Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында полиция департаменті, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жас белсенділер бірігіп, қала шетіндегі «Семей – Астана» тасжолы бойын қоқыстан тазартты.
Тазалық шарасына шыққан азаматтар қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын үлгісін көрсетті.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан игі істердің бірі. Бүгінгі акцияға 50-ден аса адам қатысып, белсенділік танытты. Қала тазалығы – ортақ міндетіміз. Барша тұрғындарды табиғатты аялауға, осындай іс-шараларға белсене қатысуға шақырамыз, – деді «Шығыс жастары» қоғамдық қорының атқарушы директоры Әліби Әбдірайымов.
Өңірде бүкілхалықтық акцияға жыл басынан бері 282 381 адам, оның ішінде 13 585 ұйым мен мекеме өкілдері қатысты. Жұмысқа 8 558 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 157 072 аула тазаланып, 49 467 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс полигондарына шығарылды. 2 443 саябақ пен гүлзар тазартылып, 1 001 ескерткіштің айналасы абаттандырылды, 10 285 шаршы метр тасжол жөнделді. 50 201 көшет, 7 883 шыбық отырғызылды. Сенбіліктер 16 811 әлеуметтік, өндірістік нысанды, сондай-ақ 2 287 жасанды су қоймасын қамтыды. Экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Абай облысы