«Қазақ газеттері» серіктістігінің шаңырағында Maqsut Narikbayev University студенттері қонақ болды. Халықаралық журналистика мектебінде білім алушылар «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясымен танысып, тәжірибелі мамандардың дәрісін тыңдады.
Кездесу алдымен редакцияның мәжіліс залынан басталды. Мұнда студенттерді бас директор Дихан Қамзабекұлы бастаған шығармашылық ұжым қарсы алды. Серіктестік басшысы журналистиканың қоғамдық рөлі тақырыбында сөз сөйлеп, оның алдағы болашағының бағдарын түсіндірді. Оның айтуынша, басылым бетінде жарық көретін әрбір әріп пен әр сөздің артында үлкен жауапкершілік бар, сол себепті газет журналистикасы сауаттылықты, мәдениеттілікті және ұқыптылықты үйретеді.
Сонымен қатар директор орынбасары Қамбар Ахмет студенттерге журналистік этика хақында толымды мағұламат берді. Ақпаратты шындық сүзгізінен өткізу, сараптау, жариялау үдерістерінің сатыларын баянадады.
Сөз барысында бас редактордың орынбасары Талғат Батырхан да студенттерге өзінің тәжірибесінен маңызды кеңестер берді.
«Журналистика – үйрететін емес, үйренетін өнер». Шығармашылық жұмыс болғаннан кейін тілшіден күнделікті ізденіс талап етіледі. Тілші кез-келген сәтте, кез-келген жағдайда жазуға дайын болуы тиіс. Бұл үшін практикалық еңебектің маңызы зор», деді Т. Батырхан.
Одан бөлек, басқа да бас редактор орынбасарлары студенттерге кәсіби машықтарын арттыратын кеңестерін айтты.
Кездесуден соң, студенттер редакцияның түрлі бөлімдеріне экскурсия жасады. Олар саясат және құқық, білім және ғылым, мәдениет және әдебиет, әлеумет және спорт бөлімдерінің тілшілерімен жүздесіп, қызмет барысын байқады.
Сонымен қатар Интернет-радакция бөліміне келіп сайт жүйесімен, оның жұмыс тәртібімен танысты.
Одан шыға бере, студенттер газет бетінің әзірлену, тексерілу кезеңін бақылап, кәсіби редакциялау жұмысының қыр-сырын ұғынды.
Жиын соңында газеттің аға тілшісі Бекен Қайратұлы болашақ тілшілерге ақ сапар тілеп, естелік сыйлықтарын тарту етті.
Арайлым МАЙСАТАЙ,Maqsut Narikbayev University студенті