• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 08:28

Біз күткен Шәкәрім

90 рет
көрсетілді

Алаштың ардақтысы, ойы мен сөзі ғасырлардан сыр шертетін тұлға – Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры алғаш рет театр сахнасында зерделенді. Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театры ұсынған режиссер, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің суреткерлік сарап­тауындағы жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың «Шәкәрім» музыкалық драмасы көзіқарақты көрерменнің көп­тен күткен рухани сұранысына тамаша тарту болғаны сөзсіз.

Шәкәрім де бір шыңырау іспетті ғой, тереңіне бойлаған сайын түбін көрсетпей иіріміне тарта береді. Сондықтан болса керек, төл шығармалары оқтын-оқтын қазақ театр сахнасына шығып жатқанымен, тұлға­ның өзі туралы тұщымды туындының театр төрі­нен тіл қатқаны алғаш рет. Екі жыл тол­ған­ған драматург еңбегін режиссер Асхат Максим­ұлы бас­таған театр ұжымы алты ай үздіксіз да­йын­дықтан кейін көрер­менімен қауыштырып отыр.

– Жас көрермендер театр­ы осы шығар­ма­ны алып, жас­ты­ғы­на қарамастан үлкен тәуе­кел­ге барып отыр. Тұлғаның бүкіл рухани мұ­ра­сы­ның терең иірім­де­ріне бойлап, соны кө­рер­­менге ұсынды. Менің ойымша, қойы­лым­ның басты құндылығы да, ерекшелігі де осында, – дейді пьеса авторы Ермек Әмірханұлы.

Көптен күткен өнер оқи­ғасына жиналған көпшіліктің қарасы қалың. Үш күн қата­ры­нан ұсынылған қойылым Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры­­­­ның зәулім ғимаратын лық тол­тырды. Аншлаг! Шәкә­рім шы­­ғарама­шылығына шөлір­кегендер санында шек жоқ.

– Бұл қойылым қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай арнайы сахналанып отыр. Себебі Абай туралы сөз қоз­ғасақ, Шәкәрімді айтпай кете алмаймыз. Қос алыптың туыс­қан­дық қана емес, рухани үн­дестігі де ұлт руханиятының өлшеусіз қазынасы. Оның үстіне Шәкәрім туралы бүгінге дейін ауқымды дүние қойылмаған екен. Драматургпен бірлікте жұмыс істей отырып, жастар­дың жаңашыл көзқарас-сарап­тауындағы жаңа музыкалық драманы ұсынып отырмыз. Себебі Шәкәрімнің өскелең ұрпаққа айтары да, берері де мол. Аста­на көрермендерімен шектелмей, болашақта еліміздің басқа қалаларында да көрсетсек дей­міз. «Шәкәрімді», әсіресе Се­мейге барып, тұлғаның туған топырағында қойғымыз келеді», деді Астана қаласы музыкалық Жас көрермен театрының директоры әрі қойылым режиссері Асхат Маемиров.

Мәскеу мектебін көріп, сондағы сақа сахна суреткер­лерінің дәрісін тыңдап, тәжірибе байытқан режиссер айтулы шы­ғармаға үлкен дайындық һәм жауапкершілікпен келгені бай­қалады. Тарих пен танымды, дерек пен образды, өткен мен бүгінді егіз өре отырып, тұлғаны әр қырынан тануға талпыныс жасаған. Қойылым Шәкәрімнің ұлы Ахаттың отыз жылдан кейін ақын мүрдесін құрқұдықтан тауып алған сәтінен басталып, әрі қарай әке рухымен сырласуына ұласып, одан әрі оқиғаны түрлі лирикалық ше­гініспен жалғайды. Атап айтсақ, Шәкәрімнің бала кезі, әкесі Құдайбердіұлының өмірден өтуі, сал-серілік қыры мен сүйгені Айғаншаны алып қашуы, қазы болып сот ісіне араласуы, Абайдың өмірден өтер сәтіндегі оның аманатын ар­қалап қалуы, Меккеге бару, білім іздеп ұзақ жолға аттануы – осының барлығы музыкалық драмада кеңінен көрсетіледі, яғни режиссер абыздың өмір сүрген ортасы, қоғамға көзқарасы ар­­қылы Шәкәрімнің өзін та­нуға талпынған. Қос бөлімге қиыстырылған қойылымның алғашқы бөлімі бала Шәкәрімнің алғыр, өжеттігімен өріліп, жі­гіттік сал-серілігіне жалғасып, білім іздеп алысқа аттануы­мен аяқталса, екінші бөлімі айда­ладағы Саятқорада саяқ тір­шілік кешіп, өз-өзімен тілдесуі, ұлтының бүгініне жаны ауырып, ертеңіне алаңдаған ішкі ауыр хәлі һәм ақынның ақтық демі таусылар сәттегі Шәкәрім шындығын барынша шынайы жеткізуге арналыпты. Туындыда ақынның ақтаңдақ кезеңдерді басынан өткерген тағдыры, әділет пен махаббатқа деген көзқарасы, өміріндегі драмалық оқиғалар суреттелген.

