Солтүстік Қазақстанның электр қуатын таратушы жекеменшік «СКРЭК» компаниясы түрлі сылтаумен 2026 жылдан бастап 1 квт сағат электр қуатының тарифін бірден 70 пайызға көтермек. Бұл - бүгінгі 9,09 теңге бірден 15,34 теңгеге өседі деген сөз, деп жазады Egemen.kz.
Кәсіпорынның толып жатқан себептерінің қатарында материалдық шығындардың артуы, жабдықтардың ескіруі, оларды сатып алатын валютаның қымбаттауы және т.б. бар. Бұлар туралы қоғамдық талқылауда кәсіпорынның бас директоры Александр Чекулаев жариялады. Әрине, оның айтқан себептерінің жаны бар, бірақ бірден аспандата көтеру барлық саланың өнімдері мен қызметтерінің қымбаттауына, ең бастысы халықтың тұрмысының ауырлауына соғатынын бастық ескермейтін сияқты. Немесе «түйе сұра, бие берер» деген нақылды ескеріп тұрған болуы керек. Алдағы уақытта бұл мәселені өкілетті органдар зерттеп, өздерінің шешімін айтады.
Халықтың сүйенетіні монополияға қарсы комитет қой, олар үмітті аяқ асты етпес деп ойлаймыз.
Солтүстік Қазақстан облысы