Елімізде құрылыс және жөндеу саласында импорттық өнімге тәуелділікті азайту мақсатында отандық зауыттар іске қосылып жатыр. Дегенмен толыққанды өндірісті дамыту үшін бірқатар кедергі бар. Астана маңында орналасқан бояу өндіретін «BMP Astana» зауыты бірқатар түйткілмен бетпе-бет келіп отыр.
Мүмкіндік – 5 000 тонна, сұраныс – 500 тонна
Зауыт өнімдері құрылыс, көпір салу, машина жасау, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезең бір алаңда жүзеге асады. Әрбір кезеңде қатаң бақылау бар. Кіріс материалын тексеру, өндіріс барысындағы экспресс-талдау әрі кейінгі техникалық регламентке сәйкес сынақтар жүргізіледі.
2022 жылы кәсіпорында 353 тонна өнім шығарылса, 2023 жылы өндіріс көлемі 10 есе артып, 3 442 тоннаға жетті. 2024 жылы 2 834 тонна жабын өндірілді. Кәсіпорынның тапсырыс берушілері қатарында еліміздегі ірі компаниялар бар. Айталық «Теңізшевройл», «Қарашығанақ» кәсіпорны «ҚазМұнайГаз» бен оның еншілес ұйымдары, «KAZ Minerals», «Қазақмыс», NCOC және мұнай-газ бен металлургия саласының басқа да жетекші кәсіпорындары. Зауыт директоры Гүлмира Баймағанбетованың айтуынша, кәсіпорын қазір жоспарланған қуаттылыққа толық жете алмай отыр. Зауыттың басты мақсаты – ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету.
«Зауыт қуаты – 5 000 тонна. Бірақ қазір біз әлі ол межеге жеткен жоқпыз. Биылғы жоспар – 2 500 тонна. Оның ішінде 2 000 тоннасы экспортқа кетіп жатыр. Негізгі нарық – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия. Бұл зауыт экспорт үшін емес, отандық ішкі нарықты сапалы материалдармен қамту үшін салынған. Дегенмен қазір еліміздің мекемелерінен бар болғаны 500 тоннадай сұраныс түсіп отыр», дейді ол.
Мемлекеттік қолдауға зәру
Негізі елде бәсекеге қабілетті өндіріс құруға толық мүмкіндік бар. Бірақ шикізат, қаптама және ішкі сұраныстың жеткіліксіздігі отандық өнімнің бағасына әсер етеді. Расында, отандық нарықта өндіріс үшін қажетті базалық шикізат толыққанды ұсынылмай отыр. Демек бүгінде кәсіпорындар екіұдай күй кешуде. Бір жағынан, сапасы толық жетілмеген болса да отандық өніммен жұмыс істеуге тырысады, екінші жағынан импортқа тәуелділіктен арылуға мүдделі. Бұл ретте бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Егер елімізде өндірілетін шикізат сапасы көтеріліп, ассортименті кеңейсе, кәсіпорындар үшін шығын азайып қана қоймайды, ел экономикасында да қосымша құн қалыптасады. Мәселен, «BMP Astana» зауыты толық автоматтандырылған. Мұнда бояулар әртүрлі түсте дайындалып, әр партиясы зертханалық сынақтан өткеннен кейін ғана нарыққа шығарылады. Дегенмен кәсіпорын алдында тағы бір түйткіл бар. Ол – қаптама мәселесі.
«Бізде банка өндірілмейді, сондықтан оны Ресейден сатып аламыз. Қарағандыда бір компания құты жасап шығарады, бірақ олардың сапасы әлі талапқа сай келмейді. Елімізде базалық талаптарға сәйкес келетін өнімдер шығарылмайды. Көбіне пластик шелек сияқты қарапайым дүниелер ғана өндіріледі, бірақ олардың сапасы да кейде төмен болып жатады. Соған қарамастан, ол компаниялармен жұмыс істеп көріп жүрміз. Себебі өнімімізді шикізатпен шығару өте маңызды», дейді зауыт басшысы Гүлмира Баймағанбетова.
Егер қарапайым қаптаманың өзі ел ішінде өндірілмесе, дайын өнімнің өзіндік құны өсіп, отандық кәсіпорындар шетелдік бәсекелестермен тең дәрежеде күресе алмайды. Зауытта қазір жүзге жуық жергілікті маман жұмыс істейді. Кәсіпорын қызметкерлерді оқытып, кәсіби деңгейін арттыруға күш салып отыр.