Төрт сағатқа созылған ауқым­­­ды спектакльдің негізгі көркем­дік жүгін көтеріп тұрған ол, әрине, – ән мен әуен, би мен бейне. Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанымда» әнін негізгі лейтмотив еткен қойылымда ақынның төл әні мен күйлерінен бөлек, халық әндері де кеңінен қолданылады. Сол арқы­лы ре­жиссер музыкалық мәрте­бе­ге ие жас көрермендер театры әртіс­терінің бар мүм­кін­дігін көр­сете білген. Осы тұста, әсіресе музыканы этно­фоль­клорлық ансамбльге лайықтап жазған қойылым ком­позиторы Бауыр­жан Ақтаев пен хормейс­тер Ғалымжан Бере­кешовтің жұ­мысын айрықша атап өткіміз келеді. Спектакльге әсемдік сый­лаған қоюшы суретші, Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайраткері Алма Сырбаева мен жарық қою суретшісі Аза­мат Бекбембетовтің ізденісі де қошеметке лайық. Әні мен әуені, сәні мен сахна сәулеті сәтті келіскен қойылым шынымен көзді арбап, көңілді тербейді. Режиссерлік тұрғыдан да ұтқыр шешімдер көп. Әсіресе қойылым бойы жақсылықтың жаршысы болып жүрген ақсұңқар (Еламан Иманбаев) мен Қарасартовтың соңынан бір елі қалмайтын құз­ғындар, сахнадағы сынық айна бейнесі көрерменіне көп ой салумен қатар, көркемдігімен де көңіл баурайды. Сол секілді Абайдың өмірден өтетін сәті режиссерлік тұрғыдан әсерлі жеткізілген. Сахнаның мүмкіндігін пайдалану жағынан да режиссер ізденістері көңілге құрмет орнықтырады.

Ал енді актерлік жұмысқа келсек, режиссер жас әртістердің шы­ғармашылық мүкіндігін көр­сетуге барын салған. Сол үшін де бір Шәкәрімді үш бейнеге бөліп, әр кезеңді жеке-жеке актердің сараптауы­на береді. Бала Шәкәрімді Даниял Нұрлан деген талапты балдырған ойнаса, Шәкәрімнің өзін «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген мен Қазыбек Есқара, ал Шәкәрімнің рухын Оразалы Игілік кейіптеді. Абай – Мәдениет саласының үздігі Асхат Мұса, Абзал Қа­расар­тов – Саламат Мұқаш, Ахат Құдайбердиев – «Дарын» Мем­лекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұмағамбетовтің орын­дауында көрерменімен қауыш­ты.

Рас, спектакльде оқиға да, кейіп­кер де көп. Сол арқылы тұтас дәуір сахнадан тіл қата­тындай. Режиссердің өзі айт­пақшы, Шәкәрімді оның қор­шаған ортасы мен болған оқи­ғалар, қасындағы қанаттас өмір сүрген адамдар арқылы та­нығысы келгені құптарлық дегенімізбен, осы көпжелілік кейде тіпті таны­­ғымыз, көрермен ретінде сыр­лас­қымыз келіп барған тұлға, абыз Шәкәрімнің өзінен алыс­татып жіберген. Болмысынан эстет режиссер сыртқы сұлулық пен күр­делілікке баса мән беріп, қара­пайым ғана адам жаны деген кірпияз құбылысты қалт жіберіп алғандай әсерде қалдырды.

Ән мен әуенге елітіп, тоқсанға жуық әртіс қатысқан көп­­ші­лік сахнаның сұлулығына көз суар­ға­нымызбен, негізгі кейіп­кер­лердің ойынына келгенде әлі де тереңдіктің қажеттілігі сезіліп тұрды. Бұл, әсіресе Абай мен Шәкәрімге қа­тысты. Қойылым бойы көңілде жат­талған бір актер болса, ол – Шәкәрімнің рухы болып спек­такльді басынан аяғына дейін жетелеп жүрген Оразалы Игіліктің ізденісі мен актерлік мүмкіндігі. Сөзі мен сазының салмағы қатар келіскен актер бұған дейін де Әміре Қашаубаев сынды тағы бір ұлтымыздың аяу­лы тұлғасын сахнада тірілтсе, бұл жолы Шәкәрім рухын биікте асқақтатты.

Тоқетерін түйгенде, төрт сағат бойы көрерменіне Шәкә­рім шындығын, тұлға тағылы­мын жеткізуге талпынған қойы­лымның көркемдік те, дерек­тік те тұрғыдан айтары, әсіресе абыз әлемін танығысы келген өс­келең ұрпаққа берер мағлұ­маты мол. Бірақ сөз басында атап өткеніміздей, Шәкәрімнің шы­ңырау болмысының сырын ұғындырып, тұлғаның адам ретіндегі ішкі иірімдері мен ақын, композитор ретіндегі феноменіне бойлататын кемелдік пен рухани жарылыстардың тарихи дерек пен әуезді әуен тасасында қалып қойғандығынан болар, біз күткен «Шәкәрім» көңілге сәл-пәл жетпей қалды...

Соңғы жаңалықтар