• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:00

Жаңашыл технологиялық үрдіс ел дамуының келешегін айқындайды

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысына қатысып, сөз сөйледі. Президент сөзінің басында ғылым мен технология барлық мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды.

Жетістігіміз ғылыммен өлшенеді

– Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысын баршаңыз көріп отырсыздар. Жаһандық геосаяси ахуал тұ­рақ­сыз, құбылмалы, сын-қатер­­лер аз емес. Бірақ қытай хал­қы­ның белгілі пайымдауы­на сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүм­кін­­діктер туады. Қазір – инвес­ти­цияның, ғылым мен жоғары тех­нологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономика­лық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мем­лекет­тер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсеке­лестік те күшею­де, бұл – түсінікті, заң­ды үрдіс. Сон­дықтан біз де осы са­­лаға баса мән беруі­міз керек, нақ­­ты нә­ти­желерге қол жет­кізуі­міз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халыққа Жол­­дауын­да алдымызға айқын мақ­­сат қойыл­ғанын айтты. Соған сәй­кес, Қазақстан алдағы үш жыл­дың ішінде цифрлық ел болуы ке­рек, жасанды интеллектінің мүм­кін­діктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет.

– Бірнеше күн бұрын Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Бас Ассам­блея­сындағы сөзімде еліміздің даму бағдарына арнайы тоқталдым. Сондай-ақ дүние жүзінде болып жатқан үдерістерге Қазақстан­ның көзқарасын білдірдім. Жаһан жұрты береке-бірлікте өмір сүру үшін өзара сыйластықты, теңдік пен ынтымақтастықты таңдауы қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында табысты қарым-қатынас орнайды. Осы айдың басында Қытайға ресми сапармен барғанымды білесіз­дер. Онда құны 15 млрд дол­лар болатын 70 инвестициялық келісім­ге қол қойылды. АҚШ-қа сапа­рым кезінде әлемдік компа­ния­лар­дың басшылығымен келіссөз­­дер өткіздім. Оның ішінде «Amazon», «Meta» сияқты жасанды ин­тел­лект және жоғары техноло­гия саласын­дағы ірі корпора­ция­­лар бар. Сондай-ақ қар­жы-ин­вес­­ти­ция сала­сындағы «Goldman» «Sachs», «Blackstone», «Cerberus Capital Management», «Citigroup» кор­порацияларының жетек­ші­­лері­мен кездестім. «Wabtec», «PepsiCo» және басқа да ірі компания­­лармен коммерциялық келісім­дер жасалды. Сапар аясында экономи­камыз­дың басты салаларын қамтитын 11 келісімшартқа қол қойылды, жалпы құны 5,2 млрд доллардан асады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің келешегі жар­қын болғанын қаласақ, жоғары технология мен жасанды ин­тел­лектіні қазірден бастап тиім­ді пай­далану керек екенін атап өтті.

– Сондықтан кейінгі жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жо­ғары оқу орнымен серіктестік орнат­тық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашыл­ды. Технология парктері және ин­жиниринг орталықтары құры­лып жатыр. Ұлттық Ғылым академия­сының беделі нығая түсе­тін болды. Әр аймақта Ғылым жөнін­дегі ке­ңес­тер жұмысқа кірісті. Ғалым­­дар­­­дың мүддесін қорғауға баса мән бе­ріп отырмыз. «Ғылым және техно­логия­лық саясат туралы» жаңа заң қабыл­данды, ғылымды басқару­дың жаңа құқық­тық негізі қалан­ды. Ұлттық ғылымның кадрл­ық әлеуетін нығайту – аса маңызды, түйін­ді мәселе, оны басты назарда ұстау қажет. Жас ғалымдарға барынша жағдай жаса­ла беруі керек. Жалпы, алда әлі де көп жұ­­мыс бар, бұл жұмысқа бәріміз бір­ге жұ­мы­лып, бір ұжым болып, тия­нақ­ты қаты­суы­мыз керек. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қа­лып қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Ядролық энергетиканың әлеуеті

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің осы жиынында атом саласын дамыту мәселесі талқыланды. Президент көтерілген маңызды мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін айтып, өз пікірін ортаға салған ғалымдарға ризашылығын білдірді.

– Елдің энергетикалық қауіп­­сіздігін және дербестігін қам­та­ма­сыз ету – стратегиялық мін­дет. Біз түрлі салаға озық техно­ло­гия­ларды енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобалар қолға алы­ну­да. Оның бәрін табысты жүзе­ге асыру үшін электр энергия­сы жеткілікті болуы қажет. Сон­дық­тан біз қуат көздерін жан-жақты жаңғырту жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрдық. Жалпы­ұлттық референдумда атом электр стансасын салу жөнін­де шешім қабылдадық. Шын мәнінде, атом энергиясы – еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі. Біз ғана емес, күллі жаһан жұрты осы саланы дамытуға мықтап кірісіп жатыр. Дүние жүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден аса ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 мемлекетте ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Біз осы салада озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастыққа баса мән береміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы таяуда Қазақстан­дағы алғашқы атом электр стансасын салу бойынша жұмыстар басталғанына назар аударды. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.

– Тиісті агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөз­дер өткізген кезде әрдайым еліміз­дің мүддесін ескеруі қажет, келі­сім­дер­дің барлығы әділетті, теңге­рімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе. Әрине, біз бір атом электр стансасымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом стансасын қазірден бастап жоспар­лай беруіміз керек. Қытай Төраға­сы­мен кездесуде біз осы мәселені тал­қы­ладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытын­дағы ықпалдастығын кү­шейте береді. Қытай­дың өзінде ал­дағы 15 жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін атап өтті.

– Қазақстанда бұл салаға қажет­ті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Біз – уран өндірісі бо­йынша әлемдік көшбасшы мем­лекеттің біріміз. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Осы басымдығымызды дұрыс пайдалану қажет. Атом стансасы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек. Жалпы, елімізде атом саласының ғылыми негізі бұрыннан бар. Кезінде әйгілі академик Қаныш Сәтбаев КСРО Министрлер кабинетіне хат жазып, Қазақстанда ядролық физиканы дамыту мәселесін көтерген. Көп ұзамай 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институты ашылды. Міне, сол кезеңнен бас­тап елі­мізде әлемдік талапқа сай ғы­лы­ми-технологиялық инф­ра­құры­лым қалыптаса бастады. Астана, Алматы және Курчатов қала­ларын­да арнайы қондыр­ғылар іске қос­ылды, онда отандық және шетелдік ғалымдар белсенді жұмыс істеуде. Бертінге дейін Қазақстан, негізінен, шикізат экс­порт­тады. Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйек­ті түр­де арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашыл­ды. Атом электр стансасы бұл сала­дағы өндірістік циклді то­лық аяқтауға мүмкіндік береді. Со­ның арқасында атом энерге­ти­ка­сы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлт­тық салаға айналмақ. Бұл – өте күр­делі жұмыс. Сондық­тан ға­лым­да­ры­мызға зор жауап­кер­шілік жүк­­теледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Технократ ұлтқа айналудың маңызы

Президент еліміздің атом ғылымындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бірінші кезекте осы саланың кадрлық әлеуетін арттыру қажет екенін жеткізді.

– Елімізде білікті инженерлер, техникалық мамандар тапшы. Бұл – шын мәнінде, өте өзекті мәселе. Атом саласындағы жағдай да дәл осындай. Ахуалды жедел түзеу керек. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектер­дің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарға басымдық берген абзал. Менің тапсырмам бойынша «Болашақ» стипендиясының 70 пайызға жуығы техникалық-инженерлік мамандық иелеріне беріле бас­тады. Былтыр жасанды интеллект саласына жыл сайын 50-ден аса стипендия бөлу туралы шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота беріледі. Мұны технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір жер қойнауын игерушілер өз табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатқанына мән берді.

