Таңдай қақтырар қабілет иесі, алтын қолды автомеханик, ауылының ардақты ақсақалы Бөрібай Ысқақовты күллі Қарқаралы жұрты таниды. Бір жасында шешек ауруына шалдығып, жанарынан айырылған тағдыр иесінің таланты талайды таңғалдырады. Жасы жетпіс жетіге келсе де қабілетті қарияның күш-қуаты әлі бойында. Осы жаздың өзінде ауылындағы үш трактордың моторын жинап беріпті.
Қарқаралы өңірінің «автодиагностикасы» атанып кеткен Бөрібай ақсақал осы бір еңбегіне ақы алмайды. «Ақының ең қымбаты – адамның алғысы», дейді аты аңызға айналған автомеханик. Бойынан бұлқынып шыққан бұл қабілеті бала кезінде байқалса керек. Өздігінен ауылдағы балалардың велосипедін бұзып, оны қайта құрап, қолын жаттықтырады. Содан соң үйіндегі радиоқабылдағыш құрылғысының механизмін ашып-шашып, оны да оңай меңгеріп алған жас бала ауылының қажетіне жарайды. Алғаш шыққан лампалы теледидардың да құрылымын тез меңгеріп алады. Жанып кеткен оларға қайта жан бітіріп жүрген кезінде ол он жастан енді асқан көрінеді.
Содан бері автомеханик мамандығына машықтанады. Ауылдың электригі де өзі. Ақбай-Қызылбай ауылындағы ағайын істен шыққан тоңазытқыш, мұздатқыш, цифрлы теледидарларын қалаға тасып әуре болмайды. Бөрібай ақсақал сиқырлы саусағымен-ақ жан бітіреді. Тіпті таңғажайыбы, кейінгі шыққан плазмалы теледидардың да тілін ұғынып алады. Кейінгі кез келген заманауи техникаңызды жөндеу Бөрібай шеберге сөз емес. Содан да болар, құдай дарытқан бұл қапысыз қарым-қабілетін ақсақал саудалаған жоқ.
Автомеханик ақсақалдың көліктің қай бөлшегі істен шыққанын дыбысын тыңдап-ақ табатын қабілеті де ерекше дамыған. Әсіресе ауыл шаруашылығы техникаларының ақауын тез анықтап береді. Бөлшекті ағытып алып, қайта жөндеп, оны орнына орнықтырғанша Бөрібай ақсақал байыз таппайды. Осы жаздың өзінде үш трактордың моторын қайта жинап шығыпты. Екі-үш «Нива» көлігінің алдыңғы тірегін жаңалаған. Және үнемі өзіне қолғабыс жасап жүретін інісінің көлігіндегі механикалық беріліс қорабын жөндеп беріпті.
Одан бөлек, көліктің де кез келген тұйықталып қалған тоғын қалпына келтіреді. Автокөліктің редукторы, датчигі, релесі деген бөлшектерді де жазбай таниды. Ең алғаш бір малға алынған «Москвич-2140» көлігін жөндепті. «Бір өзім есігін жаңалап салып, тоқтарын ретке келтірген кезімде жалындаған жас жігіт едім», дейді.
«Темірде де тіл бар. Оны сезіне білу керек. Құдай осындай қабілет берген екен, дән ризамын. Ең күшті ермегім – осы шаруам. Екі көзімнің қызметін екі қолым артығымен атқарып отыр. Соған тәубе етемін. Егер осындай өнерім болмаса, бұл өмірді қалай өткеретінімді де елестете алмаймын. Осы бір жұмыстан бойыма күш аламын. Сексеннің сеңгіріне де жақындап қалдық. Оңай жас емес. Құдай берген қабілетім ауылымның игіліне жарап тұр. Соны көңіліме медет қыламын», дейді майталман механизатор.
Айтпақшы, Бөрібай ақсақалдың адал жары Рая әжейсіз шаруасы тынбайды. Көп-көрім көмекшісі. Рая әжей де кілт-сайманның түр-түсіне дейін біледі. Автомеханиктің оң қолына айналған әжей де техниканың тілін біршама түсініп қалған.
Ауылдың дүрілдеп тұрған тұсында Бөрібай ақсақалсыз той да, мерекелік концерт те өтпейтін болыпты. Өйткені домбырасын шертіп, баянын тартып ән салғанда сахна шіркін жайнап кететін еді дейді ел-жұрт. Бала кезінен ән-жырға әуестенген кейіпкеріміз домбыраның қоңыр үнін жанына жалау қылады. Ән өнерінен өміріне осылайша әр алады.
Ауылынан алыстағысы келмейді. Алайда қажырлы кезінде қалаға да көшкісі келеді. Өкінішке қарай, осыдан он шақты жыл бұрын ауылдағы қарашаңырағының төбесі тозып, опырылып ортасына түсіпті. Содан бос қалған ауылдасының үйінде тұрып жатыр. Қарағандыға болмаса да, Қарқаралыға көшсек дейді. Тағдырына ешқандай шағымы жоқ бірінші топ мүгедегі шағын болса да пәтер армандап отыр. Рая әжей екеуінің ендігі елге артар үміті, аманаты осындай. Біздің де ақжүрек автомеханиктің, ғаламат дарын иесінің өз баспанасына қол жеткізетін күннің алыс еместігін ішіміз сезеді.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Ақбай-Қызылбай ауылы