Ұлттық банк банктердің мобильді қосымшалары арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жүргізу үшін банкаралық QR-төлемдер сервисін іске қосты. Аталған бастама «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ базасында жүзеге асты.
«Сервис клиенттерге кез келген банктің пайдасына банкаралық QR-төлемдерді қабылдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік бере отырып, банктердің төлем қызметтерін кеңейтеді. Бүгіннен бастап банкаралық QR-төлемдер сервисі «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Home Credit Bank» АҚ және «Freedom Bank» АҚ клиенттеріне қолжетімді. Операция жасау үшін сатып алушы клиент банктің мобильді қосымшасына кіріп, сатушының (сервиске қатысушы банктердің бірінде қызмет көрсетілетін) терминалында QR-кодты сканерлеп, төлемді растауы қажет», деп түсіндіреді бас банк баспасөз қызметі.
Ұлттық банк сарапшыларының айтуынша, банкаралық QR-төлемдерді іске қосу банктер арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін арттырады, ыңғайлы етеді және тұтынушы үшін төлем қызметтерінің қолжетімділігін кеңейтеді.
Бұл жұмыс кезең-кезеңімен әрі қарай жалғасады. Ол үшін басқа банктер осы жұмысқа қатысты ішкі үдерістерді бейімдеуге тиіс.