• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 17:52

Президент Жолдауы қоғам тарапынан оң бағаланды – әлеуметтік сауалнама нәтижелері

20 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстандық қоғамдық даму институты 2025 жылғы 12–19 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын қоғамның қалай қабылдағанын зерделеу мақсатында экспресс-сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Зерттеу кездейсоқ іріктеме бойынша жүргізілді. Мұнда Қазақстанның ересек (18 жастан асқан) тұрғындарының жынысы, жасы, қоныстану түрі және тұрғылықты жері туралы деректер қамтылады. Іріктемелік жиынтық көлемі – 1 200 респондент.

Әлеуметтік зерттеу аумағы Қазақстан Республикасының барлық өңірін қамтыды – республикалық маңызы бар қалалар: Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыс орталығы, сондай-ақ ауылдық елді мекендер.

Сауалнама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамның қалай қабылдағанын зерттеуге арналған.

Жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сәйкес, халықтың Президент Жолдауынан хабардар болуының жалпы деңгейі 72,6%-ды құрады. Келесідей жауаптардың жиынтық мәнінен хабардар болу деңгейі анықталды: «Президент Жолдауын тыңдадым» (19,1%), «Жолдаудың негізгі идеяларын жаңалықтардан, интернеттегі/әлеуметтік желілердегі/газеттер мен журналдардағы жарияланымдардан білдім» (25,9%), «Естідім, бірақ егжей-тегжейін білмеймін» (27,6%).

Ауылдық елді мекендерде халықтың хабардар болу деңгейі қалаларға қарағанда төмен. Бұдан бөлек, жас мөлшері мен хабардарлық арасында өзара байланыс бар екенін атап өткен жөн. Яғни, респонденттердің жасы ұлғайған сайын Жолдау туралы хабардар болу деңгейі де арта түседі.

Сауалнама деректеріне сәйкес, Жолдаудан хабардар респонденттердің басым бөлігі Жолдау туралы оң пікірде – 71,2% («Толығымен оң» және «Оң деуге болады» жауаптарының жиынтық мәні).

Жолдаудың негізгі идеяларымен таныс респонденттер Мемлекет басшысы ұсынған ең маңызды бастамалар мен шараларға алдымен Қазақстанның цифрлық трансформациясына қатысты өзекті міндеттер мен шешімдерді жатқызды: жасанды интеллектіні өмірдің әртүрлі салаларына енгізу (27,4%), экономиканы ауқымды цифрлық жаңғырту (19,9%), Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру (8,3%).

Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылар арасында әдеттегідей Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық бастамалары мен тапсырмаларына қызығушылық байқалды: «Alatau City» жобасын іске асыру (21,4%), жаңа Салық кодексі (18,6%), әлеуметтік төлемдердің мөлшерін біріздендіру (17,0%), ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру (15,5%), АЭС салу (12,0%).

Президенттің әдеп мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тұжырымдары халықтың ерекше назарын аударды: теріс мінез-құлық үлгілерінен арылу (12,0%); әлеуметтік масылдықтан бас тарту (10,6%).

Сонымен қатар Мемлекет басшысының парламенттік реформаны жүргізу туралы ұсынысы қоғам тарапынан қызығушылық тудырды. Партиялық тізім бойынша бірпалаталы Парламент қалыптастыру идеясын респонденттердің 62,8%-ы өзекті деп санайды.

(Ескерту: жауаптардың жалпы жиыны 100%-ға тең емес, себебі респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік алған).

Жалпы, телефон арқылы жүргізілген сауалнама нәтижелері халықтың Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы туралы жоғары деңгейде хабардар екенін байқатты. Айта кетерлігі, сауалнамаға қатысқан азаматтардың елеулі бөлігі Жолдаудан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алған. Осылайша, әлеуметтік зерттеу нәтижелері Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының жалпыұлттық күн тәртібін тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де айқындайтынын көрсетеді.