– Бұл – салық емес, оны еліміз­дің технологиялық әлеуетін арт­ты­руға үлес қосу деп түсінген жөн. Үкімет осы қаражаттың бір орта­лықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар құруға ерекше назар аудару қажет. Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарас­­тырған жөн. Жалпы, инсти­тут­тың әлеуеті жоғары. Еліміздің жа­ңа ғылыми қалашығын осы меке­менің негізінде құруға болады. Сонымен қатар мемлекеттің қар­жылық мүмкіндіктерін еске­ріп, құны бірнеше млрд тұратын жоба­ларға шашылмаған дұрыс. Бұл осы­ған ұқсас басқа да жоба­ларға қа­тысты. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере оты­рып, Курчатовтағы ғылыми қалашық­тың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Аталған жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядро­лық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндіріс­тік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек. Соны­мен қатар ядролық инфра­құрылым­ды ны­ғайту үшін мемле­кет-жекемен­шік серіктестігінің тиімді тетік­терін әзірлеу міндеті тұр, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, тағы бір өте маңызды бағыт – ядролық медицинаны дамыту.

– Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға болады. Бұл, әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет, – деді Президент.

 

Жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы

Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканы жан-жақты жаңғырту жуырдағы Жолдауының өзегі болғанын еске салды.

– Бұл міндет ғылым саласына, әсіресе, атом секілді иннова­ция­лық бағытқа тікелей қатысты. Цифрлық шешімдер ядролық нысандардың қолданыс циклін ұтымды басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығынды азайтып, барлық үдерістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Жасанды интеллект аталған мүмкіндіктерді бірнеше есе күшейтеді. Қазіргі дамыған әлем жаңа технологиялық қалыпқа сәйкес түбегейлі экономикалық өзгерістер мен жаңғыру дәуіріне аяқ басты. Дәл осындай тарихи бетбұрыс кезеңінде көптеген ел өз мүмкіндіктерін жұмылдырып, дамуда зор серпіліс жасады, ғылыми-технологиялық жарыста алға озды. Оған тарихи мысалдар жеткілікті. XV-XVI ғасырларда Қытай әлемдегі экономикасы ең ірі ел болды, оның әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 60 пайызға жетті. «Аспанасты елі», «Орталық мемлекет» деген ұғымдар, соның ішінде императорға шетел өкілдеріне дейін тағзым ететін тиісті протоколдық рәсімдер осыдан шыққан. Бұдан кейін Англияда индустриалдық революция орын алып, іштен жанатын қозғалтқыш пайда болды. Қытай бұл өзгерістерден тыс қалды, соның салдарынан «апиын соғысы» деп аталған екі сыртқы агрессияның құрбанына айналды. Жаңа дәуірдегі Қытайдың кейінгі басшылары тарихи қателіктен сабақ алып, ғылымға, жоғары технологияға, жасанды интеллектіге басымдық берді. Оның нәтижесі айдан анық. Қазір Қытай барлық ел санасатын әлемдік державаға айналды. Сондықтан жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, шын мәнінде, біздің ұлттық стратегиямыз. Еліміздің болашағы мен оның әлемдегі озық мемлекеттер санатында болуы осы идея­ны жүзеге асыруға тікелей байланысты. Жаппай цифрландыру азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, еліміздің орнықты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалайды. Аталған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне сенімім кәміл. Мұндай саясат жастар арасында кеңінен қолдау тауып жатыр. Өскелең ұрпақ заман талабын жақсы түсінеді әрі технологиялық жаңалықтарға ашық. Әйтсе де қоғамда бұл мәселеге және күн тәртібіндегі басқа да проблемаларға күмәнмен қарайтындар бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Алайда мұндай ой-пікірлерді де ескеру қажет. Бәзбіреулер үшін мұндай міндеттер нақты іске ұласпай, сөз күйінде қалатындай көрінуі мүмкін. Бірақ Жолдауымда анық айттым: біз үшін, жалпы еліміз үшін басқа жол жоқ, әйтпесе ілгерілеуден, прогрестен, яғни даму көшінен қалып қойсақ, қауқарсыз, әлсіз халық боламыз, сыртқы күштердің кемсітуіне ұшыраймыз. Бұл – жай бәсеке емес, мәселе – басқада. Түптеп келгенде, бұл – Қазақстанның дербес ел ретінде өміршеңдігі деген сөз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың негізгі мақсат-міндеттері жайындағы ойы­мен бөлісті.

