Қарттар күні – жыл сайын 1 қазан күні аталып өтетін мейірім мен құрметке толы мереке, ата-әжелерге, аға буынға деген алғыс пен сыйластықты білдіретін ерекше күн. Халықаралық Қарттар күні 1990 жылғы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында бекітілді.
Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу, бағалау, сондай-ақ олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жан-жақты қамқорлық көрсету.
Мемлекеттік саясаттың маңызды бір бағыты – аға буын өкілдеріне шынайы қамқорлық жасау. Елімізде қарттарды әлеуметтік қолдау шараларының тұтас кешені жүзеге асырылып келеді. Зейнетақы мен қамсыздандырудың тиімділігі арта түсті, аға буын өкілдерін қоғамдық өмірге араластыру туралы бағдарламалар жұмыс істейді. Мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетіледі.
Қарттар – өткеннің шежіресі, өмір тәжірибесінің, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің сақшылары, жанашырлары. Олардың сөзі – өсиет, ісі – өнеге.
Бұл күні елге еңбегі сіңген зейнеткерлерге құрмет көрсетіліп, олардың хал-жағдайына жан-жақты назар аударылады. Арнайы мәдени іс-шаралар, қайырымдылық көмектер көптеп ұйымдастырылады.
Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазірде елімізде 100 жастағы, одан да үлкен жастағы 448 азамат бар. Ең жасы үлкен отандасымыз Ұлытау облысында тұрады, оның жасы – 115-те. Айта кетелік, 100 жасқа толғандардың басым көпшілігі Алматы қаласында тұрады, онда 100, одан жоғары жастағы 58 адам бар. Ұзақ өмір сүрушілер саны жөнінен екінші орында – Түркістан облысы. Онда 100 жастан асқан 53 адам тұрады. Үшінші орында – Алматы облысы, онда 37 адам тұрады. Ең қарт отандастардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 115 жас, Павлодар облысы – 113 жас, Жамбыл облысы – 110 жас кірді.
Мемлекеттің қарттарға жасаған қамқорлығы елдегі әлеуметтік саясаттың сапасын көрсетеді. Айтулы күні қарияларға құрмет көрсетіліп қана қоймай, оларға біржолғы өтемақы да төленеді. Дегенмен еліміздің әр өңірінде қарттарға көрсетілетін қолдау әрқилы ұйымдастырылған. Мәселен, елорда зейнеткерлеріне жыл сайын бір реттік ақшалай көмек берілсе, Алматыда мұндай төлем қарастырылмаған. Қарттар күніне орай астаналық зейнеткерлерге 2,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 9 830 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы беріледі. Бұл төлемді елорданың 100 мыңға жуық тұрғыны алады. Алматыда, әкімдігінің мәліметінше, қарияларға қолдау көрсету жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын 13 түрлі әлеуметтік қызмет арқылы жүзеге асырылады. Шымкент қаласында 70 жасқа толған, одан жасы асқан адамдарға 3 АЕК мөлшерінде (11 796 тг) бір реттік әлеуметтік көмек, 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 АЕК мөлшерінде (7 864 тг) ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек беріледі. Атырау облысында мүгедектігі бар зейнеткерлерге қазан айында 7,5 АЕК (29 490 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл өңірдегі зейнеткерлер саны – 71 956 адам. Сондай-ақ 2023–2025 жылдар аралығында Теңізшевройл ЖШС-нің қолдауымен 300 жалғызілікті қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдар Атырау шипажайында ем қабылдаған. Қарағанды облысында да қарттарға біржолғы өтемақы беріледі. Оған жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген, 70 жастан асқан 51 648 адам біржолғы төлем алады.
Зейнеткерлердің қаржылық ауыртпалығын жеңілдету үшін бірқатар салықтық жеңілдік те қарастырылған. Айталық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастан қолданысқа енетін жаңа Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағына сәйкес, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы арқылы төленетін барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Бұл – базалық, ынтымақты, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы жинақтары да салық салуға жатпайды деген сөз. Жеңілдік зейнеткерлердің өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған. Дегенмен жеңілдіктер тек заңда көрсетілген шектеулер шеңберінде ғана беріледі. Сондықтан заңнаманы үнемі бақылап отыру, қажет болса, салық органдарына нақтылау үшін жүгіну – өте маңызды.
Халқымыз қашанда үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің темірқазығы санаған. Қарт адам – өмірдің талай белесін артқа тастап, ұрпақ өсіріп, елге еңбек сіңірген тағылымды тұлға. Қария – отбасының ақылшысы, ұлттық салт-дәстүр мен рухани мұраның мәйегі. Олар арқылы ұлттың тарихы мен тәрбиесі жалғасады. Зейнет жасындағы адамдар кезінде ел дәулеті жолында еселеп тер төккен. Қоғамның сол есепсіз еңбекті бағалап, құрмет көрсетуі – әділеттілік пен азаматтықтың көрінісі.