• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 12:40

«Егемен» не деген? 18 қыркүйек, 1990 жыл.

60 рет
көрсетілді

Жасанды интеллектінің кернеуі күннен күнге күшейгенімен, жылдар арасында жылжытып отыратын уақыт машинасы әлі жасалған жоқ. Сондықтан ілгері замандағы ілкімді ізденістер мен өзекті өзгерістерді гаджеттен емес, газеттен қарауға тура келеді. Әсіресе, халықтың дәл сол кездегі хал-ахуалын БАҚ айнасы анық көрсетеді. Хош, осыдан 35 жылға кейін шегініп көрейікші.

1990 жыл. Ғасырдың соңғы парақтары аударылып, жаңа дәуірге бет ала бастаған шақ. Әлеуметтік құрылыстың әлемет өзгеруіне бірер жылдай уақыт қалды. Бейне бір қыл көпір дерсіз бұл уақытты. Алайда осы қылкөпірден біраз адам мұзға айдаған түйедей шатқаяқтап өткені белгілі. Өйткені тостаған орнына стақан, шалап орнына шарап ауысты.

Әлбетте, бұрынғы «Социалистік Қазақстан» қоғамның бұл құбылысын қатаң сынға алады. Оқырманды ойлануға шақырып, тентек судан тезірек құтылуға үн қосады. Дәл осы күні, 18 қыркүйек бас редактор Шерхан Мұртазаевтың қолымен Дүйсен Иманбековтың «Ойланайықшы, ағайын» атты материалы «Редакцияға хат» айдарымен ел назарына жарияланады. Автор мақала соңында тиісті қаламақысын Шығыс Қазақстандағы зілзаладан зардап шеккендерге көмек ретінде аударуды сұрайды. Мақаланың мәтінін қайта теріп, назарларыңызға ұсынамыз, әзиз оқырман:

Ойланайықшы, ағайын

Айтайын дегенім – арақ мәселесі. Қазіргі заманда осы ішімдіксіз өтетін отырыстар жоқ десе де болғандай. Әрине, қуанышқа бәріміз де ортақпыз ғой. Әйтсе де, ішіп алып көшеде қызу «есеп айырысып» жатқандары, сенбі, жексенбі күндері мен мейрам кездерінде, жала­қы алған сәттерде сылқия той­ғанға мәз болатындарды көр­генде еріксіз қынжыласың. Мұндай жағдайда әсіресе жас бүлдіршіндер қандай тәлімді тәрбие алмақ?

Үй иесінің арақ ішкен күні сол шаңырақта ата мен ана­ның, баланың көз жасы төгіле­тін азапты күн. Әрине, әзірге өлшеп қана ішіп, үнсіз жүретін «залалсыздар» да бар. Бірақ бұл әзірге ғана сондай. Себебі, осы қарқынымыздан танбасақ, халық келешегі, ұрпақ келешегі күңгірт болмағы талассыз.

Осы бір кесел қаншама аза­маттарымыздың өмірден өтіп, қаншасын қор қылды? Біздің көптеген қандастарымыз шет елдерде тұрады. Солар шалғай жүрсе де халқымыздың салт-дәстүрін кір шалдырмай ұста­йды екен. Өздерін ішімдік атау­лыдан аулақтауға ұмтылатын­дары риза етедi. Қадірлі қо­нағы келсе, арақ-шарапсыз-ақ көңілін табады. Демек, мәселе дастарқанға міндетті түрде ішімдік қоюда емес, мәселе біздің рухани аза бастаған санамызды емдеуде жатыр. Жуырда Түркиядан келген бауырымыз Мұстафа Өзтүрік теледидар арқылы сөйлегенде біздегі осы жағдайды қынжыла айтты. Бұл жаны ашитын азаматтың, жылатып айтқан сөзі деп түсінуіміз керек.

Өкінішке орай, біздің жайы­мыз баяғыдай. Ішімдік ішіп өр­леп, дерт дендеп, ұрпақтар уланып барады. Ағайындар-ау, ішімдік халқымызға жат құбы­лыс қой! Біз туысқан ауған, түрік, түрікмен халықтарымен дәстүрлеріміз жақын, діні­міз ортақ жұртпыз. Бірақ олар ішімдік атаулыны ұстамайды. Ендеше, біз неге ұмыт болған асыл қасиеттерімізді қайта жаңғыртпаймыз? Аға-іні болып неге осындай ішімдіктерден бойымызды аулақ салмаймыз? Неге бір-біріміздің қуанышымызды ішімдік­сіз, ән айтып, би билеп, күй тартып өткізбейміз? Қазақтың мейрамдары түрлі ұлттық ой­ындардан кенде емес еді ғой...

Ойланайықшы, бәлкім, әлі де кеш емес шығар?..

Дүйсен Иманбеков Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, «Діңгек» совхозы.