Жалпыхалықтық сенбіліктер Көкше өңірінде де кеңінен ұйымдастырылды. Табиғаты тамылжыған өлке ақадал адамдардың алғаусыз ниетімен тағы бір жасарып, хас сұлудай сыланып, жайнап, өзгеше түрге енді.
Игі іске облыс орталығы мен Қосшы қаласының тұрғындары ұйытқы болды. Көкшетау қаласының іргесіндегі Бұқпа тауының баурайы адамдар ағынына толды.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, биылғы жылдың алғашқы жартысында «Таза Қазақстан» акциясына қатысушы адамдардың саны 463 мыңнан асқан. Іс нәтижесінде 80 мың тонна қоқыс жиналған. Жергілікті оқу орындарының студенттері мен білім алушылары аға буынның тәлімді ісінен тағылым алып, қолғабыс етіп жүр. Көкшетауда UNISEF халықаралық еріктілер қозғалысына 300-ден астам жас қосылыпты.
Сенбілік барысында Қосшы қаласында да ауқымды жұмыс атқарылды. Сарқырама өзенінің жағалауы жел ұшырып әкелген қоқыстан тазартылып, көп-көрім жақсарып қалды. Жергілікті билік Қосшыдағы жұмыс әлдеқашан дәстүрге айналғанын айтады.
– Жазда «Жасыл ел» акциясы өткізілді, – дейді Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев, – акцияға жүздеген адам қатысты. Негізінен студенттер мен мектеп оқушылары. Олар жазғы демалыс кезінде қол қусырып қарап отырмай, қоғамға қажетті шаруамен айналысты. Әр жыл сайын табиғат жанашырларының қатары көбейіп келеді. Бұл қуанарлық жайт. Демек өздері тұрып жатқан жерді құрметтеп, оның ажарлы болуын қалайтын, әдемі болғанын көргісі келетін ізетті буын өсіп келеді. Мұндай акциялардың пайдалы жағы да осы.
Сенбілікке «Астана» халықаралық университетінің эколог мамандығын игеріп жатқан студенттері де қатысты. «StopMusor» жобасы да «Таза Қазақстан» акциясымен сабақтасып жатыр.
– Біз әр үш ай сайын күш біріктіріп ортақ іске атсалысамыз, – дейді экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева. – Президент халыққа Жолдауында цифрландыру мәселесі туралы орынды пікір айтты. Еліміздің экология мәселесіне де цифрландыру өте керек.
Әркім өзінің туған өлкесінің таза болғандығын қалайды. Тек жақсы іске жаршы болып, ұйымдастыра білу қажет.
– Біз осы акцияны төртінші жыл өткізудеміз, – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов. – Бір күн ішінде еліміз көлемінде миллионнан астам адам қатысқан игілікті жұмыс атқарылды. Алпыс мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, тиісті орнына жеткізілді. Бүгінде жұмыстың ауқымына ғана емес, сапасына да назар аударамыз. Тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинаймыз. Мәселен, пластикалық ыдыстар бөлек жиналады.
Тазалық акциясы облыстың барлық аудандарында өткізілді. Осы бір тізе қосқан тағылымды істен ел бірлігінің бекем екендігін айқын аңғаруға болады.
Ақмола облысы