Премьер-министр Олжас Бектенов «Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державаларға назар аудару» тақырыбында өткен Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумының пленарлық отырысына қатысты.
Іс-шараға әлемнің 50-ден астам елінен 300-ден астам компания атынан 2,5 мыңнан астам делегат жиналды. Қатысушылар арасында халықаралық энергетикалық ұйымдардың басшылары, ірі мұнай-газ корпорацияларының жетекшілері және энергетика министрлері бар. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға арналған Үндеуін оқып берді:
«Экономика, ғылым-білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты. Сондықтан біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, МАГАТЭ және ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі. Форум аясында энергетика саласын өркендетуге жол ашатын тың идеялар мен жасампаз бастамалар ұсынылады деп сенемін», делінген Президент Үндеуінде.
Премьер-министр форумға қатысушыларға елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жобалар туралы айтты. Мұнай-газ химиясында жалпы қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек бутадиен, карбамид өндіру жобалары қолға алынды. 2030 жылға дейін жалпы құны 15 млрд доллардан асатын алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Қайта өңдеу көлемі артып келеді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндірістік қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Жаңаөзенде, Қашағанда және Теңізде газ өңдеу саласы дамып жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынбақ.
Халықаралық әріптестермен бірлесіп, жалпы қуаты 4 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жиынтық қуаты 1 ГВт болатын үш заманауи көмір жылу электр стансасының құрылысы басталды. Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, өңдеу қуаттылығы 39 млн тоннаға дейін ұлғайып, өңдеу тереңдігі 94%-ға жетпек.
Қазір саланы цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге ерекше назар аударылып жатыр. Энергетика саласында ЖИ геологиялық барлау тиімділігін арттыру және өндіру, тасымалдау, өңдеу және басқа да үдерістерді оңтайландырудың негізгі құралына айналмақ.
Мұнай өндіруде жаңа тәсілдер қолданылып жатыр. Барлау мен өндіру жұмыстары цифрландырылмақ. Деректерді жасанды интеллект арқылы талдау мұнай өндіруді жақсартады. Бұл тек ірі кен орындарында ғана емес, шағын және орта кен орындарының да мүмкіндігін ашуға жол береді. Президенттің бастамасымен құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі экономиканың барлық саласына инновация интеграциялауды жеделдетудің негізгі буынына жатады.
Цифрландырумен және ЖИ енгізумен қатар энергияға деген сұраныстың артуы қуат көздерінің ауқымды көлемін өндіруді талап етеді. Бұл тұрғыда жерде сирек кездесетін металдар мен уран өндіру және атом электр стансаларын салу жобалары ерекше маңызға ие.
Премьер-министр Қазақстан халықаралық ұйымдармен және бизнеспен бірлескен жоғары технологиялық өндіріс орындарын құруда ынтымақтастыққа ашық, сенімді әрі болжамды серіктес болып қала беретінін атап өтті.
Пленарлық сессия барысында әлемдік энергетиканы дамыту мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және тағы да басқалар өз пікірлерімен бөлісті.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (OPEC) Бас хатшысы Хайтам әл-Гайс мұнай-газ саласына инвестицияларды ұлғайтуға шақырды. Жаңартылатын энергия көздері туралы халықаралық агенттіктің (IRENA) бас директоры Франческо Ла Камера Орталық Азияда «жасыл» энергетиканы дамыту үшін елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейту керегін айтты. Ол ЖЭК жобаларын енгізуді жылдамдату маңызды екенін атап өтті.
Халықаралық энергетикалық форумның (ХЭФ) бас хатшысы Джассим Альширави Қазақстанның рөлін ерекше бағалады. Оның айтуынша, біздің ел әр өңірді байланыстыратын көпір ретінде маңызды орынға ие. Ол Қазақстанды ХЭФ-тің ресми мүшесі болуға шақырды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) бас хатшысының орынбасары Ахмад Саидмуродзода да пікір білдірді. Ол 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық жоспары аясында энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, инвестицияны арттыру және тұрақты энергия көздеріне көшу қажет екенін айтты.
Араб мемлекеттері лигасының өкілі Махмуд Фатхалла да сөз алып, жаңартылатын энергияға инвестиция салу тұрақты даму мен әлемдік тұрақтылықтың басты негізі екенін жеткізді.
Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда инвестициялық жағдайды жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту және жалпы энергия өндірудегі ЖЭК үлесін арттыру шаралары қолға алынған.