Арқалық ауруханасында 61 жастағы қала тұрғыны Тасболат Сақыпов ота үстінде жан тапсырды, деп жазады Egemen.kz.
Операцияны облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Евгений Ковалев жасаған. Марқұмның балалары «дәрігер мас күйінде ота жасады, әйтпесе, әкеміз ауруханаға өз аяғымен барған, жағдайы соншалықты мүшкіл емес еді» деп отыр.
«Дәрігердің аяғынан әрең тұрғанын, тіпті кабинетте ұйықтап қалғанын медбикелер де көрген. Нейрохирургтің өзі де тергеушілерге екі бокал сыра ішкенін мойындаған. Әкем басы қатты ауырып ауруханаға келген соң, мамандар компьтерлік томографияға түсіріп, қан тамырында ісік бар екенін, ота күрделі емес екенін айтқан», дейді марқұмның қызы Әсел Оспанова.
Әселдің сөзінше, сәтсіз отадан соң дәрігер сыртқа шығып, уайымдап күтіп отырған марқұмның туыстарына қайғылы жағдайды естіртудің орнына, бой тасалап кетіп қалмақ болған.
«Бауырым ота бөлмесіне кіріп, операция үстелінде беті жабық жатқан әкемді көреді де, ауруханадан шығып үлгермеген Евгений Ковалевті ұстап қалады. Дереу полицияға хабарласады. Кейін алкотестер арқылы дәрігердің мас екені анықталды», дейді Әсел.
Дәрігердің сау емес екені әлеуметтік желіде тараған видеодан да анық көрініп тұр. Марқұмның ұлы түсіріп алған видеода шайқалақтап әзер тұрған Евгений Ковалев қойылған сұраққа дұрыс жауап бере алмайды. Сау адам мен мас адамның диалогы былайша өрбиді.
– Неге массың?
– Неге? Сұрақ. Неге?
– Бұл қалай болды? Жағдайды неге түсіндірмейсіз?
– ...
– Бұл не? Мас күйде келдіңіз бе?
– Жоқ
– Қалай, жоқ. Мен көріп тұрмын ғой сау емес екеніңді.
– ...
Видеода марқұмның ұлы дәрігер мінген көліктің есігін ашып, ішінен пакет толы сыраның бос бөтелкелерін алып шығады.
Әрі қарай бейнежазбада полицияның қатысуымен жүріп жатқан медициналық куәландыру үдерісі көрсетіледі. Бұл жерде де алкотестердің дәрігердің қанындағы алкогольдің 3 промилледен жоғары екенін көрсетіп тұр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Арқалық қаласында ота жасау кезінде науқастың қайтыс болу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді» дейді облыстық ПД-ның баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Кеше облыстық жедел жәрдем орталығында осы оқиғаға қатысты баспасөз жиыны өткен. Брифингке денсаулық сақтау басқармасының басшысы келмеді. Журналистердің алдында облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері міндетін атқарушы Олег Мелешко мен медицина қызметкерлері кәсіподағы жергілікті филиалының төрайымы Татьяна Булгацевич сөйледі.
«Доктор Қостанайдан Арқалыққа реанимобилмен жеткізілді. Сол жерде ота жасады. Өкінішке қарай ота сәтсіз аяқталды. Науқас жан тапсырды. Марқұмның неден көз жұмғанын сот сараптамасы анықтайды», деді Олег Мелешко.
Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр болғанын түсіндіруге тырысты. Алайда құқықтық бағаны құзырлы орындар беретінін айтып, нейрохирургтің мас күйінде ота жасағаны туралы жақ ашқан жоқ.
Қазір елді дүрліктірген қайғылы оқиғанының мән-жайын полиция тексеріп жатыр. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау департаменті де ішкі қызметтік тексеру жұмысын бастады.
Қостанай облысы