теңге болған (былтыр 98 мың теңге еді).

Халықаралық ақша аударымдары азайды

2025 жылдың алғашқы жартысында халықаралық жүйелер арқылы 854,8 мың ақша аударымы жасалды. Барлығының сомасы – 337,8 млрд теңге. Бұл былтырғыдан 14,5%-ға аз. Шетелге кеткен ақша көлемі 321,2 млрд теңге болды, яғни 16%-ға төмендеді.

Аударымдардың 80%-ы «Золотая Корона» мен «Western Union» арқылы жүргізілді. Ал шетелден келген қаражаттың 99,9%-ы тегін (қайтарымсыз) аударымдар болған.

Азаматтарымыз ақшаны көбіне қай елдерге жібереді

Елімізден ең көп ақша Ресейге (31,7%), Өзбекстанға (29,7%), Түркияға (18,2%), Грузияға (6%) және Қырғызстанға (3,3%) аударылады. Бір шетелдік аударымның орташа сомасы – 398,9 мың теңге.

Қазақстанға келген ақша көлемі 12,5%-ға азайған. Елге 304,9 мың аударым жасалып, жалпы сомасы 105,4 млрд теңге болған. Ақша ең көп Ресейден (24%), АҚШ-тан (14,9%), Өзбекстаннан (10,3%), Түркиядан (9,5%) және Германиядан (7,7%) келген. Бір аударымның орташа сомасы – 345,6 мың теңге.