Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы деп атады, деп хабарлайды Ақорда.
– Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім-ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазіргі таңда мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Мажарстан Үкіметіне зор алғыс айтамын. Біз осы елдегі жоғары оқу орындарымен ықпалдастығымызды одан әрі дамытуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Президент Тамаш Шуйокпен аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқанын айтып, әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, түрлі қақтығыстардың көбеюі екі елді де алаңдататынына тоқталды.
Тараптар барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды.
Осы ретте президенттер халықаралық деңгейде бір-біріне қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге келісті.
– Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Өзара тиімді ықпалдастығымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін. Қол жеткізген барлық келісімдер ойдағыдай орындалатынына күмәнім жоқ. Бауырлас халықтарымыздың ынтымағы берік болсын. Елдеріміз өсіп-өркендей берсін! – деді Қазақстан Президенті.
Мажарстан Президенті елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті.
– Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін, – деді Тамаш Шуйок.