• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:30

Дара жол мұратқа жеткізеді

20 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 70-жылдары қаһарына мінген тоталитаризм мен кеңестік идеология ұлттық кадрлардың тағдыр-талайына шектеу қоятын жымысқы саясат ұстана бас­тады. ҚазМУ мен ҚарМУ-дың филология факультеттерін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп жатқан қазақтың өндірдей талантты жастарын «мұғалім жетіспейді» деген сылтаумен алыс ауылдағы мектептерге жолдамамен жіберу үрдіске айналды. Ғылымға бірден келу оңай болмады.

Тура осындай алмағайып кезеңде қазақ әдебиет­тануының абызы, профессор Тұрсынбек Кәкішев ҚазМУ-ды бітірген ғылымға бейімі бар қабілетті жастарды Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жыл сайын топ-тобымен ертіп барып жұмысқа орналастырды. Ұзын саны жиырмаға жуық шәкіртіне ұлт­тық әдебиеттану ғылымы мен сынының келешек тағдырын аманат етіп тапсырды. «Қазаққа қазақтан басқа кімнің жаны ашиды» деп өткен ұстаздың осы аманатын арқалаған сол жастар ұлттық әдебиеттану ғылымы шаңырағына жеке-жеке уық болып қадалып қойған жоқ, маркстік-лениндік әдіснаманың әсерінен төмендей бастаған еңсесін биіктетіп әкетті. Ұстаз өнегесінен үлгі алған, аманат ар­қа­лаған олар ғылым докторы, профессор, ректор, кафедра меңгерушісі, декан, проректор болуымен қатар, тәуелсіздік алған тұста әрі-сәріде қалған қазақ әде­биет­тануының ауыр жүгін ұс­таздарымен қатар көтерісіп әкетті.

Сол талантты жастардың бірі – бүгінде филология ғы­лым­­­дарының докторы, профессор, танымал фольклортанушы, түр­колог, абайтанушы Шәкір Ибраев. «Менің жастық шағым­да ғы­лым­ның қадірін ұқтырған ­бір адам болса, ол алдымен ұста­зым Тұрсынбек Кәкішев дер едім. Себебі ол кісі ғылым туралы ғана емес, алдымен сол ғылымдағы адамгершілік пен адалдық туралы айтатын» деп өзі жазғандай, ғалым қандай да бір жоғары лауазымды қызмет атқарып жүргенде де аманат жүгін арқалап, осы ұстанымнан тайған жоқ.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкерліктен ғылым сапарына басталған алғашқы қадам, ҚазМУ-де оқытушы, доцент, академияда қолжазба­лар орталығының жетекшісі, М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің вице-президенті, Дүниежүзі түркологтері ассоциациясының атқарушы директоры, Ш.Уәли­ханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, Түркі академиясының президенті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры секілді абыройлы қызметтерді абыроймен атқарды. Бүгінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түр­кология ғылыми зерттеу инс­титутының директоры болып жемісті еңбек етіп жүр. Расында да Әлихан Бөкейхан айтқандай, «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Ол ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлік тұл­ғасымен, ұлтжандылық болмысымен, ғалымдық дарынымен өз ортасынан ойып тұрып орын алатын құрметке ие, қандай да болсын қошеметке лайық ғалым.

Ғылымға жан-тәнімен бе­рілген, аянбай еңбек етіп жүр­ген ғалымның зерттеулері әлем­дік түркология мен ұлттық фольклортануға қосылған іргелі еңбектер қатарында. «Қазір фоль­клортануға қадам басқан әр талапкер оның еңбектеріне міндетті түрде жүгінеді. Осы орайда Шәкір Ибраевтың «Қорқыт ата кітабының» көркемдік кестесі, қазақ эпосының поэтикасы туралы іргелі монографиялары шынайы академиялық ғылым­ның ешқашан құнын жоймайтын үлгілері екені сөзсіз» деген ғалым Амантай Шәріптің пікірі – әрдайым есте сақтар тұжырым. Бұл тұжырым қазақ фольклоры мен эпостарын зерттеп-зер­делеуіндегі теориялық және әдіснамалық тұғырнамаға ғана қа­тысты емес, түркілердің арғы тарихын адамзат тарихымен сабақтастыруға, ғасырлар тұң­ғиығына тереңдеуге жетелері анық. Ш.Ибраевтың түрколог, фольклортанушы ретіндегі ғалым­дық бірегей тұлғасы туралы ғы­лыми ортада жоғары деңгейде пікір қалыптасты.

Биохимик ғалым Сент-Дверди: «Зерттеу дегеніміз – бәрі көрген нәрсені сенің де көруің, бірақ ол туралы ешкім ой­ламағандай ойлау», деген екен. Бар ғұмырын арнаған зерттеу саласы мен ғы­лыми бағытын күрт өзгертіп, басқа өзекті тақырып­қа сескенбестен қалам тарту – ғылыми ортада сирек кездесетін құбылыс. Абайтанудағы жаңа­шыл ізде­ністер жасау міндеті күн тәр­тібіне шұғыл қойылған осы тұста Шәкір Ибраев та іске бел шеше кірісті. Абайтану ілімінің келелі мәселелерін тың бағытта байыптауымен жан-жақты ғалым болудың үлгісін танытты.

Абай мұрасын әлемдік таным-білік тұрғысынан тану мен насихаттау үшін әлеуметтік, гуманитарлық ғылымның қол жеткізген межесі дәрежесінде талдау қажеттілігі ерекше бай­қалып отыр. Профессор Шәкір Ибраевтың «Абай феноменологиясы: эстетикасы мен прагматикасы», «Абай феномені» (2021) және «Абайдың ақындық бейнесі» (2023) аталатын ғылыми зерттеулері ұлы ойшылдың тұл­ғасы мен шығармашылығын ұлттық әдебиеттанудың заманауи жетістіктері мен кон­цептуалдық тұжырымдары тұрғысынан тал­дауға арналған. Бұл еңбектер стуралистік-фено­менологиялық зеттеудің жаңа үлгісін салып отыр. Олар қазіргі әлемдік әдебиеттануда басты бағыттардың бірі саналатын әдеби мұраны әлеуметтік парадигмасына ден қоя зерделеу талабының үде­сімен ұштасады. Автор замана шындығының ақын таным-білігі арқылы көрініс табуын пайымдауды мақсат тұтқандықтан, абайтану ілімінде бірқатар мәселені жаңаша қа­растыруға болатынына назар аудартады. Абай поэзиясын феноменологиялық аспектіде зерттеп-зерделеуде бірін-бірі толықтыратын бұл зерттеулерде шын мәнінде жаңашыл да тың тұжырымдар ұсынылған.

Феноменология – ақынның таным-білігі, көргенін түйсінуі мен сезінуі арқылы бейнеленген болмыстың кескіні. Сол арқылы осы рухани үдерістің бейнелілігі мен әлеуметтік мәселеге айналуы. Ал парадигмасы – осы үдерістердің шындыққа қатысы, ақынның ағынан жарыла сыр ақтаруы, өмір ақиқатын өзін­ше сарапқа салуы. Бұл тұр­ғыдан алғанда, зерттеуші Абай шығармашылығының өмір­шеңдігі мен көкейкестілігі, көркемдік мінсіздігімен қатар, әлеуметтік терең мәнін салыс­тырмалық тың талдаулар арқы­лы дәлелдеуге ұмтылады. Абай поэзиясының көпқабатты сипатын, мәнін, құрылымдық жүйесін қазіргі әдебиеттану ғылымының әдіснамалық тұғырнамасы аясын­дағы ғылыми ізденістер бары­сындағы тың сипатта бағам­да­уымен ерекшеленеді.

Автор Абайдың ақындық және ойшылдық тұлғасына, шы­ғармашылық үдерісінің қыр-сыры күні бүгінге дейін транс­ценденталды феноменология тұрғысынан зерттелмеген себептеріне де тереңдей ой жібереді. Оны автордың: «Абайтану пәнінің қалыптасу тарихында материалистік, атеистік, идеологиялық тұғырнамалардың үстемдік құрып, тарататын мәселенің түп негіздерінде осылармен байланысты ұғымдардың әлі де болса қалып қойғанын аңғарсақ керек», деген пікірі дәлелдейді. Көркем әдебиеттің заман талабына сай келіп, биік идеялы, терең мағыналы болуы – ең негізгі қағида деп білген Абайдың «қуатты ойдан бас құрап» шыққан құдіретті көркем жырымен халықтың сана сезімін сергітіп, ел көңілін заманның келелі мәселелеріне аударып, болашаққа бой ұрған мұрат-мақсатының жетекшісі бола білгендігі ғылыми жүйеде жаңаша сараланады.

