1993 жылы құрылған «Агрофирма Приречное» кәсіпорны мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытып келеді. Қазір 3 мыңнан аса ірі қара бар. Соның ішінде, қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл тұқымы және етті, сүтті сиырлар өсіріледі. 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңасемей ауданының Приречное ауылында орналасқан шаруашылықтың егістік жер көлемі – 6 793 гектар. Биыл 1 787 гектарға картоп, көкөніс және мал азығына қажет дақылдар егілген. Өнім сыйымдылығы 14 мың тонна болатын 7 қоймада сақталады.
Бір байқағанымыз, шаруашылық суармалы егіншілік саласында да озық тәжірибе қолданып отыр. Қазір онда «Фрегат», «Valley», «Reinke», «Zimmatic» маркалы 36 заманауи суару қондырғысы жұмыс істеп тұр. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін негізге ала отырып, қосымша 600 гектарға суару жүйесі енгізіліпті. Облыс әкімі Берік Уәли қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл тұқымдары бағылатын жайылымдық жерлерді, картоп, сәбіз, сарымсақ, жүгері, қырыққабат өсіріліп жатқан алқаптарды, көкөністер сақталатын қойманы, заманауи техникалармен жабдықталған автопаркті аралап көрді.
«Агрофирма Приречное» ЖШС өрістен дүкен сөресіне дейін қағидатын жүзеге асырады. Мемлекет басшысы «Үлкен қалалардың жанында азық-түлік белдеуін қалыптастыру керек» деп үнемі айтады. Биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіпті дамытуға ерекше тоқталды. Семейдің іргесіндегі шаруашылық Президент айтқандай, азық-түлік белдеуін қалыптастырып, тұрақтандыру қоры негізінде қаланы азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отыр. Мұндай үлгілі шаруашылықтар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады», деді облыс әкімі.
«Агрофирма Приречное» ЖШС бас директоры Мұхит Тұмабаевтың айтуынша, кәсіпорын сәбіз, сарымсақ, қырыққабат, картоп секілді өнім түрлерін тұрақтандыру қорына жеткізеді.
«Биыл шығымы жақсы. Семей халқын көкөніспен толық қамтимыз. Көкөністерді жинау жұмысы қазан айының соңына дейін аяқталады. Қарашадан мамырға дейін өнімдерімізді қолжетімді бағада дүкенге дейін жеткізіп береміз», дейді.
Кәсіпорында алдағы уақытта 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынбақ. Өңір басшысы бордақылау алаңының құрылыс алаңына барып, нысанның алғашқы қазығын қақты. Кәсіп иелерінің айтуынша, жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба келесі жылы аяқталады. Облыс әкімі мұның бәрі 2026 жылы Абай облысында пайдалануға берілетін ірі ет комбинатының шикізатын дайындау үшін атқарылып жатқан жұмыс екенін және бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра беру қажеттігін жеткізді.
Абай облысы