• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 12:22

Ақтөбе облысында Мөңке бидің 350 жылдығы атап өтілді

20 рет
көрсетілді

Ақтөбеде   тарихи тұлға, қазақ хандығы дәуірінің ірі өкілі, көреген би, өз заманының ойшылы  Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына арналған кең көлемде іс-шаралар өтті.  Тахауи Ахтанов атындағы облыстық театр сахнасында «Мөңке би» тарихи драмасы сахналанды.  Облыс орталығының іргесіндегі Ақшат елдімекенінде  қазақ күресі,  тоғызқұмалақ пен асық атудан  сайыс өтіп, ат бәйгесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақшатта  дөңгелене тігілген 60 ақшаңқан киіз үй  20 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтарды қабылдады. Этноауылдағы шаралар  Ахмет Жұбанов атындағы  қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы  Мөңке бидің «Қиқу дәурен» күйімен басталып,  дәстүрлі әншілер мен  жыраулар орындауындағы жыр,  терме, халық әндерімен жалғасты. Мерейтой аясында  республикалық мүшәйраның қорытындысы шығарылып,  жеңімпаздар марапатталды.

Өнер орталығында өткен  «Мыңжылдықты болжаған Мөңке би»  атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда 1675-1756 жылдары қазақ хандығының күрделі кезеңінде өмір сүрген тұлғаның ел ішінде сақталған мұралары,  ол өмір сүрген тарихи кезең туралы айтылды.  Әкесі Тілеу мен туған ағасы Жолдыаяқ   Сайрам соғысында жоңғарлармен ерлікпен қаза тауып, жастай әкесіз өскен бала Мөңкенің кішкентайынан  ел ішіндегі дауларға қатысқаны  туралы дерек айтылды. Филология ғылымдарының докторы  Бауыржан Жақып «Мөңке би өсиеттерінің өміршеңдігі» туралы баяндамасында  Мөңкенің даналығы, әулиелігі  құбылысына тоқталды. Анығы сол, оның түпкі  бабасы  Ноғайлының Едіге биінен тараған, жаугершілікте билік үшін қырқыста   Мұғалжардың бойына жасырын тастап кеткен Нұраддиннен тараған ұрпағы.  Дананың ел ішінде тараған  сөздерін   Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен Сейфуллин, Нұржан Наушабаев, Ахмет Жұбанов хатқа түсірді.   «Ғалымдар арасында Ахмет Байтұрсынұлы  Мөңкеге ең алғаш қалам тартты. Ол   1926 жылы  «Сауат ашқыш» кітабында  шекті Мөңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауын бітіргенін жазады. Мөңке өмір сүрген кезеңде  теміржол салынған  жоқ, тепловоздар да шыққан жоқ. Соған қарамастан әулие түрлі-түрлі халық болатынын, күндіз түні жарық болатынын айтып, электр шамдарын болжап кетті. Электр шамдары Еуропа көшелерінде ХІХ ғасырдың аяғында пайда болғанын ескерсек, оны  150 жыл бұрын көре білген.   

«Бармақтай зат тауды жығар» деп атом бомбасын айтып кеткендей.   Мөңке бидің шешендік өнері туралы архив құжаттарына сүйене отырып, бүгінге жеткізген фольклортанушылар – Балтабай Таңжарбаев, Нысанбек Төреқұлов, Тұрсынбек Кәкішев, Бауыржан Омарұлы, Серікқали Байменше», деді Бауыржан Жақып.

Қазіргі уақытта Мөңкенің «Қиқу дәурен», «Шалқыма», «Өттің жалған-ай» және  «Жиын. Алқа. Кеңес» күйлері Құрманғазы оркестрінің репертуарына енген. «Мөңке би бабамыз  сан қырлы дарын  иесі болған. Соның бір қыры –сазгерлігі, күйшілігі.  Құрманғазы оркестріне Мөңкенің күйлері    Аманғали Мағзұмұлынан күйшілікті үйренген ұстаздарымыздан келді. Ал, Аманғали кезінде Ақтөбе облысының Ойыл ауданының күйшілерінен үйренген. Соған қарағанда   Мөңке  Тілеуұлы  жастық шағын  Ойыл жағында өткізген сияқты.  Айта кету керек,  Мөңкенің «Жиын. Алқа. Кеңес» күйі Құрманғазы оркестрінде  композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың  симфониясына кіріп, оны   жас кезімізде  орындап жүрдік.   Мөңке бабамызға арнап өткізіліп жатқан осы іс-шарада «Жиын. Алқа. Кеңес» күйін  орындаймын. Мөңкенің күйлері бүгінде нотаға түсті, оркестр ойнап жатыр,  халыққа белгілі», деді  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Басықараев.

Ақтөбе облысы