• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:58

Цифрлық активтер қоры: Инфляциядан сақтайтын игілік

40 рет
көрсетілді

Әлемде қаржы жүйесі тез өзгеріп жатыр. Дамыған елдер ұлттық цифрлық валюта шығарып, қор жинау үдерісін де бас­тап кетті. Еліміз де осы жолды таңдап, цифрлық активтер экожүйесін құруды жоспарлап отыр. Осы орайда Президент Жолдауда Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құруды тапсырды. Оны Ұлттық банк басқармақ.

Биткоинмен ғана шектелмейді

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, Цифрлық трансформация жетекшісі Бинур Жаленовтің айтуынша, цифр­лық актив ұғымы тек биткоинмен шектелмейді.

«Биткоин – цифрлық ак­тив­­тер­дің бір түрі ғана. Де­мек, цифрлық активтер деп құн­дылығы бар кез келген цифр­лық нысанды айтамыз. Яғни крип­товалюта, стейблкоин, токендеу, цифрлық облигациялар. Тіпті цифрландырылған жылжымайтын мүлік те кіреді. Бұрын тек техноәуесқойлардың идеясы болып келген бұл құбылыс бүгінде жаһандық қаржы жүйе­сінің ажырамас бөлігіне айналды. Криптоиндустрияның капиталдануы 4 трлн долларға жақындап, әлемде шамамен 1 млрд адам осы активтердің иесі болып отыр», дейді ол.

Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, стейблкоиндер төлем құралы ретінде күнделікті өмірге еніп келеді. Былтыр олардың айналымы 27,6 трлн доллардан асып, «Visa» мен «Mastercard» халықаралық төлем жүйелерінің жиынтық көлемінен де жоғары болды. Елімізде де бұл салада шет қалмай, өз үлгісін қалыптастыруға кірісті.

«Біз әлемдегі ең дамыған финтех нарығына айналдық. Себебі цифрлық активтер толыққанды әрі қауіпсіз экожүйе жасайды. Міндетіміз – цифрлық ак­тив­терді қазіргі қаржы инфра­құ­рылымына ыңғайлы, қауіп­сіз түрде енгізу. Отандық тұтыну­шы қолданыстағы мобиль­ді қосым­шалар арқылы крипто­валютаға инвестиция салып, стейблкоиндермен төлем жасай алса, жос­парымыз орындалды деген сөз. Мұның бәрі ашық әрі түсінікті реттеу аясында жүзеге асуы керек», деп түсіндіреді Б.Жаленов.

Айтуынша, бұл жолда үш не­гізгі бағыт белгіленген. Біріншісі – қамтамасыз етілмеген цифр­лық активтердің айналымын заңдастыру. Екіншісі – цифрлық қаржылық активтерді енгізу. Үшіншісі – қанатқақты жобаларды іске қосу.

«Бүгінде 10-ға жуық жоба дайындалып жатыр. Олар жылжымайтын мүлікті токендеу, теңгеге байланған стейблкоин шығару және тағы басқа бастамаларды қамтиды. Жылжымайтын мүлікті токендеу – кепілді қағаз­бен емес, цифрлық токен арқы­лы рәсімдеу. Бұл үдерісті едәуір жеңілдетіп, уақытты үнем­дейді. Ал теңгеге байланған стей­­блкоин халықаралық есеп айы­рысуды жеделдетуге кө­мек­теседі. Мұндай бастамалар болашақтағы реттеудің негі­зін қалайды», деп түсіндірді Цифр­лық трансформация жетекшісі.

 

Қатаң ереже де керек

«Wise invest consulting Ltd» компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимовтың ай­туынша, цифрлы активтер қоры – криптовалюта, стейблкоин, токендерді жинап, оларды сақтау және басқару үшін жасалатын арнайы жүйе.

