Жұмысшы мамандықтары жылы аясында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен жұмысшы мамандық иелеріне, еңбек адамдарына құрмет науқандық шараның шеңберінде қалмауы керек. Ел экономикасының қозғаушы күші саналатын жұмысшы мамандар, еңбек адамдары өз деңгейінде дәріптеле беруге тиіс. Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Мұқаш ЕСКЕНДІРОВПЕН сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, Жамбыл облысындағы іргелі ұжымды ұзақ жыл басқардыңыз. Жұмысшы мамандық иелерінің жай-күйін жақсы білесіз. Қоғамда еңбек адамдарын қаншалықты насихаттай алып жүрміз?
– Университетті бітірген соң, жолдамамен жұмысқа орналасып, «Қазфосфат» компаниясында табан аудармай 41 жыл еңбек еттім. Оның ішінде 17 жыл 6 мыңнан астам жұмысшы еңбек ететін ұжымға басшы болдым. Қайнаған өндіріс ортасында шыңдалғандықтан, жұмысшы мамандық иелерінің қандай ауыр жұмысты атқаратынын жақсы білемін. Сондықтан да алдымен әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге тырыстық. Еңбекақыларын көбейтуге, олардың қоғамдағы беделін күшейтуге барымызды салдық. Кәсіби мерекеде, мемлекеттік мейрамдарда негізінен жұмысшы мамандық иелерін марапаттауға басымдық бердік. Бұл үрдіс кәсіпорында әлі де жалғасып келе жатыр.
Елімізде халық саны 20 миллионнан асады, оның ішінде 9 млн-нан аса азамат жұмыс істеуге қабілетті, әр салада еңбек етіп жүр. Азаматтардың 2 млн-нан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Олардың ішінде ірі бизнес өкілдерінен бастап, шағын кәсіпкерлер де бар. Елімізде сауда саласында шаруасын дөңгелеткенді құп көретін азаматтардың шоғыры қалың – 16%. Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім саласында еңбек ететін азаматтардың үлесі – 12%, өндірісте еңбек етушілер де 12%.
Жұмысшы мамандық иелері ұғымының ауқымы кең екенін ерекше айтып өткен жөн. Жұмысшы мамандықтар дегенде көбіне өндіріс саласына қатысты мамандарды ғана ескереміз. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңдеу саласында еңбек етіп жүргендер де көп. Бұлардың барлығы да – жұмысшы мамандық иелері.
– Өңірлерді аралап, өндіріс орындарына да жиі барасыз. Қай салада маман тапшылығы байқалады?
– Кадр тапшылығы әр салада бар. Жұмысшы мамандар, білікті кадрлар қашанда сұранысқа ие. Өңірлердегі өндірістерді, шаруашылықтарды, кәсіпорындарды аралағанда байқаймыз, жұмысшы мамандарға деген сұраныс жоғары, кадр мәселесі өте өзекті. Айталық, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері үнемі білікті мамандарға зәру екенін алға тартады. Ертеректе механизаторлардың, жүргізушілердің арнайы оқу курстарында біліктілігін шыңдап отыратын жақсы дәстүр болатын. Бүгінде ауыл шаруашылығына шетелден озық техникалар көптеп келіп жатыр. Оның тілін білетін талапты жас мамандар тапшы. Мұндай мәселе өзге салаларда да бар. Өйткені кейбір мамандық түрлеріне мамандар өте қат, тіпті табу қиын. Білікті мамандардың еңбегіне ауыл шаруашылығы саласында жоғары жалақы төленеді. Тіпті ай сайын 1 млн теңгеге дейін табыс табатын жұмыскерлер бар. Бүгінде ауыл шаруашылығы ұжымдарының басшылары жұмысшылардың біліктілігін арттырып, кадр мәселесін өздері шешуге талпынып, тырысып жатыр.
– Жұмысшы мамандықтарға жастарды қызықтыру ісі кенжелеп тұрған жоқ па?
