Түркістан облысында өңірлік жұмыспен қамту картасы жасақталып, биыл 130 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамту межеленген. Бүгінде 100 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды, оның 35 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері.
Биыл облыс тұрғындарын жұмыспен қамту мен жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге бағытталған 122 бос жұмыс орындары мен өндіріс орындарында ашық есік күнін өткізу жоспары бекітілген. Бес сала бойынша бос жұмыс орындарының 64 жәрмеңкесі өтті. Оларға 1 257 жұмыс беруші қатысып, 6 841 бос жұмыс орнын ұсынған. Оның 71,1%-ы, яғни 4 868-і – жұмысшы мамандықтары. Одан бөлек, өңірде жұмысшы мамандарды дәріптеу мақсатында өндіріс орындарында ашық есік күні өтті. Сондай іс-шараның бірінде Түркістан жоғарғы көпсалалы қолөнер колледжі мен көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің 250 студенті «Түркістан» еркін экономикалық аймағындағы «Grand Miks» мебель құрастыру, «Kaztor LTD» ЖШС қоршау өнімдері өндірісімен танысты. Студенттерге өндіріс технологиясы түсіндіріліп, өнім түрлері көрсетілді. Жұмысшы мамандардың ел экономикасына қосар үлесі баяндалып, жастарға еңбекқорлық пен нағыз маман болу құндылығы насихатталды.
Айта кетелік, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, ұлттық жобалар аясында бүгінде нақты 297 жоба жүзеге асып, 3 156 азамат жұмыспен қамтылды. Жеке инвестиция тарту арқылы 103 жоба жүзеге асып, 1 584 жұмыс орны құрылды. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында биыл 22 595 жаңа жұмыс орнын құру межеленсе, қазірде 27 617 жұмыс орны ашылған. «Өңірлік жұмыспен қамту картасын» жүзеге асыру аясында 59 925 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 27 099 азамат тартылды. Одан бөлек, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1 788 азамат мемлекеттік грант алды. Сонымен қатар 158 пробация есебіндегі, 10 бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған азамат, 5 тұл жетім, 146 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасты.
Түркістан облысы