Қазақтың ақындық өнерін нағыз халықтық, ұлттық биік дәрежеге көтерген – Абай. Ақын деген ұғым Абай атымен, оның әдеби еңбегімен келіп ұштасқаннан бастап, қазақ әдебиеті тарихында жаңа мағынаға ие болып, ең ардақты атаққа айналды. Ақынның қоғам өміріндегі орны, халық алдындағы міндеті, абыройлы мұрат-мақ­саты бұрынғыдан әлдеқайда айқындала түсті. Абай әдебиет майданына шыққаннан бастап, қазақ жазба әдебиеті тарихында ақын деген ұғым саяси-әлеуметтік мәні зор, құрметті абыройға ие болды. Бұлар осы зерттеулерде герменевтикалық әдіс ауқымында жан-жақты бағамдалған.

Ғалым Ш.Ибраев кешенді зерделеуді мақсат тұтқандықтан, абайтануда қағидаға айналып бара жатқан кейбір пікірлер­ді талқылай келе, әлемдік әде­биет­танудың соны талаптарымен ұштасатын тұжырым жасайды. «Абайтанудың заманауи мәселелері» аталатын тараудағы ақын мұрасын әлемдік әдебиеттанудың тың бағыттағы әдіс-тәсілдерімен зерделеу қажеттігі туралы ойлары көңіл аударарлық. Мысалы, «Қалай десек те абайтанудың бағыт-бағдары – кеңес дәуіріндегі идеологиялық тұғырнамадан теперіш көрген сала. Ол идео­логиядан құтылғанымызбен, сол заманның әдебиеттану ғылымының ұғымдарынан, категорияларынан, пайымдау ма­шығынан, талдау тәсілдерінен әлі арыла қойған жоқпыз», деген пікірі әркімді ойлантпай қоймайды. Шын мәнінде, абайтану ілімінде Алаш арыстары негіздеген бағалауларды алдыға салып қойып, кеңес дәуіріндегі біржақты көзқарастарды тілге тиек етуден аса алмай жүргеніміз рас. Ал ғалым Шәкір Ибраев ақын мұрасының эстетикалық жүйесі мен прагматикалық ерекшелігін заманауи ізденістер арқылы зерделеп берді.

Қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымының ұстанымдары мен әдіснамасы ғылыми пара­дигманың қауырт ауысуына байла­нысты өзгерістерге ұшырап отыр. Ғалым бұл ғы­лыми бағыт-бағдары ай­рық­ша кітаптарында осы пара­диг­маның сипаты әлемдік әде­биет­танудың жетістіктерімен, оның әлеуметтік, философиялық, антро­пологиялық, психоло­гия­лық, лингвистикалық аспек­ті­лері­мен байланысты ғана жүзе­ге асатынын нақты көрсетіп бе­реді. Бұл турасында: «Оларсыз Абай­дың ақындық тұлғасын және шығармашылығын жаңа қы­рынан, дұрысы, шынайы болмы­сынан сыр тартып, талдап, таныдық дей алмаймыз», деп нақты­лайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында: «Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағытқа орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады» десе, Ш.Ибраевтың бұл зерттеулері сол талап дең­гейінен табылуымен қатар, абайтану ілімінің ғана емес, қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне де арнал­ған. Әлемге хакім Абайды қан­дай жоғары дәрежеде танытуға қол жеткізсек, ұлтымыздың да мәртебесін соншалықты асқақтата түсетініміз анық. Бүгінгі абайтануда енді жазылар тың ізденістерге толы сан қырлы аспектідегі ғы­лы­ми еңбектер арқылы қоғамға, жас ұрпаққа ақын мұ­расын жан-жақты насихаттау мен таныстыру, жарқын бола­шаққа жол бастаудың бастамасы айқын көрініс тапқан. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы тұсында әдіснамалық тұрғыда жаңашыл, ғылыми сипаты терең бұл зерттеулердің жарыққа шы­ғуы құптарлық қадам болды. Абайдың феноменология­лық, экзистенционалдық әлемін эстети­калық және парадигмалық аспектіде айқындау мен зерделеу бағытындағы жаңаша ғылыми ­бастамаларымен құнды зерт­теу­лер екені айқын.

Халықаралық деңгейдегі ғалымның фольклортану мен әдебиеттанудағы дара жолы абыройын асырып, шәкірттеріне өнеге болатынына сенімдіміз.

 

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор