Орал қаласында батысқазақстандық іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен «Анаға тағзым» атты еңселі ескерткіш ашылды.
Сәбиін аялай көтерген ананың сәулетті бейнесі Орал қаласындағы жас жұбайлардың некесін қиятын Салтанат сарайы алдына орнатылды. Ескерткіштің авторы – астаналық мүсінші Болатбек Салаев болса, қаржылай қолдаған – Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, «Приоритет» компаниясының басшысы Жанна Кенжина.
– Бұл ескерткіш жобасы облыстық іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына орай жүзеге асты. Екі жыл бұрын өткен форумда өңірге белгілі ұстаз Шалқыма Хайроллақызы, ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы «біздің қалаға ана образын ашатын, күллі қазақ Анасына тағзым ететін бір еңселі ескерткіш керек-ақ» деген идея көтерген болатын. Әрине, бұл ұсынысты біз, іскер әйелдер қауымдастығы бірден қолдадық. Міне, екі жыл бойы жоспарлап, бүгін жүзеге асырып отырмыз, – дейді қауымдастық жетекшісі Жансұлу Меңешқызы.
– Бүгін баршамыз үшін жүрекке жақын, ерекше сәт болды! Ескерткіштің дәл осы жерде тұруына қолдау білдірген облыс пен қала әкімдігіне, іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Жансұлу Меңешқызына алғыс білдіреміз. Перзент үшін Анадан аяулы жан жоқ. Бізге ғаламның жарығын сыйлаған аяулы жандарға шынайы құрметімізді сөзбен емес, іспен білдіргенді жөн көрдік. Осы іс арқылы ұрпаққа үлгі болғымыз келді, – дейді кәсіпкер Жанна Тәжіғұлқызы.
Оралдағы қала күні мерекесі аясында ашылған ескерткіш салтанаты «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумына жалғасты. Жиында сөз алған педагогика ғалымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина: «Бұл жәй ескерткіш емес, бұл Домалақ анадан бастап, барлық аналарға арналған құрмет, тағзым» деп бағалады. Мағыналы мүсіннің неке сарайы алдында тұруы әйел, ана бейнесін, отбасы құндылығын арттыра түседі.
Батыс Қазақстан облысы