• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Маңызды міндеттер – Үкімет назарында

30 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысына тоқталып, оның уақтылы әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазір еліміздің барлық өңірінде егін жинау жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал оңтүстікте орақ науқаны аяқталуға жақын.

Фермерлер шағымына назар аудару тапсырылды

Олжас Бектенов жанармай мәселесіне де назар аударды. Ол барлық қажетті көлем қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізілуге тиіс екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің азық-түлікті өзі өндіруі қажет екенін және ішкі нарықтың шетел өнімдеріне тәуелділігін азайту маңызды екенін айтты. Бұл мақсатқа жетудің негізгі шарты – егінді сапалы әрі уақтылы жинап алу. Үкімет егіс науқанына қажетті жағдайдың бәрін жасады. Қомақты қаражат бөлінді, шаруалар техникамен, жанармаймен, өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Енді ең бастысы, алқаптағы жұмысты дер кезінде бітіру. Президент өткен аптада диқандармен кездескен кезде осы мәселеге ерекше тоқталды», деді ол.

Сондай-ақ диқандарды толғандырып отырған бірқатар мәселе көтерілді. Әсіресе күннің жауын-шашынды болып кетуі немесе күрт суытуы жұмыстың мерзіміне де, жиналған астықтың сапасына да кері әсер етуі мүмкін екені айтылды. Бұл жағдайға байланысты «E-Өтініш» жүйесіне қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш түскен. Оның ішінде ең көп шағым Қостанай облысынан келіп отыр. Бұл өңірдің фермерлерінен 300-ден астам өтініш түскен. Олар астық кептіру жабдықтарының іске қосылмауына, астықты сатып алу бағасына қатысты наразылық білдірген.

Фермерлердің айтуынша, кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қосуда қиындық бар. Осыған байланысты Қостанай облысының әкімдігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне мәселені шешуге жәрдемдесу тапсырылды. Әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала берілген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлу міндеттелді.

 

24 млн тонна астық жиналады

Бүгінде 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазір республика бойынша жаппай егін жинау науқаны жүріп жатыр. Ал оңтүстік өңірлерде аяқталып та қалды.

«Үкімет тарапынан жеңілдетілген қаржыландыру жасалып, қолайлы ауа райының нәтижесінде вегетациялық кезең сәтті өтті. Жалпы, егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді дақылдар. Егін жинау жұмыстары уақтылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде республика бойынша жалпы егін жинау алаңының 63,7%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды. Жалпы, 24 млн тонна астық жинаймыз ба деген болжам бар. Бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге әрі экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді», деді А.Сапаров.

Министр қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақыл жиналғанын, биыл май­лы дақыл тұқымынан шамамен 4 млн тонна өнім күтіліп отырғанын, бұл ре­­кордтық көлем болатынын тілге тиек ет­ті. Қазір 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тон­на көкөніс, 2,2 млн тонна бақ­ша өнімдері жиналған. 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн (4 мың­нан астам жоғары технологиялы Джон Дир мен КЛААС комбайндары бар), 17 мың орақ, сондай-ақ 130 мыңнан астам бас­қа да техниканы пайдаланып, шаруа­лар үздіксіз жұмысқа кіріскен.

Негізгі агротехникалық шаралардың бірі – жер жырту мен тыңайтқыш көлемін енгізу. Биыл жоспар бойынша 1,9 млн тонна тыңайтқыш болса, бүгінде соның 1,8 млн тоннасы енгізілді.

«Бөлінген 700 млрд теңгенің көктемгі егіс жұмыстарына 502 млрд теңгесі иге­ріліп, 9 млн гектар егіс алқабы қам­тылды. Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру алды­мыздағы қараша айында іске қосылады. Жеңілдетілген лизингке бөлінген 250 млрд теңгенің 253 млрд теңгесіне өтінім берілді. Нәтижесінде, 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады», деді министр.

Республика бойынша астық сақтау көлемі – 30,7 млн тонна. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа егіс астығынан 3,1 млн тонна астық келіп түсті, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2 есе артық. 2026 жылғы егінге тұқымды толтыруға ерекше назар аудару керек. Егін жинау жұмыстары тұрақты бақылауда. Барлық мәселе жедел штаб отырыстарында қаралып, шешіліп жатыр. Осы жылдың 8 айында тамақ өнімдерін өндіру 10,1%-ға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Бидай өнімі былтырғы деңгейде болмақ. Күріштің де жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан аспақ. Бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді. Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды, бұл өнімділіктің артуы есебінен халық қажеттілігінен асып түседі. Жалпы, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары, бұл нарықты қайта өңделген өнімдермен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді.