– Жұмысшы мамандықтарға жастарды тартып, қызықтыра білудің маңызы жоғары. Мектептің жоғары сынып оқушыларымен келешекте кім боламын деген мәселе төңірегінде кездесулер өткізіп, жұмысшы мамандық иелерімен сұхбаттасып, өндіріс орындарына саяхат ұйымдастыру сынды жұмыс қарқынды жүргізілуге тиіс. Кәсіптік бағдар беру ісін күшейту де маңызды. Мұндай іс-шаралар жер-жерде жүзеге асырылып та жатыр. Әрі қарай жалғастыра беру қажет. Мектепте оқушылардың қабілет-қарымына, бейіміне қарай мамандықтарға дұрыс бағыттап, бағдар бере алсақ, бұл мәселені оңтайлы шеше аламыз. Келешекте қайсыбір салаларда жұмыс күші азайып, кадр тапшылығы тығырыққа тіремесін десек, мәселенің алдын алуға ұмтылған абзал.
Биыл өндіріс саласында ауқымды 190 жоба іске асырылады деп жоспарланды, оның жартысынан көбі жүзеге асты. Өндіріс орнының құрылысы жүргенде, кейін ашылып, іске қосылғанда да жұмыс күші қажет. Яғни мамандарға сұраныс әр кезде болады. Мұнай-химия, газ-химия, металлургия, тау-кен салаларында да іргелі өндірістер, кәсіпорындар салынады. Оларға біліктілігі жоғары кадрлар керек. Кәсіптік білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарында еңбек сұранысын қамтамасыз ететін мамандарды даярлау жүйелі жолға қойылуға тиіс.
Тағы бір түйткіл бізде өзінің мамандығымен жұмыс істемейтін, керісінше, басқа салада еңбек сіңіріп жүрген жандардың да қарасы көп. Өз қалауымен емес, адасып келіп не болмаса ата-анасының бағыттауымен оқығанымен, сол салада еңбек етуге құлқы болмайды. Жұмысқа орналасқанның өзінде игеріп кете алмай қиналады. Бір ғана мысал, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» компаниясын басқарған жылдары жұмысқа орналасуға ықылас танытатын азаматтар жиі келетін. Көпшілігінің мамандығы өндіріспен мүлде қабыспайды. Жұмыс беруші мекеме болғандықтан, оларды қабылдап, өндіріс технологиясын, еңбек қауіпсіздігін, жұмысшының міндеттері мен жүктемесін үйретуге уақыт кетеді. Яғни білім базасы жоқ жандарды сол салаға бейімдеуге компания қосымша қаражат шығындайды.
Қазір де маған сауал жолдаушылардың арасында жұмысқа орналасуға қолдау танытсаңыз деп хабарласатындар көп. Бірақ көпшілігінің жоғары білімі жоқ, кейбірі басқа мамандықты меңгерген, соған қарамастан өндірісте жұмыс істеуге ықыласты. Бұл проблема басқа салаларда да бар. Сондықтан әр үйде ата-ана баласынан келешекте қандай мамандық иесі болатынын сұрап, соған қарай бейімдесе, құба-құп. Әрбір жас маман өзінің меңгерген мамандығымен өнімді еңбек етуге талпынғаны дұрыс.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инвестиция тартуға баса мән беріп, тиісті органдарға тапсырма жүктеді. Қазынаға түскен қаржы өндіріс, кәсіпорындардың салынуына, жұмыс орындарының артуына септігін тигізетінін де баса айтты.
– Өндіріс, кәсіпорын салынып, іске қосылса, жұмыс орындары ашылып, сұраныс артады. Президент жуырда АҚШ-қа ресми сапармен барып, бірнеше елдің басшыларымен кездесті. Әлемдегі алпауыт компаниялардың, бизнес қауымдастықтардың жетекшілерін қабылдап, келіссөздер жүргізді, бірқатар келісімге қол қойылды. Жетекші мемлекеттер еліміздегі уран өндірісі, энергетика саласы, қаржы жүйесін цифрландыру сынды бағыттарға инвестиция құюға ықылас танытты. Кәсіпорындар салынса, жаңа жұмыс орындары қоса ашылады. Сол тұрғыда мемлекетімізге инвестиция тарту уақыт талабы әрі ешқашан маңызын жоймайды.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»