• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Салық Бүгін, 08:33

Жаңа Салық кодексі әкімшілік жүктемені азайтады

20 рет
көрсетілді

Ел кәсіпкерлеріне жаңа жеңілдік дайындалып жатыр. Апта соңына дейін «Ашық НҚА» порталында арнайы салық режімін пайдалана алатын және осы жеңілдік жүрмейтін кәсіп түрлерінің тізімі шығады. Бұл туралы Астанада өткен жаңа Салық кодексін түсіндіру семинарында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Алдын ала есеп бойынша жеңілде­тіл­г­ен декларация негізіндегі салық жүйесін салық төлеушілердің 70%-ы қолданады. Серік Жұманғарин айтқандай, оңайлатылған режіммен жеке тұлғаларға бөлшек сауда қыз­метін көрсететін кәсіпкерлер ғана жұмыс істей алады. Заңды тұлға­лар­мен жұмыс істейтін компаниялар то­лыққанды бухгалтерлік есеп пен шегерім қолданылуы қажет жалпы салық салу режімімен жұмыс істейді.

«Тыйым салу деп аталатын тізімге бизнеске арналған тауар өндіріп, қызмет көрсететін сала кіреді. Бұл саладағы жиынтық айналымның 76%-дан астамы – жалпыға бірдей режімді қолданатын салық төлеушілер», деді Ұлттық экономика министрі.

Жеңілдетілген салық режімі бар­лық кәсіп түріне берілмейді. Бұл тізімге өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын көтерме және ірі бөлшек сауда кәсіпорындары кіреді. Сондай-ақ шектеу телекоммуникация, интернет пен IT, қаржы және сақтандыру, консалтинг, кәсіби және агенттік қызметтер, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер саласына да қолданылады.

Жеңілдетілген салық режімі сақ­талатын екінші топта бизнестің 300-ден астам түрі – 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда алаңдарындағы бөлшек сауда, дәріханалар, қоғамдық тамақтану нысандары, қонақүй­лер, тұрғын үй мен көлікті жалға алу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорын­дары, жолаушылар тасымалы, бала­бақ­шалар мен үйірмелер, ме­ди­­циналық және әлеуметтік қызмет­тер бар.

«Тізімдердің жобасы әлі де әзір­леніп жатыр. Алдын ала тізімді «Ашық НҚА» порталында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Ол жарияланғаннан кейін бизнеспен және сарапшылармен талқылау жалғасады», деді вице-премьер.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуын­ша, жаңа Салық кодексіндегі маңызды өзгеріс – банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту.

«Қарастырылған өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Салық есептілігін азайту мен салықты азайту бизнеске қағазбастылыққа емес, дамуға назар аударуға мүмкіндік береді. Шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту – әділ және ашық қарым-қатынасқа қарай жасалған маңызды қадам», деп атап өтті Мәди Такиев.

Жаңа Салық кодексінде бір­қатар өзгеріс қарастырылған. Олардың ішінде сараланған салық мөлшерлемесін енгізу, прогрессивті жеке табыс салығы, сән-салтанат салығы және арнайы салық режіміндегі жаңалықтар бар.

Азаматтарға қатысты өзгерістердің ішінде маңыздысы – зейнетақы төлемдерінің жеке табыс салығынан босатылуы. Сондай-ақ 10 жылдан асқан автокөліктер үшін көлік салығы төмендейді. Мүгедектігі бар адам­дар­ға арналған салықтық шегерім­дер кеңейтіледі. Әлеуметтік маңызы бар медициналық қызмет түрлеріне қосылған құн салығы бойынша жеңіл­дік енгізіледі. Бизнес үшін де өзге­ріс­тер бар. Арнайы салық режімдері оңтайландырылып, енді тек үш түрі ғана қалады. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режім, жеңілдетілген декларация негізіндегі шағын бизнеске арналған режім және фермерлер үшін арналған режім.

Соңғы жаңалықтар