– Менің негізгі миссиям – қазіргі алма­ғайып кезеңде еліміз­дің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіз­дігін нығайту, әлеуметтік-экономи­калық дамудың берік іргетасын қалау. Бұл туралы ұдайы айтып келемін. Менің барлық шешімдерім осы өзекті міндеттерді іске асыруға бағытталған. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – іргелі әрі ұзақ процесс. Оның әлем экономикасына жанама әсерлері мен ықпалын мұқият зерделеп, анықтау қажет. Алайда бұл технологиялық үрдіс бүкіл халықтар мен мемлекеттердің келешегін айқындайды. Бұл салада қатып қалған қағида жоқ. Сондықтан біз жылдам қимылдап, ең батыл шешімдер қабылдаудан қорықпауымыз қажет. Сонда ғана біз өзімізге жүктелген тарихи миссияны орындай аламыз, яғни қалыптасып жатқан жаңа әлемнен лайықты орнымызды аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, атом саласының ғылыми-техноло­гиялық әлеуетін күшейту ісінде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор.

– Бұл бағытта біз жақсы нәти­жеге қол жеткіздік деп айтуға бола­ды. МАГАТЭ, Біріккен ядро­лық зерттеулер институты (Ресей), Бүкіләлемдік ядролық уни­вер­­с­итет (АҚШ), Еуропалық ядро­­­лық зерттеулер орталығы (CERN, Швейцария) және басқа да танымал ғылыми мекемелер­мен тиімді серіктестік жолға қойылды. Ғалымдарымыз термоядролық синтез, ядролық материал­тану, радиа­циялық технология сала­ларындағы жаһандық ғылыми жо­баларға атсалысуда. Мұндай ха­лық­аралық маңызды бастамаларға қатысу біздің ядролық ғылымның әлеуетін көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар инвестиция тартуға, бірегей технология мен білім трансферіне септігін тигізеді. Үкімет ядролық ғылым саласындағы халықаралық әріп­тестікті күшейте түсуі керек. Сондай-ақ Қазақстанның көп­жақ­ты зерттеу жұмыстарына қаты­су мәселесін пысықтауға тиіс. Атом энергиясы жөніндегі агент­тік атом ғылымын дамыту үшін ұзақ мерзімге арналған ғылы­ми-техни­калық бағдарлама әзір­леуі керек. Құжатта оны қаржы­лан­дыру­дың нақты жолдары көрсе­тілу­ге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бірінші атом электр стансасын салу – ауқымды жұмыстың басы ғана. Бәсекеге қабілетті әрі дербес атом индустриясын қалыптастыруға күш салған жөн. Сонда біз энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмаймыз.

– Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік осыған қатысты стратегиялық құжат дайындап жатыр. Онда энергия тапшы аймақтарда шағын модульді реакторлар орнату мәселесі қамтылуға тиіс. Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіз­дім: бұл кең ауқымды алаяқтық­қа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ Президенті Дональд Трамп та жуырда Біріккен Ұлт­тар Ұйымында сөз сөйлеген­де «Климаттың өзгеруі дегеніміз  – жаһандық алаяқтық» деп дәл солай айтты. Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық. Қазір Қазақстанда 118 млрд киловатт энергия өндіріледі. Бұл – жеткіліксіз. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні қарқынды дамытсақ, әлдеқайда көп энергия керек болады, бұл – анық нәрсе. Сондықтан елімізде барлық энергетика көздерін тиімді пайдалану қажет. Ең алдымен, көмір. Қазақстан жылына шамамен 113 млн тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ Президенті «Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды» деп өте дұрыс айтты. Расында, жел стансалары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай стансалар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес, – деді Президент.

 

Ғалымдардың жасампаздық жолы

Мемлекет басшысы атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс екенін ескертті.

– Ядролық энергетика­ның негізін қалау – ауқымды жалпы­ұлттық міндет. Атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі саналатынына қарамас­тан, АЭС құрылысында барлық эко­ло­гиялық норманы сақтау – бас­ты талап. Ғылыми және қоғам­дық ұйымдармен конструктив­ті ықпал­дастықты жолға қою ма­ңызды. Азаматтарымыз­дың белгілі бір бөлігінде радиофобия бар. Одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу қажет. Атом жобаларын жүзеге асыру бары­с­ында жергілікті бизнестің мүддесін ескеріп, отандық үлестің деңгейін барынша қамтама­сыз ету керек. Кәсіпорындарымызда аталған саланың жоғары стандарттарына сай өнім шығару үшін ғалымдардың, инженерлер мен өнеркәсіп мамандарының күш-жігерін жұмылдырған жөн. Ядролық энергетика кең бейінді кәсіптік техникалық мамандар даярлауға тың серпін береді. Біз техникалық білім саласы дамыған цифрлық державаға айналуымыз керек. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысты өте маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Ахмет Байтұрсынұлы «Ғылым мен өнер артқан сайын бейнет кеми түседі» деген. Ғылыми жетістіктерді барлық салада жаппай пайдалану қажет. Ғылымсыз ештеңе де берекелі болмайды. Бұл анық нәрсе. Ал білім болмаса, қараңғылық пен надандық белең алады. Сондықтан қоғамда ғылым-білім культін орнықтыру қажет. Лайықты ғалымдарды, әсіресе, жас мамандарды қосымша қаржыландыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт­тың қаржылық, ақпараттық, цифрлық және басқа да саладағы сауатын арттыру мәселесін көтерді.

– Ғалымдар әрдайым жасам­паздық жаршысы болуға тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы халыққа ақыл айтатындар көбейіп кетті. Олардың арасында жалған ақпарат таратып, жұртты адастыратын адамдар аз емес. Осындай санасыз, пиғылы арам адамдардың теріс ықпалына түсіп, кейбір жастар ғаламторда неше түрлі өсек немесе халықты арандатуды көздейтін материалдар жаза бастады. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Тиісті мекемелер заманауи технологияларды пайдалана отырып, осындай деструктивті жазбаларды жазатын адамдардың аты-жөнін, тұратын жерін, бәрін анықтап алып жатыр. Олар жас болғаннан кейін әзірге түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Бірақ мұн­дай әрекеттер жалғаса берсе, тиісті мекемелер Заң мен тәртіп тұжырымдамасын орындау үшін басқа шара қолдануға мәжбүр болады. Мұндай сәтте ғалымдар үнсіз қалмауы керек, жастар арасында, жалпы қоғамда жан-жақты ағарту жұмысын жүргізуі керек. Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды, бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайында қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасуы керек, – деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы ғалымдардың ағартушылық миссиясына ерекше назар аударды.

– Сіздер әр саланы терең білесіздер. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінесіздер. Соны жастарға айтып жеткізу керек. Олардың бойында әлеуметтік оптимизм қалыптастыру өте маңызды. Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс. Еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келеді. Бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181 млрд-тан 291 млрд долларға көбейді. Биылғы 8 айдың өзінде экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 млрд доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 млрд доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын «тұрақты» деп болжап келді. Енді «жағымды» деген болжам жасау­да. «Сырт көз – сыншы». Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Алайда халықаралық рейтингтерде жоғары орын иелену – біз үшін мақсат емес, оның үстіне бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды. Біз мұны түсінуіміз керек. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз. Бәріміздің мақсат-мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.