• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:00

Третьяков галереясына жол тартты

10 рет
көрсетілді

Қазан айында Ресейде Қазақстан мәдениетінің думаны қызбақшы. Осыған орай, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің коллекциясынан алынған жауһар туындылар Мәскеудегі атақты Третьяков галереясына жол тартты.

Отандық өнер му­зейі дайындаған «Қазақстан өнері­нің жауһарлары» көрмесі Мемлекеттік Третьяков галереясында 7 қазанда ашыл­мақшы. Елімізден аттанған экспозицияға ХХ ғасырдың бірнеше буынының 60-тан астам кескіндеме және мүсін шығармасы енген.

Ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы қазақ кескіндемесінің атасы Әбіл­хан Қастеев есімімен байланысты. Оның картиналары өткен ғасырдың басындағы көшпелі өмір өзгерістерінің шежіресі іспетті. 1930–1940 жылдары кәсіби мектептің дамуына көршілес елдердің әр аймағынан келген суретшілер ықпал етсе, 1950 жылдары сурет өнерінің негізін Алматы көркемсурет училищесінің түлектері қалады. Айша Ғалым­баева, Гүлфайрус Исмаи­лова, Молдахмет Кен­баев, Сабыр Мәмбеев, Қана­пия Телжанов, Кәміл Шаях­метов ту­ындылары ұлттық тақырыпқа із салуымен ерек­шеленді.

Бұлардың арасында Айша Ғалымбаева қазақ натюрморты жанрын қалыптастырды. Гүлфайрус Исмаилова оған айрықша декоративтік реңк берді. Қанапия Телжанов пен Сабыр Мәмбеев көшпелі мәдениетті романтикалық тұрғыда бейнелеп, адам мен табиғаттың мәңгілік бірлігін көрсетті. Сондай-ақ Сергей Калмыков заманының алдына шығып, өзіндік эстетикалық бейнелер жүйесін жасады.

«Алпысыншы жылғылар» буынының айтулы өкілдері Сали­хитдин Айтбаев, Тоқболат Тоғысбаев, Шаймардан Сариев – кескіндемеге символика мен түстік-пластикалық экс­перименттер әкеліп, жаңа көр­кемдік өрнекке құлаш ұрды.

1970–1980 жылдары шы­ғармашылықтың даралық қырына басымдық берілді. Камиль Муллашев «Жер мен уақыт. Қазақстан» трипти­хін­де республиканың тың, ғарыш­тық және индустриялық бейнесін сомдады. Ерболат Төлепбаев кескіндемеге терең философиялық сипат дарытты. Амандос Ақанаев көшпелі өркениеттің киелі нышандарына жаңа мән берді.

1990 жылдары өнердің философиялық мазмұны кү­шейді. Бақыт Бапишевтің еңбектерінде архаикалық дәстүр абсолюттің метафорасына айналса, Марат Бекеевтің полотноларында көне түркі әлемінен тамыр тартатын адам мен ғалам туралы миф көрініс тапты.

Бұған қоса, көрермендерді Төлеген Досмағамбетов, Ер­кін Мергенов, Ольга Про­кофева, Ескен Сергебаев сынды еліміздің әйгілі мүсін­шілерінің туындыларымен де таныстырады. Бұл еңбектер қазақстандық мүсін өнері ше­берлерінің шығармашылық ізденіс бағыттары мен басты қызығушылықтарын айқын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар