Елімізде техникалық мамандар тапшы. Осы мәселені шешу мақсатында техникалық және инженерлік мамандықтарға көбірек гранттар қарастырылған. Бұл ретте жоғары оқу орындарына қоса колледждерге айрықша басымдық беріліп келеді. 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануының да себебі – сонда, деп жазады Egemen.kz.
Осыған орай Үкімет тапшы мамандықтарға көбірек мемлекеттік білім тапсырысының көлемін арттырып жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің жақында таратқан ақпаратына сүйенсек, 2025 жылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 9-сынып базасында білім алушылардың 100%-ы қамтылды.
2025-2026 оқу жылында колледждерде мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артып, 384 мың орынды құрады. Сондай-ақ бір студентке жан басына шаққандағы қаржыландыру 437 мың теңгеден 913 мың теңгеге дейін 2 есеге ұлғаяды.
Жыл сайын кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың талапкер қабылданады. 2030 жылға дейін 90 мың студентті қамту жоспарланып жатыр.