Мемлекет басшысы Жолдауда Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан еліміздің стратегиялық міндеттерінің бірі көлік-логистика саласын дамыту, өңіраралық көлік байланыстарының сапасын жақсарту екенін баса көрсетті.
Бұл орайда ел аумағы арқылы өтетін транзиттік дәліздердің дамуы сыртқы сауда айналымының ұлғаюына ықпал етуге тиіс. «Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Былтыр территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 млрд тоннадан асты. Сонымен қатар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі», деп нақтылап көрсеткен еді.
Расында, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты халықаралық көлік-логистика да жаңа сипатқа ие бола бастады. Соның ішінде құрлықтағы ауыр жүк көлігі тасымалы ұлғайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерін дамыту еліміздің көлік-логистика саласындағы әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, халықаралық нарыққа шығуға жол ашады. Президент атап өткендей, бұл орайда цифрлық шешімдер де кеңінен қолданылуға тиіс.
Осы тұрғыда еліміздің негізгі транзиттік артерияларының бірі – «Самара – Шымкент» тасжолының маңызы да арта түсті. Өйткені жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын көлік дәлізінің 90%-ы еліміздің аумағынан өтеді. Осыдан 20 жыл бұрын қайта салынғанына қарамастан, еліміздің 6 өңірінің үстінен көктеп өтетін тасжолдың жағдайы жұртшылықты алаңдатып жүр. Ақтөбе облысының үстінен өтетін 500 шақырымнан асатын бөлігінің жағдайы орташадан төмен. Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ырғыз аралығы, одан Қызылорда облысының Арал ауданымен шектесетін бөлігі өте тар. Әсіресе Ырғыз – Арал арасындағы 90 шақырымдық елсіз далада екі жүк көлігі тығылысып өтетін тұстары өте көп. Күз бен қыс мезгілдеріндегі көктайғақта бұл жерде қозғалыс тіпті қиындайды. Қақаған қыста дизельді отынмен жүретін ауыр көлік тұрып қалса, ешкім көмекке келмейді. Қаншама көлік жүргізушісі қайғылы жағдайға да тап болды.
Көлік министрлігі екі жыл бұрын «Самара – Шымкент» тасжолының ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағытындағы 66 шақырымды өте апатты жағдайда деп жариялады. Облыстық Полиция департаментінің дерегіне қарағанда, дәл осы жол бөлігінде өткен жылы 24 көлік апаты болып, 14 адам қаза болған, 46 адам түрлі жарақат алған. Биылдың өзінде осы тұста 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тауып, 51 адам жарақат алыпты. Сол себепті жол апаты жиі орын алатын ең апатты бөлігін 1-техникалық санатқа сәйкес келтіріп, қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды.
Қайта құру жұмыстары 7 учаскеге бөлініп, біріншісінде жұмыс 2024 жылы басталды. Бүгінде жөндеу жұмысы Хромтау ауданының Ақжар елді мекені, Жазық теміржол бекеті тұсындағы 791-819 шақырым аралығында жүргізіліп жатыр. Бұл аралықтың ұзындығы – 28 шақырым. Мердігері – «Сине Мидас Строй» ЖШС. Жобаға республикалық бюджеттен 57 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 23 шақырымда асфальт жабындысының бірінші қабаты төселіп, 11 шақырымы пайдалануға берілді. Қараша айында бүкіл 28 шақырымды толық ашу жоспарланып отыр.
Бұл учаскеде екі көпір мен екі жолайырық салынып жатыр. Олардың бірі – Жазық теміржол өткелі, екіншісі – Тассайға апаратын тасжол үстіндегі жолайырық. Жол құрылысына 500-ге жуық жұмысшы және 327 техника тартылған. Қазірде жол салушылар техникаларымен қызу жұмыс үстінде. Олар бір жағынан жол бөліктерін кеңейтіп, екінші жағынан асфальт жамылғысын салып, күн суытқанша аяқтауға тырысып жатыр.
«Сине Мидас Строй» ЖШС басшысы жол құрылысына қажетті материалдардың уақытында жеткізілгенін, өндірістік базасында 3 тас ұнтақтайтын зауыт пен битум сақтайтын қоймасы бар екенін мәлімдеді.
Жаңбыр жауып, лайсаң басталғанша Хромтау жағынан Ақтөбе қаласы бағытына қарай өтетін жолды дайындап үлгереміз дейді. Жол сапасын Ұлттық жол сапасы орталығы мен техникалық қадағалау мекемелері бақылап жүр. Осылайша, бас мердігер халықаралық транзиттік жолдың Хромтаудан Қарабұтаққа дейінгі күрделі 56-66 шақырымдық бөлігінің 28 шақырымы қыс түскенше аяқталады деп сендірді. Қалған 6 бөлігіндегі жөндеу жұмысы келесі жылдары жалғасып, толық төрт жолақты етіп салынбақшы. Әзірше қалған 40 шақырымын қайта жөндейтін мердігер анықталмаған. Оның хабары келесі жылдың көктемінде шығуы мүмкін.
Осылайша, Ақтөбе облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» автожолының қайта жаңғыртылуы елдің транзиттік әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады. Қайта жаңғыртудан кейін жол қауіпсіз әрі ыңғайлы болса, көлік ағынының артуы логистикалық тиімділікті едәуір күшейтуге тиіс. Геосаяси өзгерістер кезінде елдерді жалғастырып жатқан қауіпсіз көлік жолдарының маңыздылығы арта түсері сөзсіз. Қауіпсіз жолдар экономиканың тамырына да қан жүгіртеді.
Ақтөбе облысы