«Цифрлы активтер қоры – иелік етілген криптоактивтерді сатып алып, оларды басқаруға арналған қаржылық құрал. Мұ­ның пайдасы көп. Біріншіден, портфельді әртараптандыруға болады. Екіншіден, ұзақ мер­зімде табыс табуға мүмкіндік бар. Үшіншіден, инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция тартылады. Бірақ заңды негіздегі бақылау болмаса, бұл артықшылықтар керісінше шығынға немесе беделге қауіп төндіруі мүмкін», дейді ол.

Нарыққа әсері де айтар­лықтай. Мемлекет ірі көлемде сатып алса не сатса, бағаға тіке­лей ықпал етеді. Мысалы, Гер­мания 2024–2025 жылдары көп мөлшерде биткойн сатқанда, нарықта баға күрт түсіп кетті. Соның кесірінен көптеген компания мен инвестор шығынға батты. Осы тұрғыдан қарасақ, банктердің криптовалютамен жұмыс істемей отырғанының себебі де бар.

«Заңда криптоактивтердің нақты мәртебесі жоқ. Есеп жүр­гізу тәртібі де белгісіз. Қауіп­сіз сақтау, киберқауіптен қор­ғау, капитал резервін құру ере­же­лері анықталмаған. Сол себеп­ті, банктер тәуекелге бар­май­ды. Шешім – криптоак­тивтер­дің мәртебесін заңда бекіту, банктер мен сақтаушы компанияларға лицензия беру, клиенттерді қатаң тексеру және капиталға қатысты нақты талап қою. Крипторезерв пен цифрлы активтер қоры екі түрлі. Крипторезерв – алтын, валюта сияқты халықаралық резерв­тің бөлігі. Цифрлы активтер қоры – инвестициялық құрылым. Егер ол ресми резервке қосылса, қатаң ережелер мен шектеулер болуға тиіс», деп түсіндірді Т.Қуатұлы.

Егер мемлекет цифрлы актив­терді стратегиялық резерв­ке жинай бастаса, ұлттық қаржы жүйесіне де пайда әкелуі мүм­кін. Ал қарапайым халыққа әсері қандай?

«Жағымды жағы – жаңа жұ­мыс орындары ашылады, тө­лем құралдары көбейеді, мемлекет­тік өнімдерге қолжеткізу жеңіл­дейді. Бірақ қор дұрыс басқа­рылмаса, инфляция күшейіп, халықтың сеніміне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан ашық әрі заңды жолдар қажет. Халық криптовалютаға сенімді арналар арқылы кіре алса, бұл сала пайдалы әрі қауіпсіз болады», дейді Т.Нұрахимов.

 

Активтердің бірыңғай нарығы қалай қалыптасады?

«Bereke Bank» цифрлық қар­жылық активтер бағыты­ның жетекшісі Вячеслав Ануф­риевтің айтуынша, болашақ цифрлық қаржылық активке тікелей байланысты. Себебі шекара елдер арасында ғана емес, нарық ішінде де жойылады. Мысалы, жыл соңына дейін елімізде легалды криптобиржа пайдаланушыларының саны 650 мың адамға жетуі мүм­кін. Ол 2025–2026 жылдары цифр­лық қаржылық активтердің ақ на­рығының жылдық көлемі 2 млрд доллардан асады деп отыр.

«Банк жүргізген зерттеу инвесторлардың ақша айналымын заңды етуге қызығушылығы барын көрсетті. Инвесторларға түсінікті ережелер мен ыңғайлы құралдар керек. Олар салық төлеуге және транзакциялардан түскен қаражатты шығару үшін ресми фиат арналары арқы­лы жұмыс істеуге дайын. Цифр­лық қаржылық активтерге алғаш­қы инвесторлар банктердің клиент­тері болып отыр. «Bereke Bank» зерттеуіне сәйкес, цифрлық қар­жылық активтер бойынша транзакциялар көлемі 80 млн доллар­дан асады. Бұл – шамамен 40 млрд теңге. Еліміз үшін бұл на­рық пісіп-жетілген деңгейде. Перс­пективасы өте үлкен», дейді ол.

