Елдің дамуы мен қоғамның тұрақтылығы ең алдымен заң үстемдігі әрі тәртіпке бағыну мәдениетіне тікелей байланысты. Өйткені заң бар жерде құқық қорғалады, тәртіп бар қоғамда теңдік орнайды. Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін заңның беделі биік тұруға тиіс, ал азаматтар өз кезегінде сол заңды құрметтеп, тәртіпті сақтауы қажет. Сондықтан да Президентіміз биылғы Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекетіміздің мызғымас тұғыры деп айрықша атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда осы қағидатты түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы орган арасында ортақ көзқарас пен ұстаным болуға тиіс екенін шегелеп айтты. «Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деді ол Жолдауда.
«Заң және тәртіп» қағидатын бүгінгі Әділет органдарының қызметкерлері күнінде қозғап отырғанымыз бекер емес. Өйткені елімізде заң үстемдігі мен тәртіп бұлтартпастығын жүзеге асыру тізгіні берілген саланың бірі осы. Нақтырақ айтқанда, әділет органдарына жүктелген ең басты міндет – заң шығару үдерісіне бастамашы болу, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік құқықтық саясатты қалыптастыру.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, еліміздегі барлық бастама мен реформалар ең алдымен қоғам игілігі үшін жасалады. Бұл жұмыстарды жеделдету әрі халыққа түсінікті де қолжетімді ету үшін бүгінгі таңда қызметтерді цифрландыру мен онлайн форматқа көшіру, сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану ісі қарқынды қолға алынған. Ол әділет органдары алдында тұрған ауқымды жұмыстардың қатарында заң шығару үдерісін заманауи құралдарды қолдана отырып цифрландыру, көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оларды цифрлық форматқа көшіру және сот актілерінің орындалуын жақсарту тұрғынан екенін айтып өтті.
«Заң шығару үдерісін заманауи құралдар арқылы цифрландыру заңдарды сапалы әзірлеуге, нормалар ішіндегі қайшылықтарды болдырмауға, сондай-ақ азаматтардың құқығын әділ қорғауға жол ашпақ. Осыған орай жасанды интеллектінің көмегімен «Әділет» құқықтық кеңесшісі әзірленді. Ол азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек беруге арналған. Артықшылығы – құқықтық сұрақтарға жауап бергенде деректерді ашық интернет көздерінен емес, нақты қолданыстағы заңнамадан, ресми нормативтік-құқықтық актілерден алады. Сонымен қатар алдағы уақытта ЖИ көмегімен нормативтік-құқықтық актілерді талдап, өзара қайшылықтары бар нормаларды іздеу, заң техникасына сәйкестігін тексеру, болжау және басқа да функционалды енгізу жоспарда тұр», дейді министр.
Оның айтуынша, әділет органдары ұсынатын қызметтер арасында «Е-notariat» арқылы жылжымайтын мүлікті рәсімдеуге, «Zan-komegi» платформасында құқықтық кеңес алуға болады. Салада атқарылып жатқан жұмыстар сайып келгенде қоғамда заң үстемдігін орнату мен бюрократия кедергілерін жою арқылы халықтың билік органдарына деген сенімін қалыптастырады. Министр Е.Сәрсембаев әділет дегеніміз жай ғана жүйе емес, азаматтардың тағдырына тікелей әсері бар тірек, ал әрбір шешім шын мәніндегі әділ мемлекет қалыптастыруға бағытталған қадам екенін айтады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының да мәні осы болса керек.