Түркістан қаласында қолөнершілер қалашығының ресми ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ Түркістан қаласының халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болуына орай «Түркістан – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық фестиваль, «Turkistan world craft fest-2025» халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.
Халықаралық фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей елдерінен 100-ге жуық қолөнерші келді. Еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық қолөнер шебері қатысты. World Craft Council халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев Түркістан «Түркістан– қолөнершілер қаласы» мәртебесі куәлігін табыстады.
– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы заңға қол қойды. Қабылданған заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, жергілікті қолөнершілердің кәсібін дамытуға жол ашылды. Ұлттық дәстүрді қолдау мақсатында Қолөнер қалашығының құрылысын жүргіздік. Бүгін «Turkistan World Craft Fest» халықаралық фестиваліне арнайы жиналған әлем шеберлері ерекше орталықтың жұмысына жаңаша серпін береді деп сенеміз. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи шаһар ежелден қолөнер мен сауда орталығы болған. Қазіргі таңда облысымызда 130-дан астам шебер еңбек етуде. Кешенде ұлттық қолөнердің сан түрлі бағыттары тоғысып, өңірімізге келетін туристер үшін жаңа мәдени орталыққа айналады. Қалашық тек сауда-саттық орны ғана емес. Бұл – шеберлердің тәжірибе алмасатын, жаңа туындыларын ұсынатын, жастарды өнерге үйрететін үлкен орталық, – деді салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Бірегей кешен – ұлттық қолөнерді жаңғырту, туризмді дамыту және шеберлерге қолдау көрсету мақсатында жүзеге асқан маңызды жоба. Туристік және мәдени бағыттағы кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тежірибе алмасады. Ерекше кешен жеке инвестиция есебінен салынған.
Салтанатты шара аясында 100 керамика шебері бір мезгілде құмыра жасады. Қолөнер бұйымдарының көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, мәдени-танымдық және концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. «Fashion» этно сән үлгісінің көрсетілімі өтті. Танымал әншілер әуезді әндерді шырқады.
Фестиваль Достық үйінде «Түркістан қолөнер мұрасы және туризімнің болашағы» атты халықаралық қолөнершілер форумына ұласты. Қазақстандық және шетелдік ұйым басшылары бас қосқан форумға Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің вице-президенті Айдархан Калиев модератор болды. Отандық қолөнершілерге шетелдік шеберлермен тәжірбие алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен форумға 70-тен астам шетелдік қонақ, түрлі ұйым өкілдері, қолөнершілер қатысты.
Форумда сөз алған қатысушылар ұлттық өнерді ұлықтауға шақырды. Түркістанды халықаралық деңгейде ірі туризм орталығына айналдыру, қолөнерді жамыту бағытындағы идеяларын ортаға салды.
ТҮРКІСТАН