Цифрлық дәуір дамуымызға дем бергенімен, ой санамызға, риясыз қарым-қатынасымызға бөгет болатындай. Шынайы сезімдерден алшақтап барамыз. Ойымыз жұтаң, сөзіміз шолақ, эмоциямызды смайликпен сездіретін болғанбыз. Талантты суретші Сұлтан Аманжолдың «Wi-Fi» деп аталған картинасы осы кептің тамырын тап басады. Автор технология мен адам арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсетіп, көрерменді ой құшағына қамайды.
Басқосуға бара қалсақ, әркім өз телефонына телміріп, виртуалды кеңістікте отырғанын аңдаймыз. Сиқырлы смартфонға дендегелі дос-жаран мен ағайын арасындағы емен-жарқын әңгіме, сырласар сәттер сиреген. Бұған желіге байланған жеткіншектерді қосыңыз. «Wi-Fi» картинасы осыған күйінген суретшінің үнсіз айқайы. Автор қоғам цифрлы жалғыздыққа бет алған сайын адамгершілік, мейірім, сағыныш секілді құндылықтар тасада қалатынын айтқысы келеді.
Кенепке түскен көрініс – бір үйдің ішіндегі адамдардың бір-бірімен емес, гаджеттермен байланыс орнатқанын байқатады. Алдыңғы планда – ноутбукке үңілген жасөспірім, сол жақта – телефон шұқылап отырған бойжеткен, оң жақта – көрпеге оранып, телефонға телміріп жатқан қыз. Артқы фондағы үстел үстінде шашылып жатқан әлдене назардың басқа жаққа ауғанын білдірсе керек. Кейіпкерлердің бет-жүзіндегі көкшіл реңк гаджеттер жарығының суықтығын, оларды цифрлы әлемге байлап қойғанын жеткізеді. Бұл – виртуалды әсердің шынайылықты алмастырғанын меңзейді. Қызыл-жасыл өрнекті кілем – ұлттық дүниелердің ортасында отырып, отбасылық жылы қарым-қатынастардан ажырап бара жатқанымызды ескертеді. Оюлы көрпе астындағы қыз – шынайы жылылық пен жайлылық орнына, виртуалды жылылыққа телмірген күйді бейнелеп тұр.
«Өмірдегі әр құбылыстан астар іздейсің, оның себебі мен сырына үңілгің келеді. Бұл жұмысты 2016 жылы өз шаңырағымда жаздым. Тың идея іздеп жүрген сәт еді. Бөлме ішінде телефонға қадалған қос қарындасымды, ноутбук арқылы ғаламторға енген досымды көрдім. Үшеуі де үнсіз, бір-біріне мән берер емес, бұрынғыдай әңгіме де айтылмайды. Осы сәт маған қатты әсер етті. Олардың осы отырысын қаз-қалпында қағазға түсіріп алдым. Сөйттім де басқа жұмыстарды ысырып қойып, «Wi-Fi» деп аталған туындымды жазуға кірістім. Жұмысыма қызығушылық танытқандар көп болғандықтан, түпнұсқаны өзімде қалдырып, 2019 жылы картинаның тағы бір көшірмесін жазып шықтым. Күні бүгін бұл картина Кипр мемлекетіндегі заманауи өнер музейінің қорында жеке азаматтардың сатып алуымен сақтаулы тұр.
Цифрлық әлем – мүмкіндіктер алаңы. Бірақ ол шынайы қарым-қатынастың орнын баса алмайды. Отбасылық психологияда «эмоцианалдық салқындық», «цифрлық тәуелділік», «байланыстың үзілуі» деген ұғымдар жиі айтыла бастады. Қоғам осы сәтте оянып, қайта адами болмысына оралмаса, болашақтағы байланыс – тек виртуалды ғана болмақ. Бізге енді экранды емес, бір-бірімізді тыңдайтын, түсінетін, сезетін уақыт келді. Қазақ қоғамының негізі – отбасы, бірлік, дәстүр. Ата-ана мен бала арасындағы әңгіме, дастарқан басындағы кеңес, атаның ақылы, ананың мейірімі – біздің рухани тірегіміз. Ғаламтордың шектен тыс ықпалы осы құндылықтарды көмескілемесе деген тілегімді өз қолтаңбам арқылы жеткізгім келді», дейді Сұлтан Аманжол.
Өнердің бір мұраты – ізгілік десек, қылқалам шеберлерінің адамзатты алаңдатқан мәселелерді көркем шығармада сынға алуы әлеуметтік реализмнен туған маңызды бағыт. Себебі мұндай туындылар көрерменге эстетикалық әсер қалдырумен қатар, сана сілкінісін де сыйлайды. Қоғамды ойлануға, өзгеруге итермелейді.
«Картинадағы отбасылық ортаның үзілген байланысы көрерменге әсерлі контраст береді. Суретші жақын адамдар бір кеңістікте болғанымен, рухани алшақ екенін сынға алады. Әлемде кейінгі жылдары дәл осындай цифрлы отрядталған адамзат туралы заманауи суреттер жазыла бастады. Бұл – тек елімізде емес, бүкіл жаһандық қоғамда бар құбылыс. Адам табиғатта серуендесе де, концертке барса да, саяхатқа шықса да өзі одан шынайы әсер алудан бұрын, желіге жариялап елге көрсетуге асығады. Сұлтан Аманжолдың картинасындағы әлемге байланған, бірақ өзіне жабық адам бейнесі – XXI ғасыр адамының рәмізі. Бұл – өнердің қоғаммен үндескен үлгісі», дейді өнертанушы Балжан Заманбекова.
Өткен жолы бір тойда «Ағайынның шай-пайынан, көршіңнің Wi-Fi-ы артық» деген «заманауи мақал» естідік. Расында шынайы қарым-қатынастан алшақтап, цифрлы әлемге дендеген сіз бен бізді дәл мысқылдап тұрған жоқ па? Бүгінгі әңгіме өзегіне айналған туынды да бейжайлықты бұзып, «смартфоннан басыңды көтер де, жаныңдағы жанға қара» дегенді меңзейді.