Бала күнімізде шалғай ауылдарға дейін республика көлеміне танымал әншілер келіп, өнер көрсететін. Біз ұсынып отырған сурет – соның бір дәлелі. Бұл фотоны маған туысқан ағам жіберді. Оның тарихы да қызық.
1975 жылы қазақтың аяулы қызы, әйгілі әнші, Халық қаһарманы Роза Бағланова Торғай өлкесін аралап, концерт қояды. Сонда КСРО халық әртісінің жолы біздің ауылға да (Қостанай облысы Амангелді ауданы Қабырға ауылы) түседі. Ауыл азаматтары алыстан ат терлетіп келген әншіні алдынан шығып, құдадай күтіп алады. Бұл туралы қазір жасы жетпісті алқымдаған Ғалымжан Құдабаев ақсақал айтып берді.
«Бізге ол кісі көрші «Абай» кеңшарынан келді. Ауыл басшылары Қожабай деген жерде киіз үй тігіп, қарсы алды. Мен ол кезде поштада істеймін. Жасым жиырмаға келген жігітпін. Роза апамызды алдынан шығып, гүлмен күтіп алдық. Мал сойылды. Барынша құрмет көрсетілді. Қасында екі-үш-ақ адам бар. Сол жылдары ұжымшар орталығына электр жүйесі енді тартылып жатқан еді. Сондықтан жарық үйлерге мотормен берілетін. Алдымен ол кісі кешкұрым далада концерт қойды. Оған ауылдың барлық тұрғыны тайлы-тұяғы қалмай келді. Тұп-тұнық аспан. Шілденің мақпал кеші. Дала сахнасында әнші бұлақтай сыңғырлаған әсем даусымен халық әндерінен бастап, ел ішіне кең тараған «Ақ маңдайлым», «Әдемі», «Ах, Самара-городок»-ты тамылжыта шырқады. Тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Жасы үлкен қариялар оған дән риза болып, батасын берді. Келесі күні клубта қойды. Оған кеңшардағы төрт бөлімшенің барлық адамы жиналды. Бізден кейін Роза апамыз Үрпек ауылына кетті», деді ол.
Ғалымжан ағамыздың айтуынша, сол жылдары ауылға біртуар композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев «Отырар» оркестрімен, «Яшлык» тобы және т.б. белгілі әншілер де келіп, өнер көрсетіпті. Мұның шет жағасын біз де көрдік. Мектепте оқып жүргенде ауылға Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Нағима Есқалиева секілді есімдері елімізге мәлім өнерпаздар келген еді. Қазір мұндай жағдай өте сирек.
Енді суретке тоқталайық. Бүгінде Роза Бағланованы орта-ға алып түскен азаматтардың ешбірі өмірде жоқ. Олардың бәрі де аудан, ауыл көлемінде лауазымды қызмет атқарған тұлғалар. Алайда бұл жәдігер айтулы әншінің ел адамдарымен түскен бейнесі арқылы сол уақыттың тынысын сезіндіреді.