«Картопты 2,7 млн тонна көлемінде жинау ойда бар, оның 1,8 млн тоннасынан астамы жиналды. Шаруаларда құны килосына 90–120 теңгені құрайды. Сондай-ақ 700 мың тоннадан астам пияз жиналды, килосына 50–60 теңгеден сатылады. Шаруаларда 300 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. 300 мың тонна сәбіз жиналды, фермерлерде бір килосы 85–95 теңгеден болатын, шамамен 100 мың тонна сәбіз бар. Біз мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті көлемін өндіріп жатырмыз. Ет өнімдері (сиыр еті, қой еті, жылқы еті) және жұмыртқа ішкі сұранысты толық жабады. Құс еті бойынша оң динамика бар – былтырғы қамту деңгейі 79% болса, биыл 82%-ға жетті. Сүт өнімдері бойынша қамтамасыз ету 100%-ға жеткізілді. Қазіргі өндіріс көлемі ішкі нарықты қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Дәл осы кезеңде әкімдіктер қажетті көлемді тек тұрақтандыру қорлары арқылы ғана емес, сонымен қатар сау­да үйлері арқылы да келісімшартқа отырғызып, өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мақсатқа өңірлерде «айналым схемасы» бойынша 100 млрд теңгеден астам қаражат бар. Оны тиімді пайдалану арқылы ішкі нарықты қажетті азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз етіп, баға тұрақтылығын сақтауға қол жеткізу маңызды.

 

Цифрландыру белсенді түрде қолға алынды

Қазір ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру үш негізгі ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп жатыр. Біріншісі – ауыл шаруашылығын субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі. Бұл жүйе субсидия берудің барлық бағыттарын қамтиды. Екіншісі – басқарудың ақпараттық жүйесі. Ол ветеринарлық және фитосанитарлық құжаттарды рәсім­деуге арналған. Жыл сайын осы жүйе арқылы 2 млн-нан астам рұқсат құжаты беріледі. Үшіншісі – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі. Оның негізінде мал шаруашылығында толық қадағалау қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, деректер базаларына жүгіну негізінде ветеринар дәрігердің қатысуынсыз, малды өткізуге арналған анықтамаларды беру. Бұл мемлекеттік қызметті алу уақытын және заң бұзушылықтар санын едәуір қысқартады.

Өсімдік шаруашылығында да қадағалану жүйесі құрылып жатыр, ол өнімділік және егіс құрылымы жөніндегі деректерді нақты жер учаскелерімен байланыстырады. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында өсімдік шаруа­шылығындағы қадағаланудың негізіне жер ресурстарының цифрлық карталары кіреді.

 

Жылыту маусымына дайындық жоғары

Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық мәселесіне де назар аударылды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың баяндауынша, өткен аптада 1 қазандық пен 3 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 10 қосалқы станса мен 100 тарату пункті жөн­дел­ді, 13 шақырым жылу желілері қай­та жаңартылды. Жалпы, 6 энергоблок, 29 қазандық, 16 турбина және 293 шақы­рым жылу желілеріне жөндеу жұмыс­тары жүргізілді.

Роман Скляр өткен Үкімет отырысынан кейін Степногорск қаласындағы жылу желілерінде барлық жұмыстар аяқталғанын баяндады. Аягөз қаласы да жылыту маусымының басталуына дайын. Орал қаласында бір апта ішінде тағы 20% жұмыс аяқталды, жалпы прогресс 85%-ды құрайды. Аягөз қаласының орталық қазандығындағы №3 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталды, №2 қазандықтың дайындығы 70%-ды құраса, №1 қазандық 20%-ға дайын. Сәтбаев қаласында №2 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталды. 30 қыркүйекке дейін №1 қазандық дайын болады.

«Бірқатар өңірде жұмыстар әлі аяқталмаған. Кей облыстарда санау­лы күннен кейін жылыту маусымы басталады, сондықтан әкімдерге жөндеу жұмыстарының аяқталуын жеке бақылауға алуды тапсырамын. Орал, Степногорск, Аягөз және Сәтбаев қалаларында жылу беру мәселесін ерекше назарда ұстаңыздар», деп тапсырды Премьер-министр.

Соңғы жаңалықтар