• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:50

Сапалы өнім өтімді

20 рет
көрсетілді

Биыл Шортанды ауданының экономикасына 5 млрд теңгеден астам инвестиция құйылыпты. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 85 пайызға жоғары. Мол қаржы аудандағы әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайды жақсартып, шағын және орта бизнестің дамуына да септесті. Бозайғыр ауылын­дағы «Бозайғыр» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі келесі айдан бастап нарыққа сапалы кірпіш ұсынады. Кірпіш болғанда да кәдімгі көз үйренген, күйдірілген кірпіш қана емес, еуростандартқа сай кірпіш.

Зауыт толық қуатына көшкен кезде жылына 120 млн өнім дайында­мақ. Зауыттағы жұмыс толық автомат­тандырылған, бұрынғыдай бейнеті көп әрі жұмысшы табу тауқыметі еңсені езбейді. Қазір аумағы атшаптырым зауытта небәрі 30 адам жұмыс істейді.

Бозайғыр кірпіш зауытының төл тарихы 2010 жылдан бастау алады. Алматылық кәсіпкер Шатлық Иминов қолға алған. Ұзақ жыл бизнес саласында жұмыс істеп тапқан азын-аулақ қаражатын осы өндіріске салады. Айтуына қарағанда, он жыл бойы тірнектеп жұмыс істеген. Алға басқан қадамын кері тартар қиындық та аз емес еді. Ең бастысы, жергілікті жерде жұмыс істейтін адам таппай қиналған.

– Көпке топырақ шашқан­дықт­ан емес, жаныма батқан соң айтамын. Қазіргі жастар жанын қинап жұмыс істегісі кел­мейді. Үш мезгіл тегін тамақ беріп, маңайдағы ауылдар­дан жұмыс орнына жеткі­зетін көлік жіберіліп, еңбекақысын уақтылы төлеп тұрсаң да жұмыс істеймін деп жанып тұрған адамды күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайсың, – дейді Шатлық Машурұлы, – осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атап, өте орынды мәселе көтеріп отыр. Біз жергілікті жерде өзекті болып тұрған бұл мәселені жақсы білеміз. Ең бастысы, еліміздегі өскелең ұрпақты адал еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Ерінбей еңбек еткен адам өзін де, мемлекетті де көркейте алады.

Жаңа жобаны жүзеге асыру оңайға түспеген. Бес жыл мұқият дайындалған. Жергілікті жерден кірпіш дайындауға қажетті балшық өндіруге рұқсат алған. Зауытты шикізатпен толық қамтамасыз ете алатын болған соң жаңа жобаны жүзеге асыруға керек қаржыны табу үшін инвестор іздеуге көшкен. Сәтін салғанда Берік Дауылбаев пен Ерік Мұқанов тәрізді инвесторлар келісімін берген. Өндіріске құйылатын қаржы көлемі 5 млрд теңгеге жеткен. Оның 3,5 млрд-ы кәдеге жаратылған. Енді 2,5 млрд теңге несие алмақ.

Зауытта жаңа заманғы Қытай құрылғылары пайдаланылады. Бір айта кетерлігі, роботтар жұмыс істейтін мұндай технология әзірге елімізде жоқ көрінеді. Шикізатпен қамтамасыз ететін алаң көлемі 30 гектарды құрайды. Мамандардың есептеуіне қарағанда, он жылға еркін жететін көрінеді. Тек топырақ құрамы тез өзгеріп кетуі сәл ғана алаңдаушылық тудырады екен. Түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік, кірпішке жарамды саз топырақты екі-үш метр тереңдікте қазып араластырсаңыз, сәлден кейін құрамы басқа топырақ шығуы әбден мүмкін. Кірпіш сапалы болуы үшін таза су қажет. Серіктестік кірпіш зауытын сумен қамтамасыз ету үшін қар суын пайдалануды көздеп отыр.

– Біздің өңірде қар қалың түседі, – дейді зауыт басшысы, – көктемгі көл-көсір қызыл су ысырап болмауы үшін бір жерге жинап пайдаланбақшымыз. Қазір суды да ысырап етпеу мәселесі жиі айтылып жүр ғой. Шынында, үнемдей білуіміз керек. Алқаптарға жайылып, кейін буға айналып кететін еріген қар суы кәсіпорын кәдесіне жарап жатса айыбы жоқ қой.

Өнім өткізу алаңы – Астана мен Ақмола облысы. Кәсіпкер Шатлық Иминовтің айтуына қарағанда, қазірдің өзінде ірі құрылыс ұйым­дары назар аудара бастаған. Тапсы­рыс беріп жатқандар да аз емес.

– Біз құрылысқа қажетті бірнеше түрлі кірпіш өндіреміз, – дейді зауыт директоры, – ең бастысы сапаға назар аударып отырмыз. Өнім сапалы болса, өтімді болмақ.

Зауыт жұмысшылары айына 350 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Өздерінің асханасында төрт мезгіл тегін тамақ ішеді. Өзге өңірлерден келіп жұмыс істейтіндерге арнап салынған жайлы жатақханалары бар. Егер жұмысшылар жеке көліктерімен қатынайтын болса, жанар-жағар майын құйып береді. Серіктестік әлеуметтік жауапкершілікті қапер­лерінде мықтап ұстайды. Бозайғыр ауылындағы мешітке тегін кірпіш босатты. Көпбалалы отбасына тұрғын үй салуға көмектесті. Шор­танды селосында сегіз пәтер өртке шалынғанда кәсіпкер Шатлық Ими­нов жаңа үй салуға бес мың дана кір­піш беріп, қалған кірпішті өзіндік құнымен ғана сатты.

Жаңа зауыттың ашылуы өңір­дегі құрылыс саласының өзгеше қарқынмен дамуына себепші болмақ. Осылайша, өнімді жұмыс істеудің арқасында өңірдің өңі кіріп келеді.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы