Англияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен боксшы Аида Әбікееваны облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қабылдап, салтанатты түрде құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімі жерлес чемпионға автокөлік кілтін сыйға беріп, жеке бапкері Ислам Әбдраимовқа 5 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Аида Әбікеева да көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылығын білдірді.
Ендігі негізгі мақсат – 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу. Қазір спортшыға қысқа уақыт демалыс қажет. Ал келесі жылдан бастап Азия ойындары мен әлем кубоктарына дайындық басталмақ.
«Әлем чемпионатынан кейін кездесулер өте көп болып, толыққанды демалуға уақыт тапшы болды. Осындай зор қолдау үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Қазақстан халқына, туған жеріме ерекше ризамын. Бұл – маған туған елімнен тарту етілген екінші көлік. Алғашқысын наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатындағы жеңістен кейін алған едім», деді чемпион.