Ақтөбеде бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Aqbobek International School» қысқа уақыт ішінде қаладағы алдыңғы қатарлы мектептердің біріне айналды. Мұнда заманауи білім беру технологиялары қолданылады: бастауыш сыныптарда сингапурлық бағдарлама енгізілсе, жоғары сыныптарда жобалық тәсіл пайдаланылады. Ең бастысы – оқу ордасында оқушылар үшін сенім мен дамуға қолайлы орта қалыптасқан.
Мектептің дамуына белгілі меценат әрі қоғам қайраткері Күлпаршын Айдарханова ұйытқы болып отыр. Оның бастамасы мен қолдауының арқасында «Aqbobek International School» жай ғана мектеп емес, оқушылар өз таланттарын ашып, мұғалімдер кәсіби тұрғыда үнемі шыңдалып отыратын білім беру экожүйесіне айналды.
«Әр төрт жыл сайын әлеуметтік нысандар саламыз. Өткен жылы 90 орындық интернаты бар Aqbobek лицейін тұрғыздық. Аудандарда жақсы мектепте оқығысы келетін дарынды балалар барын көріп, осындай жобаға бардық», – деді Айдарханова.
Бұл – «Aqbobek» желісіндегі үшінші мектеп. Жалпы 400 орынға лайықталған, соның ішінде 100-і ауылдық жерлерден келген балаларға арналған.
«Интернатта балаларға үйдегідей жайлы жағдай жасауға тырыстық. Қазір осы балалардың оқуына мемлекеттен қаражат бөлінгенін күтіп отырмыз», – деп қосты меценат.
Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, бұл мектепте оқушылар IT-технологияларды тереңдете оқып, жасанды интеллектіні меңгеріп, робототехникамен айналыса алады. Алдағы уақытта мектеп жанынан тұтас технопарк салу да жоспарланған. Меценат сапалы білімнің арқасында ауылдан келген балалардың да халықаралық олимпиадаларда ел атынан бақ сынайтынына сенім білдірді.
«Ақтөбелік балаларға арналған әлеуметтік нысандар менің өмірімнің ең жарқын бөлігі екені сөзсіз. Жобалардың нақты нәтижесін, өңір үшін маңызын көргенде жаңа жетістіктерге ынталанасың», – деп атап өтті Айдарханова.
Қазіргі таңда «Aqbobek International School»-де 850 оқушы білім алуда. Олармен халықаралық сертификатқа ие педагогтар мен кәсіби олимпиада жеңімпаздары жұмыс істейді. Мұғалімдер – тек қана ұстаз емес, тез өзгеретін заманда балалардың өзін табуына жол көрсететін нағыз тәлімгерлер. Олар үнемі даму үстінде: республикалық және халықаралық конференцияларға қатысады, ғылыми жобалар жасайды. 2024 және 2025 жылдары «Үздік педагог» атағын алғандары да бар.
Мектепте оқуға барлық жағдай жасалған: 66 оқу кабинеті, 5 информатика сыныбы, 3 шеберхана, 3 спортзалы және заманауи жабдықталған сыныптар бар.
2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында алдағы үш жылда еліміз «цифрлық ұлтқа» айналуы тиіс екенін атап өтті. Ол жасанды интеллект негіздерін мектеп бағдарламасына енгізу, сондай-ақ заманауи технологияларды меңгерген педагогтарды даярлау қажеттігін айтты.
Бұл бағыт «Aqbobek» мектептерінің тұжырымдамасына да сәйкес келеді. Мұнда білім беру үдерісі инновациялық тәсілдерді, сыни ойлау мен функционалдық сауаттылықты интеграциялау негізінде құрылады.
«AIS» басты мақсаттарының бірі – табысты әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеу. Болашақта олар өз қаласының, өңірінің және елдің дамуына үлес қосуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы да атап өтіп, Қазақстанда сапалы білім мен дарынды жастарды қолдау аса маңызды екенін жеткізген.
«Мұнда әр оқушыға жеке-жеке көңіл бөлінеді. Мұғалімдер балаларға білімге деген сүйіспеншілікті зорлықпен емес, қызығушылықпен сіңіруге тырысады. Біз адал педагогика қағидаттарын ұстанамыз», – деді Күлпаршын Айдарханова.
Алдағы жоспар – мектепті ары қарай дамыту, оқушылардың білім қорын нығайту, олардың цифрлық дағдыларын және сыни ойлау қабілетін жетілдіру, ғылыми жобалар мен халықаралық олимпиадаларға қатысуға көбірек мүмкіндік беру.
Мектеп ашудан бөлек, депутат өңірде әлеуметтік маңызы бар түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Күлпаршын Айдарханова «Ақбөбек» оңалту орталығының ашылуына бастамашы болып, оның филиалдарын аудандарда іске қосып, ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етті. Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы әрі ментор ретінде ол әйел-кәсіпкерлерді белсенді қолдап, наубайхана, дүкен, сұлулық салондарын ашуға көмектесіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және шағын бизнесті дамытуға ықпал етіп жүр.
Сонымен қатар, Айдарханова «Baqytty Bala» мәдени фестивалін ұйымдастыруға бастамашы болды. Бұл фестиваль дарынды балаларға арналған халықаралық алаңға айналып, өңірдің беделін елден тыс жерлерге де паш етті.