Мәжіліс депутаттары Ұлықбек Тұмашинов бастаған бір топ депутат Премьер-Министр Олжас Бектеновке Шығыс Қазақстан облысында туризмді халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған ұсыныстар топтамасын жолдап, жол картасын қабылдауды сұрады. Депутаттық сауалда өңірдің табиғи әлеуеті, артып келе жатқан туристер ағыны және инфрақұрылымдық кемшіліктер егжей-тегжейлі көрсетілген.
Депутаттардың мәліметінше, Өскеменнен басталып Ұлан, Самар аудандарын қамтитын, Бұқтырма су қоймасындағы жаңа көпір арқылы Күршім, Тарбағатай, Зайсан аудандарына өтетін, Марқакөл – «ескі австриялық» жол – Қатонқарағай бағыты қалыптасқан.
«2025 жылы осы маршрутты таңдаған туристер саны былтырмен салыстырғанда бес есе артты», - деп көрсетілген сауалда.
Сонымен бірге туризмді тежейтін мәселелер аталды: сапалы қонақ үй, тамақтану және сервис инфрақұрылымының жеткіліксіздігі; қоқыс пен өрт қауіпсіздігіне қатысты экологиялық тәуекелдер; Қатон-Қарағай ұлттық паркі мен Марқакөл қорығын сақтау қажеттілігі.
«Жергілікті халық үйлерін жалға беріп, қымыз, бал, құрт секілді өнімдерді сатып табыс тапқанымен, бұл әлеуетті толық ашуға жеткіліксіз», - делінген құжатта.
Депутаттар ұсынған негізгі шаралар:
ШҚО бойынша туристік бағыттарды дамытуға арналған жол картасын қабылдау; 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке жаңа әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін енгізу; Зайсан – Үрімші халықаралық бағытын ашу мүмкіндігін зерделеу; Марқакөл мен Зайсанда шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандары (оның ішінде казинолар) жобаларын қолдау – инвестиция тарту үшін; Глубокое ауданы мен Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын салуды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржыландыруымен қамтамасыз ету.Сауалда Президент тапсырмасына сәйкес Зайсан және Қатонқарағай аудандарында жаңа әуежайлар салынып жатқанын, бұл туристік ағынды ұлғайтатыны атап өтілген.
«Риддер тау кластері стратегиялық маңызы бар жоба ретінде жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін арттырып, халықаралық деңгейдегі кешенді туристік өнім қалыптастырады», - деп түйінделген.
Депутаттар Конституциялық заңға сәйкес аталған депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрайды.