• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:53

Өндіруші мен тұтынушы қайткенде ұтылмайды?

20 рет
көрсетілді

Еліміздегі көп өңірде ди­қандар өнімін делдалға өткізуге мәжбүр. Себебі тікелей сауда желілеріне шығуға логистика, қойма, тасымал мен маркетинг шығыны қажет. Өнім­ді ұзақ сақтайтын заманауи қоймалар да жетіс­пейді. Оған қоса, базар­лардағы орын ақысы мен сауда ұйымдастыру құны тым жоғары. Сонда тығы­рық­тан шығар жол қайсы?

Тікелей байланыстың мәні зор

Қазақстан фермерлері қа­уым­­­дастығы басқарма төраға­сы­ның орынбасары Әкпар Мәу­ле­нов­тің айтуынша, бұл ретте кооперативтер мен ауыл шаруа­шы­лығы одақтары диқан өнімін сатуға дәнекер бола алады. Ко­о­пе­­ра­­тивтер, мемлекеттік немесе же­кеменшік аграрлық марке­тингтік орталықтар логистика, өңдеу, орау, сақтау қызметтерін атқара алады. Олар өндіруші мен сатып алушы арасында тікелей байланыс орнатуға көмектеседі.

«Шаруаға нарықтағы баға, сұраныс пен ұсыныс туралы деректер толық әрі дұрыс жет­пейді. Соның салдарынан делдал­дар өнімді арзан бағаға алып, тұтынушыға бірнеше есе қым­батқа сатады. Бұл – диқандар­дың табысын кемітеді, ал тұтыну­шылар үшін бағаны өсіреді. Делдал­дарды тежеу үшін заңна­ма­лық тұрғыдан делдалдық маржаны шектеу (шаруадан сатып алғаннан кейінгі үстеме бағаны реттеу), делдалдық қызметке лицензиялау немесе мемлекеттік бақылау енгізген жөн. Оған қоса, фермер мен тұтынушы арасын тікелей байланыстыру – тікелей сауда орындарын, арнайы фермер дүкендерін ашу керек, өйткені өнім тікелей ауылдан келеді», дейді Әкпар Мәуленов.

 

Дәнекердің міндеті қандай болмақ?

Өнімді сатудағы дәнекер – диқан мен тұтынушыны немесе сауда желілерін байланыстыратын, екі тарапқа да тиімді шарт жасайтын құрылым. Мұндай дәнекердің міндеті: сатып алушы табу мен нарықты зерттеу – қай өңірде қандай өнімге сұра­ныс барын анықтау, логис­тика ұйым­дастыру – өнімді уақтылы жеткізу, сапаны бақылау – тауар­ды сақтау мен тасымалдау та­лап­тарын орындау, бағаны тұрақ­­тандыру – делдалдық үсте­мені шектеп, әділ баға ұсыну, тран­закция қауіпсіздігі – төлемді уақ­тылы әрі толық аудару. Әкпар Қазәлиұлының пікіріне сүйенсек, әуелі қоймалар мен логистика мәселесін шешіп алған жөн. Ол үшін аймақтық қоймалар мен хабтар құру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы әр облыста заманауи қойма салу, температура сақтайтын салқын­датқыш қойма, вакуумды сақтау жүйесін құру қажет.

Әсіресе ауылдарға логисти­ка­лық компаниялардың кіруін ынталандыру, кооперативтер арқылы бірлескен тасымал ұйым­дастыру ісін жеделдеткен ләзім. Сондай-ақ қойма салуға, ло­гис­тика техникасын алуға жеңіл­­детілген несие беріп, сақтау мен тасымалдауға арналған субсидия немесе салықтық жеңіл­дік­тер енгізген жөн. «Егер осы ше­шімдер кешенді түрде жүзеге асырылса, фермер табысы артып, өнім бағасы тұрақталады, ауыл шаруашылығы дамиды деп се­німмен айтуға болады», деді ол.

Кооперативке біріккеннің ұпайы түгел

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының диқаны Бахадір Қарысбекұлы біз көкөністі мол етіп өсіреміз, бірақ оны өткізу қиын дейді.

«Делдалдар бізден арзанға ала­ды да, қалада екі есе бағамен сата­ды. Егер ауылдан қалаға дейін­гі ло­­гис­тика мен сату орындарын мем­­лекет немесе кооператив­тер қам­­тамасыз етсе, фермер де, тұты­ну­шы да ұтар еді. Әйт­песе, қайта өңде­луге тиіс көкөніс өнім­дерін қай­та өңдейтін кәсіпорындар болса, олар өнімді бізден тікелей сатып алса тиім­ді болар еді», деген ойын айтты.

Агроэкономист Алпамыс Елмуратовтың пікірінше, бұл істегі ең тиімді модель – ауыл шаруашылығы кооперативтері мен фермерлік маркетингтік орталықтар құру. «Еуропа мен Түркияда фермерлердің өнімін өткізетін кооперативтер бар. Олар сақтау қоймасы, логистика, сауда орындары және онлайн сатуды бір жүйеге жинайды. Біздің елге де осы жүйені енгізу керек. Сонда фермердің табысы артып, тұтынушы сапалы әрі арзан өнім алады», дейді ол.