Батыс Қазақстан облысында ақын-ағартушы, ойшыл-ғұлама Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына арналған кешенді іс-шаралар өтті. Тарихи тұлғаның атажұрты – Жәнібек ауданы әкімдігі жыл бойы мерейтойлық іс-шараларға бас-көз болып, үйлестірушінің рөлін атқарды. Қыркүйектің соңында өткен қорытынды жиындардың да нүктесін әдемі қойды.
Ғылыми орталық керек
Жыл бойы өткізілген мерейтойлық іс-шаралардың ең сүбелісі – «Ұлттық рухты нығайтқан сөз шебері: Ғұмар Қараштың мәдени-тарихи келбеті» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болды. Еліміздің әр түкпірінен келген айтулы ғалымдар айтқан әр лебіз халықтың көңілінен шығып жатты.
«Біз Ғұмар Қараштың тарихи тұлғасы толық ашылды, ғұмыр жолы түгел зерттелді деп айта алмаймыз. Кеңестік репрессия тұсындағы көптеген құжат әлі құпия күйінде жатыр. Сондықтан осы Орал қаласындағы Махамбет университеті жанынан Ғұмартану ісіне жеке зерттеу орталығын ашу керек деп есептеймін. Мысалы, Абайтану ісінде Семей қандай жоқшы болса, Ғұмардың жоғын жоқтап, жоғалғанын түгендеуге Орал да сондай қажыр-қайрат көрсетуі керек», деді конференция қонағы, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов.
Жиында белгілі жазушы, ғұмартанушы Мақсат Тәжімұраттың да ой-пікірі жиналған жұрттың көңілінен шықты. Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы тұңғыш монографиялық жинақтың авторы «Алаш қайраткерлерін зерттеу ісінде әр өңірдегі тұлғалар бірдей зерттелуге тиіс, Алаштың әр тұлғасы нөмірі бірінші болуы керек», деді ғалым.
Жиынға онлайн қосылған Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Алаштың рухани әлеуеті: Ғұмар өнегесі» тақырыбында баяндама жасады.
Ал тілші ғалымдар Шерубай Құрманбайұлы мен қызылордалық Болат Боранбай ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілі, Алаш қайраткерлерінің тіл сабақтастығы Ғұмар Қараш шығармаларының тілі мен көркемдік ерекшелігі туралы қызықты әңгіме өрбітті.
Конференция қарарында Ғұмар Қараштың есімін ел деңгейінде насихаттау, орта мектеп бағдарламасына Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы енгізу, Астана қаласындағы мектептердің біріне Ғұмар Қараш есімін беру, Ұлттық музейде Ғұмар бұрышын ашу, Орал қаласында Ғұмар Қараш атындағы ұлттық баспасөз музейін ұйымдастыру секілді бірқатар ұсыныс қабылданды.
Осы жиын соңында ағартушы ақын, ойшыл философ Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған төсбелгімен академик Ханкелді Әбжанов, профессорлар Тұяқбай Рысбеков, Шерубай Құрманбайұлы, Болат Боранбай, Мұрат Сабыр, жазушы ғалым Мақсат Тәжімұрат, М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафиуллин, тағы басқалары марапатталды.
Жәнібектегі жарқын той
Ғұмар тойының қорытынды іс-шаралары ақын-ағартушының туған жері Жәнібек ауданында өтті. Қыркүйек айының соңғы күндері аудан орталығында «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты ақындар айтысы, дүбірлі дала қызықтары болды.
Бұл күні алыс-жақыннан ауданға ағылған мәртебелі меймандар, ардагерлер қауымы «Хабар» агенттігінің режиссері Нұрсерік Қамбар түсірген «Ғұмар Қараш» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетіліміне қатысты.
Осы тойда өңір басшысы Нариман Төреғалиев ұлт тағдырын, халық болашағын ойлаған ұлы қайраткердің еңбегіне тағзым ету жөнінде сөйледі.
«Әуелі қолдан келсе, еліңді сүй,
Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй.
Қағбаға тауап ету керек болса,
Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй!»
деген екен ақынның өзі. Сол туған жердің төсінде тұрған ақын ескерткіші бұл күні гүлмен көмкерілді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен ақындар айтысына талай бәйгеде топ жарып, жұртшылық ризашылығына бөленіп жүрген ақындар қатысты. Бірнеше сағатқа созылған сөз сайысы жырқұмар жұрттың құлақ құрышын қандырды. Аудан басшысы Тимур Серікұлы додаға қатысқан он ақынға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық таратып, мерекелік төсбелгі табыстады.
Мерейлі тойға жиналған жұрттың делебесін қоздырған қызықтың бірі – 100 шақырымдық аламан бәйге. Талов ауылдық округіне қарасты Бірлік елді мекеніндегі Ғұмар кесенесінен басталып, аудан орталығы Жәнібек ауданына дейін созылған бәйгеге 51 ат қосылса, мәреге тек 10 тұлпар жетті. Бас жүлде – автокөлік маңғыстаулық шабандоз Нұрсұлтан Құмаров тізгіндеген «Мұздай» тұлпарына бұйырды.
Ал қазақ күресінде Алмаз Батырхайыров «түйе палуан» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Осы аталым бойынша Райымбек Нұрғалиев күміс жүлде иеленсе, Мерген Задоров қола жүлдеге қол жеткізді.
«Ғұмар тойы ғибратқа толды», дейді осы мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүрген көпшілік. Аз ғұмырын халқының жарқын келешегіне толайым арнаған тұлғаның тойы басқаша болуы мүмкін емес те секілді.
Батыс Қазақстан облысы