Қызылорда облысының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мысалы, инвесторларға қатысты әкімшілік іс қозғау үшін міндетті түрде прокурор рұқсаты талап етіледі. Дегенмен талдау барысында мемлекеттік органдардың Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің талаптарын бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, экология департаментінің лауазымды тұлғалары прокурордың келісімінсіз инвестор «Шалқия Цинк ЛТД» жауапершілігі шектеулі серіктестігін ӘҚБтК-нің 325-бабымен (өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу талаптарын бұзу) екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Анықталған бұзушылықтар бойынша Қызылорда облысының прокуратурасы қадағалау актісін енгізіп, нәтижесінде экология департаменті басшысының орынбасары мен бас маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасы инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше бақылауда болады.