Бүгін Астанада VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, Съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Конгреске қатысушылардың ұсынымдарына сәйкес, Съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, ол жүзеге асырылып жатыр.
«Аталған құжат біздің бейбітшілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл съезд жұмысына берілген жоғары баға. Алдағы мерейтойлық 80-ші сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.