Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың, тәуелсіз «Тарлан» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойы Батыс Қазақстан облысында кеңінен аталып өтті.
Парасатты поэзия пайғамбарының тойына Алматыдан ақынның жары Салтанат, ұлы Ғазиз, немерелері арнайы келді. Сондай-ақ Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, публицист, журналист Қайнар Олжай, кәсіпкер, «Катэк» жобалау-зерттеу компаниясының президенті, Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың құрылтайшысы Құндыз Нұпов та тойдың төрінен табылды. 90 жылдық тойдың рәсімі ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Меймандарға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған жергілікті басшылар, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері құрмет көрсетті.
Ең үлкен іс-шара Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Атамекен» өнер ордасында жалғасты. Филармония ұжымы ұсынған концерттік бағдарлама тек қана Қадыр шығармаларынан тұрды. Қатимолла Бердіғалиев бастаған дүлдүл әншілерге Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрі дем беріп отырды.
– Қадыр ақынның тойы – халықтың тойы. Қазақтың естияр баласы жаттайтын тақпақтан бастап, еңкейген қариясы айтатын бата-нақыл сөзге дейін Қадыр ағамыздың қаламынан тыс қалған жоқ. Биыл қазақтың үш ақынының 90 жылдығы. Олар – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі және Жұмекен Нәжімеденов. Осы үшеуі – қазақ поэзиясының, қазақ әдебиетінің алтын шегелері болды, – дейді Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы.
«Қазақ руханиятының қамбасына қисапсыз қазына қосқан Қадыр ағамыздың жұлдызы мәңгілік жарқырай бермек» деп сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақынның жарына сый-құрмет көрсетті. Осы сәтте ақын шығармашылығы жайында «Қадырдың қанатты сөздері» және «Жүрегіме жеткен жыр» атты кітаптардың тұсауы кесілді.
– Мен ХІХ ғасырдың ұлы тұлғасы Абайдың елінде туып-өстім. Ал ХХ ғасырда қазақ қандай болды, қандай болуы керек еді, қазаққа не керек еді деген сауалға жүгінсек, осының бәрі Қадырда бар. Оның шығармашылығы – қазақтың қазығы. Қадырды терең оқу керек, сөйтсе, шығармашылығынан табылмайтын қазына жоқ. Ол – асқан көреген адам. Сонау 70-жылдары, сол кеңес заманында-ақ болашақ гимніміздің, гербіміздің қандай болатынын болжап айтып кеткен. Қадырдың поэзиясы, Қадырдың шығармашылығы осы кезге дейін қазаққа қызмет етіп келеді, қызмет ете де бермек! – дейді белгілі қаламгер Қайнар Олжай.
Мерейтойлық бағдарлама шеңберінде ақын шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бір топ өнер және мәдениет қайраткері Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық төсбелгіге ие болды.
Бұдан кейінгі іс-шаралар ақынның туған жерінде, Жымпиты топырағында жалғасты. Аудан орталығында жақында ғана пайдалануға берілген еңселі кітапхананың ең үлкен залы «Қадыр Мырза Әлі атындағы руханият залы» деп аталды. Сондай-ақ Жымпитыдағы ақын атындағы мектептің қабырғасына Қадыр ағаның үлкен суреті мен бір шумақ өлеңі мұрал болып түсті.
Бұдан кейін халық тойы ұлттық ойынға, дала қызықтарына ұласты. Бірақ соның өзінде ақынның тойынан ағартушылық леп есіп тұрды. Бәйгітөбеде тігілген ақ отаулардың әрқайсысы Қадыр ақынның бір кітабының атауын алып, соған сәйкес жасақталған екен. Бұл жерде Сырым ауданын ғана емес, Батыс Қазақстанның барлық ауданын көрдік: Ақжайық ауданы – «Қорамсақ», Бәйтерек ауданы – «Көкейкесті», Бөкей орда ауданы – «Көш», Бөрлі ауданы – «Алақан», Жаңақала ауданы – «Домбыра», Жәнібек ауданы – «Мәңгі майдан», Қазталов ауданы – «Ақ отау», Қаратөбе ауданы – «Ой орманы», Орал қаласы – «Ғибратнама», Тасқала ауданы – «Биік баспалдақ», Теректі ауданы – «Қызыл кітап», Шыңғырлау ауданы – «Дала дидары» кітаптарын тақырып етіп, тағылымды көрме, тамаша көрініс, концерт ұйымдастырған. Мұның бәрін кәсіби өнерпаздар емес, қарапайым кітапханашылар абыроймен атқарып шықты. Шынымен де Қадырдың тойы қазақ өлеңінің, қасиетті сөз өнерінің тойы болып есте қалды.
Бас байрағына автокөлік тігілген ат жарыста құнан бәйгеге – 30 жүйрік, топ бәйгеге 27 ат қосылды. Алғашқы сайыста III орын көздіғаралық Мүтиев Серіктің – Абаданына, II орын Атырау қаласынан келген Бисенов Амангелдінің – Айхайына, I орын Ешев Болат мырзаның аты – Ханымға бұйырды. 18 шақырымдық топ бәйгеде алматылық Сапарғали Сәтбаевтың Байқоңыр атты пырағы озып келді. Екінші және үшінші орын жүлдесі Мұрат Қозыбаев мырзаның Жетісу, Қарқара есімді арғымақтарына тиді.
Ал аламан жарысқа тігілген аппақ «Cherry Tiggo» көлігі әулиелі Маңғыстауға жол тартты. Расул есімді шабандоз тізгіндеген Маңғыстаудың Айтулы дейтін торы тұлпары мәре сызығын бірінші кесті. Сырымдық Серік Мүтиевтің Мадам Сюзий атты тұлпары екінші келсе, үшінші орынды Жұбан елі – Ақжайық ауданынан келген Мадияр Құрманғалидың Ақжайық есімді сәйгүлігі иеленді.
Мерейтойлық шараларды Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрының ұжымы «Қадыр-Адам» атты драма-реквиемнің премьерасымен түйіндеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Нартай Сауданбекұлы жазған туындыны театрдың бас режиссері, өнертану магистрі Алмат Шарипов сахналады. Шығармада ана қадірі, адамдық болмыс, ақындық мұң мен шығармашылық қасірет, жоғалтқанды жоқтау, рухани ізденіс пен өшпес мұра тақырыптары тоғысты.
Қойылым соңында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов туынды авторы Нартай Сауданбекұлына, режиссер Алмат Шариповке, Қадыр бейнесін сомдаған актер Жамбыл Зайыпқа, Х.Бөкеева атындағы облыстық Қазақ драма театрының басшысы Нұржан Тасболатовқа құрмет көрсетті. Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев бірқатар азаматқа Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерекелік медаль мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналын табыс етті.
Батыс Қазақстан облысы