ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мажарстан Мемлекеттік жиналысының Төрағасы Ласло Кёвермен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттардағы екіжақты ынтымақтастыққа, соның ішінде бірлескен кәсіпорындар ашуға, жаңа өндіріс орындарын құруға, сондай-ақ көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық және цифрлық салалардағы өзара іс-қимылға назар аударылды.
Арнайы талқыланған бағыттардың бірі – цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту саласындағы ұзақ мерзімді әріптестік. Бұл бастамалар Қазақстандағы цифрлық трансформацияны жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің мақсаттарына сәйкес келеді.
«Мажарстан – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі. Өткен жылы тауар айналымы 6%-ға өсіп, шамамен $200 млн-ды құрады. Биылғы алғашқы 7 айда көрсеткіш 27%-ға өсіп, $150 млн-нан асты. Қазақстан Мажарстанға 95 тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге дайын, бұл сауданың өсуі үшін елеулі перспективалар ашады. Көлік-логистика саласы да ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді. Транскаспий халықаралық көлік маршруты Трансеуропалық көлік желісіне қосылып, қазақстандық жүктердің Еуропаға жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Мажарстанның L.A.C. Holding компаниясымен бірлесіп, 2026 жылы Будапештте интермодальды терминал салу жоспарланып отыр», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі
Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысы қаралды. Кездесуге қатысушылар екіжақты тиімді экономикалық байланыстарды әрі қарай дамытуға дайын екендерін білдірді.