Елімізге Италия Президенті Серджо Маттарелла алғаш рет ресми сапармен келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақордада Италия басшысын салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, онда Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Сондай-ақ құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды.
Ынтымақтастықтың жаңа парағы
Қарсы алу рәсімінен кейін президенттер келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың мемлекетімізге сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.
– Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін, – деді Қазақстан Президенті.
Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.
– Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын, – деді Италия Президенті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлемі мен ықыласын жолдады.
Үш ірі сауда серіктесіміздің бірі
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелланың келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық берік саяси диалогке, қарқынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарға арқа сүйейтінін атап өтті. Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанына назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.
– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның кейінгі 20 жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 млрд долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.
Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кездесуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында басты спикер ретінде баяндама жасағанын ықыласпен еске алды.
Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.
– Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Орталық Азиядағы алғашқы мәдениет орталығын Астанада ашқан. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Серджо Маттарелла.
Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.
Достық пейілдің айғағы
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Италия Президентіне халықтың қолдауына ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.
– Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым табысқа жетті. Әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін мемлекеттің бірі. Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың құнды қазынасы. Сіздер аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарып жатсыздар. Халықаралық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келесіздер. Бұл – Сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі. Өзіңіздің басшылығыңызбен Италия алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың екі ел қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
– Саяси диалогіміз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Көпжақты құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Мен Сіздің бұл бағыттағы еңбегіңізді ерекше бағалаймын. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қос халықтың достығы нығая береді. Бүгінгі келіссөздер мен уағдаластықтар стратегиялық серіктестігімізді күшейте түседі деп ойлаймын. Біз осы жолда бірлесіп әрекет етуге дайынбыз, – деді Президент.
Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.
– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты.
Римде – Абай, Астанада Марко Поло есімі жаңғырмақ
Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Италия Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде.
– Саяси диалогіміз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 млрд долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 млрд доллар болды. Италия – біздің ең ірі инвестициялық серіктесіміздің бірі. Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп келеді. Бұл ел Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері шамамен 7,6 млрд доллардан аса қаражат құйды. Осы бағыттағы қарым-қатынасымыз ойдағыдай дамуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Италия Президентімен мазмұнды келіссөз жүргізілгеніне назар аударды. Кездесуде Президенттің былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылаған. Cонымен қатар тараптар ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескен.
– Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін, ең алдымен, іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ біз екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды қарастыратын болдық. Әсіресе энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық. Осы жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесін пысықтадық. Халықаралық көлік дәліздерінің, соның ішінде Транскаспий дәлізінің әлеуетін сөз еттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, президенттер цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы пікірлескен.
– Мен бұл салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Ертең Президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – «Astana Hub»-қа барады. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісіне мән берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорда көшелерінің біріне Италияның ұлы саяхатшысы Марко Полоның аты берілетінін мәлімдеді.
– Келесі жылы Италияда «Көшпелілер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Осы сәтті пайдалана отырып, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдаймыз. Осындай тағылымды іс-шаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз, – деді Президент.
Тараптар келіссөз кезінде білім саласына да айрықша тоқталған.
– Қазіргі таңда Италияның үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның 4 мыңнан аса студенті білім алып жатыр. Сол үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамын. Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің негізінде Марке политехникалық университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Оқу орны жас ұрпақтың жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Серджо Маттарелламен бірқатар халықаралық өзекті мәселе бойынша пікір алмасқанын жеткізді.
– Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына қатысты алаңдаушылық білдірдік. Қос тарап барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек деп санайды. Қазақстан мен Италия халықаралық ықпалдастықты күшейтуге мүдделі. Жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту ісіне белсене атсалысуға дайын. Біз бір-біріміздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Осы орайда «Орталық Азия – Италия» диалог алаңы аймақтық деңгейдегі әріптестігімізді жандандыра түсері анық. Италия тарапының бастамасымен оның алғашқы отырысы биыл Астанада өткенін білесіздер. Осылайша, халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз нығайып келеді. Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткені үшін Италия тарапына зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Өз кезегінде Серджо Маттарелла Италия мен Қазақстан арасындағы берік достықты бекемдей түсу үшін Астанаға арнайы келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, оны одан әрі өркендетуде маңызды рөл атқарады.
– Италия мен Қазақстанның ғасырлардан тамыр тартатын мәдени және тарихи дәстүрі бар, археологиялық және көркемөнер мұрасы өте бай. Бұл біздің гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастығымызды тереңдетуге берік негіз қалайды, – деді Италия Президенті.