• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:55

Ұстаздар ұстаханасы

30 рет
көрсетілді

Арқадағы «Ұстаздар ұстаханасы» атанып кеткен Смағұловтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асады. Еңбек дәстүрі сәтімен сабақтасқан өнегелі орданың келіндері мен немерелері мәртебелі мұғалім мамандығы бойынша абыройлы қызмет етіп жүр.

Мұғалімдер әулетінің әріде­гі тарихы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Қарқаралы ауданы Ф.Энгельс атын­дағы орта мектепке мұғалім болып қабылданған Ғабдолла Смағұлов ұстаздар әулеті тарихы­ның алтын парағын ашқан еді. Қарқаралы педагогикалық учи­лищесі мен Қарағанды педа­гогикалық институтынан білім алған Ғабдолла мектептің оқу ісінің меңгерушісі, кейін Қоянды орта мектебінің директоры болды. Біліктілігімен көзге түс­кен оған аудан басшылығы Қарқаралы ауданы Арқалық кеңшарының партия ұйымының хатшысы қызметін сеніп тапсырады. Жеті жылға жуық уақыт ұйым жұмысын ұтымды басқарады. Өзі еңбек жолын бастаған мектепке басшы болып, оқу ордасының білім сапасын көтеруге бар күшін салады. Құрметті еңбек демалысына абыройлы шығады. Парасатты педагог «Еңбек арда­гері» мен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапаттың иесі.

Аяулы жары Бибісара Байма­ған­бетованың да есімі мұға­лім­дер арасында құрметпен аталады. Бірнеше облыстық педагогикалық оқулардың жүлдегері атанған Бибісара білікті бастауыш мұға­лімі бола білді. Бастауыш сынып балаларына арналған сауат ашу сабақтары бойынша әзірлеген іс-тәжірибесі облыс мектептеріне таратылғанын көзкөрген қауым әлі айтады екен.

Ұстаздар шаңырағындағы ұл-қыздың барлығы дерлік әке-ананың жолын лайықты жалғады, қазір бір-бір білікті педагог. Мысалы, үлкен қыздары Ғазиза Смағұлова бүгінде құрметті педагог. Еңбек жолын Қарқаралыдағы Арқалық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған ол оқу ісінің меңгерушісі, оқу бөлімінің әдіскері болып жұ­мыс істеген. Бүгінде Өрлеу білік­ті­­лікті арттыру ұлттық орта­лы­­­ғы­ның кәсіби даму инсти­тутында аға оқытушы болып қыз­мет атқарып келеді.

Мектепте істеген жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқы­лы оқушылардың білім алуға қызы­ғушылығымен таным белсен­ділігін арттыру» атты бағдар­ламасы тәжірибе ретінде облыс мектептеріне, «Мек­теп рефор­масының талабына сай оқыту сапасын арттыруға арнал­ған әдістемелік нұсқаулығы» еліміз­дің әдістемелік кабинеттері арқылы республика көлеміне таратылған. Ширек ғасырдан аса уақыт ұстаздық жолында келе жатқан Ғазиза Ғабдоллақызының еңбегі лайықты еленіп келеді. «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің кұрметті қызметкері», «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері», «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педа­гогі» төсбелгілері мен және министрліктің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Екінші қыздары Ғалия анасы­ның ақылын тыңдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдайды. Қырық жылға жуық уақыт Нұра ауданы К.Мыңбаев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып сабақ берген Ғалия ұстаз қазір құрметті еңбек демалысында.

Ал Ғалел Ғабдоллаұлы – физика пәнінің мұғалімі. Білікті ұс­таз­ды аудан басшылығы көп ұзамай Қарқаралыдағы Қарабұлақ ауылының №33 мек­те­біне дирек­тор болып тағайын­далады. Әке­сі секілді он жылға жуық уақыт ауыл мектебін бас­қа­рып, бала­лардың сапалы білім алуына бар жағдайын жасайды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжихан Ғабдол­ла­қызы қырық жылдан аса Терек­ті, Бүркітті ауылының мектеп­терін­де сабақ береді. Қазір зейнет­ке шыққан ұлағатты ұстаз өзінің немерелерін білім нәрімен сусындатып отыр.

Әулеттің кенже баласы Қымбат Ғабдоллаұлы да филолог маман. Қазір Қарағанды қаласындағы белді оқу орны «Мұрагер» мектеп-лицей интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып отыр. Оқушылары бір­неше рет республикалық пән олимпиадасының жүлде­гер­лері. Білім беру ісінің Құрметті қызмет­кері. Мұнымен қоса, Қарағанды облысы әкімі сыйлығының иегері.

Әулеттің немерелері де әке-аналарының, ата-әжелерінің ізгілікті ізін жалғап келеді. Талғат Ғалиоллаұлы Қарағандыдағы «Дарын» мектеп-интернатын үздік бітірген. Бүгінгі күні Маман­дандырылған музыка мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педегог-модератор. Оқушылары бірнеше мәрте облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері. Ал Ақнар Рахметоллақызы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университетінің зоология кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді. Әлия Ғалелқызы «Bi group Aldi bi» балабақшасында әдістемеші болып, балдырғандарға әріп үйретіп, тәлім беріп жүр.

Әулеттің күйеу баласы Алтын­бек Бауешұлының да еңбек өтілі қырық жылдан асады. Еңбек жолын К.Мыңбаев атын­дағы мектепте дене тер­биесі мұғалімі болып жұмыс істеп, кейін мектеп директоры қыз­метін атқарады. Құрметті еңбек дем­алысына шық­қалы бері екі жыл өтіпті.

Әулеттің келіндері де педагогика саласында. Гүлбану Ғаббасқызы математика пәнінің мұғалімі. «Математиканы оқыту әдістемесі пәніне арналған бақы­лау жұмыстары және курс­тық жұмыстар» әдістемелік жи­на­ғын жарыққа шығарып, пәнді тереңдете оқытып, бірнеше шә­кірт­тері олимпиада байқау­ларынан озық шықты.

Келіндері Орынтай Егінбай­қызы мен Зәуре Төкенқызы – қазақ тілі мен әдеби­еті пәнінің мұғалімі, ал Қарлығаш Алпысбаева баста­уыш пәнінен сабақ береді. Тағы бір филолог келіндері, Тіл жанашыры Жанна Қайратқызы қазір «НұрСана», «Balalem» оқыту орталықтарының директоры қызметін атқарып отырған көрінеді. Венера Сәбитқызы – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң факультетінің аға оқытушысы, PhD. Эльмира Мағауқызы – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық уни­верситеті Халықаралық бағдар­ламалар және жобалар орталығы кафед­ра­сының оқытушысы. Айгүл Дәрібаева Астана қала­сы Б.Момышұлы атындағы №53 мек­теп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.

Міне, Смағұловтар әулетінің ұстаздық жолы мен өнегесі осылай өріліп отыр. Білім бағының бағбандары үшін Ұстаздар күні әулеттің меншікті мерекесіндей болып кеткен. Мейрам салтанатына орай мына бір үрдіс сақталған: бірін-бірінің шаңы­рағына барып, құттықтап, сыйлық табыстап, қуантады. Отбасылық басқосу соңы үнемі педагогикалық кеңеске ұласып кететін көрінеді.

Қысқасы, бүтін бір әулеттің еселі еңбегі білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне осылай сіңіп жатыр.

 

Қарағанды облысы