Ал банктер тарапынан клиент операцияларын бақылау мен ашықтыққа сұраныс бар. Сон­дай-ақ төлем жүйелерімен және биржалардың API ин­тер­фейстерімен интеграция қа­жет. Себебі әзірге крип­тоинвес­тордың барлық қажет­тігін то­лық өтейтін банктің баламасы жоқ. Сондықтан Ұлттық банкке күрделі жауапкершілік артылып отыр. Мұны төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов та айтып отыр. Оның сөзінше, Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арнайы құ­қық­тық өрісінде банктер­ге цифр­лық активтерді ұсыну­ға рұқ­сат берген. Алайда крип­тона­рық пен дәстүрлі қаржыны бірік­тіруде біршама қиындық бар. Қызығушылығы жоғары болғаны­мен, көлеңкелі нарық та үлкен.

«Ұлттық банк цифрлық актив­терді реттеу үшін жаңа ере­желер әзірлеп жатыр. Мақ­сат – оларды ашық әрі заңды пайдалану. Енді ел аумағында криптобиржалар ашуға мүм­кін­дік беріледі. Бірақ тек қамта­масыз етілген активтерге ғана рұқсат бар. Яғни артында нақты құндылығы бар активтер Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланбақ. Ал қамтамасыз етілмеген активтер, мысалы биткойн сияқты, тек Астана халықаралық қаржы орталығында қала береді. Негізгі мақсат – нарықты тең ұстау, жаңа ойыншылардың шамадан тыс көбеюіне жол бермеу және қаржы ағынының бақылаусыз ауысуына тосқауыл қою. Қазір осы жобаның бастапқы нұсқасы дайындалып жатыр», дейді Б.Шолпанқұлов.

 

Алғашқы криптоқор құрылды

Елімізде алғаш рет мемле­кеттік криптоқор іске қосылды. Атауы – «Alem Crypto Fund». Қорды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрды, ал басқаруды «Qazaqstan Venture Group» қолға алды. Қор АХҚО-да тіркелген.

«Аlem Crypto Fund» алғашқы инвестициясын жасап та үлгерді. Қордың серіктесі – «Binance Kazakhstan». Олар ең алдымен BNB криптовалютасын сатып алды. Бұл токен «Binance» жүйесінде транзакция төлеу мен комиссиялар үшін қолданылады. 2025 жылдың жазында оның жал­пы нарықтағы құны 138 млрд доллардан асқан. «Binance Kazakhstan»-ның басшысы Нұр­хат Құшымов бұл қадамды еліміз үшін үлкен жетістік деп бағалады.

«Қордың алғашқы актив ретінде BNB-ні таңдауы – «Binance» экожүйесіне деген сенімнің айғағы. Бұл елімізде криптовалюталардың ресми түрде мойындалуына жол ашады. Мемлекет пен халықаралық технологиялардың бірлесуі экономиканың дамуына ықпал етеді. Бұл – цифрлық активтердің ашық әрі қауіпсіз нарығын құрудағы маңызды қадам. Мұнда мемлекеттік бастамалар мен жаһандық технологиялар ұлттық экономика игілігі үшін бірігіп жұмыс істейді», деді ол.

Ұлттық банк стратегиялық крипторезерв жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру үдерісін бастап кетті. Аталған криптоқор бас банк басқаруындағы жалпы егеменді резервтердің бір бөлігіне айналады. Осыған қатысты Ұлттық банк баспасөз қызметі «Alem Crypto Fund» қоры Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құрылғанымен, мемлекеттік қор емес» деген мәлімдеме берді.

«Қазір қордың негізгі мақсаты, міндеті мен қалыптастыру және басқару тетіктерін айқындайтын тұжырымдама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар операциялық әрі техникалық инфрақұрылым құру жұмысы да – басты назарда. Қорды басқаруды Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы жүзеге асырады. Бұл ұйым баламалы инвестиция­лық құралдарды басқару тәжіри­бесіне ие. Дайындық жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, Мемлекеттік цифрлық активтер қоры келесі жылдың басында іске қосылады деп жоспарланып отыр», деді бас банк.